Қазақ ұлтының ұл бала тәрбиесі
Предмет: | Информатика |
---|---|
Категория материала: | Тесты |
Автор: |
Меллат Мунарбек Меллатулы
|
Ұл бала тәрбиесі
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат – ата-ананың отын тұтатушы болып саналады. Қазақ отбасының ерекшелігі жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде. Қазақ отбасындағы үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілік, адамгершілік сезімдерін туғызған. Дұрыс бағытқа бағдарлау көп жағдайда абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ағаларына байланысты. Халқымыз ұл бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қай халықта болмасын, ұл бала тәрбиесі – әке меншігінде. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дей отырып, қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін алдарына үйретіп, оларды мерген, аңшы, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт етіп тәрбиелеген. Бала ес білгеннен бастап, оның құлағына «сен ертеңгі шаңырақ иесісің, болашақ әкесің, арқа сүйер жарсын, отбасының асыраушысысың, сондықтан да жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген сөздерді құйып отырған. Халқымыз ер баланың 12-15 жасынан бастап, оның алдында өмірдің дайындаған талай қиын-қыстау шақтары мен қуанышты сәттері бар екендігін ескере отырып, «Аты аталмаған жігіттен аты аталған төбе артық» деп намыстандыратын, «Айтсаң, үйде туып, түзде өлетін жігіттерді айт» деп таңдандыратын, «Өнерлі жігіт өрге озар, өнерсіз жігіт жер соғар» деп шамдандыратын, «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді», «Ерлік білекте емес, жүректе» деп қайраттандыратын, «Ақыл жастан, асыл тастан» деп сеніміне шек келтірмейтін, «Атадан ұл туса игі еді, ата жолын қуса игі еді» деп армандайтын еді халқымыз. Қазақтың ұлы ойшыл ғұламаларының бірі Ж.Баласағұни өзінің «Құтты білік» дастанында балаға тәрбиені отбасында бер, «ақ маңдайлы ұл-қыз туса, үйіңде өсір, бөтен жерде қалдырма» деп келер ұрпаққа өсиет ете отырып, баланы жас кезінен білім мен өнерге, еңбекке баулу арқылы жаны мен тәні сабақтас жетілген парасатты ұрпақ өсіретінімізді атап көрсеткен.
Ата-анасын аялай, құрметтей білген баладан жақсы азамат шығады. «Әкесін аман сақтап қалу үшін жанын қиған ұлдың өлімі – ең бақытты өлім болып табылады» – деген Баласағұнидың ұстазнамалық тұжырымдамасында осындай керемет ойлар жатыр. Шығыстың басқа ұлт өкілдерінің отбасындағы сияқты қазақта дүниеге ұл келсе, тұқымымыздың жалғасы, шаңырақ иесі туды деп ұлан-асыр, ат шаптырып той жасау күні бүгінге дейін сақталған. Дүниеге ұл әкелу әсіресе, әке үшін зор бақыт, үлкен мақтаныш. Қазақта бір кісі қайтыс болса, артында қалған баласы бар ма еді деген сауалы болады. Бар деген жауап естісе, «орнында бар оңалар» деп бата береді. Отбасындағы ер баланың өз орны бар. Мысалы, тұңғыш ұл – кейінгі іні-қарындастарының қамқоршысы, ата-анасының көмекшісі, оған «Ағасы бардың – жағасы бар» деп арқа сүйенген. Кенже ұл – шаңырақ иесі. Басқа балалар енші алып, бөлек отау құрып жатса да кенже ұл әке-шешенің қолында қалады. «Ұлға отыз үйден тыйым, он сан үйден сын» демекші, ер жігітке айтылар сын көп, қойылар талап жоғары. Халықтың дәстүрлі тәрбиесінде осы баға – «жігіт сыны» деп аталады. Қазақ халқының менің ұлым деп көкірек қағып, мақтаныш тұтар ұлының қандай болу керектігі туралы халықтың талғамына сай бейнеленеді: а) кескін-келбеті: «Еңсегей бойлы, өткір көзді, қара қасты, кең маңдайлы, қыр мұрынды, кең маңдайлы, кең иықты, жуан білекті, темірдей саусақты». ә) қадір-қасиеті: «Қырандай алғыр, сұңқардай өр, арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қасқырдай өжет, жау жүректі, жылқыдай мінезді, бұландай алып, сауысқандай сақ». б) қабілет-икемі: «Көсем жігіт» – ел басқаратын жігіт, «Шешен жігіт» – дау шешетін тұлға, «Батыр жігіт» – еліне қамқор, жауына алаберен жігіт, «Сері жігіт» – аттың жүйрігін мініп, иттің алғырын ертіп, қыранның қырағысын баптап, ат құлағына ойнап, ер қаруы – бес қаруды сайлап, мың құбылтып ән салып, күмбірлете күй тартатын өнерлі жігіт. «Жомарт жігіт» – дастарқаны берекелі, пейілі кең, өзі жайдары, «Палуан жігіт» – мойыны жуан, жауырыны қақпақтай, бұлшық еті темірдей, қимылы шапшаң, иненің көзінен өтердей епті, алып күш иесі. Осы аталған қадір-қасиеттерді бүгінгі ұландар бойына бойына дарыта білсек, онда зерделі де зейінді, өнерлі де талантты, жігерлі де қайратты, адал да парасатты елі-халқы сыйлайтын ер жігіттің келешегі жарқын, жолы ашық. Осы орайда ойға оларға берілетін тәрбиенің артықшылығы неде деген сұрақ оралады. Өйткені оларды бесік жырына құлағын қандырудан бастап, ауыз-әдебиеті мен ата-баба тарихына сусындатудан бірізділікпен ер балаларға негізделген тәрбиенің әдістемесінің жасалуы ер бала тәрбие маңыздылығын сезіндіріп қана қоймайды. Сондай-ақ, нәтиже де берері анық. Ал, керісінше, жалқаулықты серік етіп, жанын өтірікпен бағып, біреуді алдап, біреуді арбап, шыққан тегін білмейтін, отбасы түгілі өз басын да асырай алмай жүрген ерлерімізден қандай ұрпақ жалғастығын күтуге болады? Осындай керағар тәрбиеленген ұрпақ өкілдерінің тәрбиесіне кімді кінәлаймыз? Қоғамды ма, әлде ата-ананы ма? «Атадан тағылым алмаған ұл жаман, анадан өнеге көрмеген қыз жаман», «Атасыз ұл ақылға жарымас, анасыз қыз жасауға жарымас», «Бала тәрбиесі – бесіктен» деп түйіндей отырып, ер бала тәрбиесінің отбасында және мектепте қыздармен қатар берілуіне ерекше мән беріп, арнайы тәрбие бағдарламалары жасалуға тиіс. Өйткені, ер баланың дұрыс тағылым-тәрбие алуы, дүниенің сырын танып білуі отбасындағы ата-аналардың ақыл-кеңесі мен үлгі өнеге көрсетумен байланысты.
Тип материала: | Документ Microsoft Word (docx) |
---|---|
Размер: | 18.64 Kb |
Количество скачиваний: | 47 |