Коучинг сабақтары туралы рефлексивтік есеп

Предмет: Математика
Категория материала: Конспекты
Автор:

В 1.1. 1- бөлім. Тақырыпты негіздеу

Мен Қостанай қаласындағы М.Хәкімжанова атындағы №20 қазақ орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып қызмет жасаймын.

Жалпы кез-келген мектеп үшін оқуды бағалау мен оқытуды бағалаудың маңызды екендігін ескере отырып мен мектептегі тәжірибе кезеңінде мұғалімдермен өткізетін коучинг сабағымның тақырыбын «Оқу үшін бағалау және оқуды бағалау – заман талабы» - деп таңдап алған болатынмын. Себебі бағалаудың жаңа әдісінде оқушы бағаны қандай критерийлер бойынша алғанын, келесі сабақтарда қандай критерийлерге назар аудару керектігін ұғынады. Мұнда оқушының нәтижесімен бірге іс-әрекеті де бағаланады және оқушылар өзін-өзі бағалап, бірін-бірі бағалап, топтық бағалауда оқу үдерісінің белсенді мүшесі бола алады. Бұл оқушының сабаққа деген қызығушылығы мен алға қарай ұмтылысын тудырады. Егер де әрбір мұғалім өзінің сабақ үрдісінде бағалаудың жаңа әдісін қолданатын болса ол сыныптардағы оқу сапасының жоғарылауы сөзсіз. Сондықтан да бұл мектеп үшін де, мектепте жұмыс істейтін әрбір мұғалім үшін де маңызды. Мен коучинг барысында оқуды бағалау мен оқыту үшін бағалаудың, яғни қалыптастырушы және жиынтық бағалаудың, критерийлер арқылы бағалаудың мұғалімдер мен оқушылар үшін тиімділігін ашып көрсеткім келді.

Коучинг сабағыма алдын-ала ілінген хабарландыру бойынша мектебіміздің әртүрлі пәндерден сабақ беретін 20 мұғалімі қатысты.

2- бөлім. Коучинг сабағының сипаттамасы және оқытуды бағалау

Мақсатым: Оқу үшін бағалау және оқуды бағалау модуліндегі идеялармен таныстыру және тәжірбиеге енгізілуіне ықпал ету.

Сабақтың міндеті: бағалау түрлерін пайдалана отырып өзін-өзі бағалау, өзгені бағалау дағдысын қалыптастыру. Мәселелерді бірлесе шешуге, идеялармен алмасуға және қорғауға үйрету.

Коучинг барысында мен ең бірінші әріптестерімді дәстүрлі бағалаудың оқу үшін бағалау және оқуды бағалаудан айырмашылығымен таныстырдым. Бағалауды Реформалау Тобының (2002а) «Оқыту үшін бағалау – бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар және олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі» - деген анықтамасына сүйене отырып оқушылардың білімдерін бағалауда мұғалімдердің бағалау туралы өзгерістерді тәжірибелеріне енгізуіне көмек көрсетуді жөн көрдім.

Екінші кезеңде мен мұғалімдерді топқа бөліп алдым. Ол үшін алдын-ала қағаз қиындыларына әртүрлі сөздер жазып себетке салдым. Қиындыларды бір-бірлеп суыру арқылы алған сөздерінің мағыналарына қарай «Қазақтың салт-дәстүрі», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері», «Қазақстанның қалалары», «Қазақстанның атақты адамдары» болып мұғалімдер бес адамнан тұратын төрт топқа бөлінді.

Топ мүшелері сөздердің мағыналарына байланысты берілген сұрақтарды топ болып талқылап, постер дайындады.

Сұрақтар:

1. «Қазақстанның қалалары» – 2030 жылы Қостанай қаласы қандай болады деп ойлайсыз?

2. «Қазақстанның тарихи ескерткіштері» – Таңбалы тастағы жазулар мен суреттер нені білдіреді?

3. «Қазақстанның атақты адамдары» – Атақты адам болу оңай ма?

4.Қазақтың салт-дәстүрлері – Салт–дәстүрлердің тәрбиелік маңызы неде?

Топ мүшелері сөздердің мағыналарына байланысты берілген сұрақтарға негізінде постер дайындап қорғады. Постерді бағалау критерийі ретінде ақылдаса отырып постерлердің әсемдігі, мазмұныны, қорғаушының өзін-өзі ұстауы алынып, соған байланысты дескриптор құрып, бағалау парағына бағалар қойылды. Постерлерді топтар әрбір критерийі бойынша жеке-жеке бағалады. Бағалау нәтижесі бойынша бағалау парақшасына үлкендіктері әртүрлі жұлдызшалар жабыстырылды. «2030 жылы Қостанай қаласы қандай болады деп ойлайсыз?» - деген сұраққа жауап берген 1- топ «2030 жылы Қостанай қаласында құрылыс жедел дамып, көп қабатты үйлер көптеп салынады. Қостанай өз астығын шетелге экспортқа шығарып, экономикасы көтеріледі. Көшелерінде экологиялық таза көліктер жүретін болады» - деген пікірлерді постерлеріне бейнелеген болатын.

«Таңбалы тастағы жазулар мен суреттер нені білдіреді?» - деген сұраққа жауап берген 2-топ «Таңбалы тастағы жазулардың – сол дәуірдің қаламы мен қағазы, бір-бірімен байланыс құралы» - деген пікірлерді постерлеріне бейнелеп көрсетті. Бұл топтың қорғаушысы математика пәнінің мұғалімі Гүлбадан Әмір постерді қорғаудағы өзін-өзі ұстауы жағынан үлкен жұлдызға ие болды.

«Атақты адам болу оңай ма?» - деген сұраққа жауап берген 3- топ «Атақты адам атану қиын, ол үлкен еңбекпен келеді» - деген пікірді постерлеріне бейнелеп көрсетті. Олар спорт, әдебиет, өнер, ғылым саласындағы атақты адамдардың қандай сатылардан өтетінін кластер түрінде сызып көрсетті. Постерді қазақ тілі пәнінің мұғалімі Мәлікова Ақмарал қорғады.

«Салт–дәстүрлердің тәрбиелік маңызы неде?» - деген сұраққа жауап берген 4-топ «Қазақтың салт-дәстүрлері – тәрбие көзі» - деген пікірді постерлеріне бейнелеп көрсетті. Олар өздері білетін салт-дәстүрлердің тәрбиелік маңызын айтып өтті. Постерді орыс тілінің мұғалімі Әлденова Меруерт қорғады.

«2030 жылы Қостанай қаласы қандай болады деп ойлайсыз?» - деген сұраққа жауап берген 1- топ постерлердің әдемілігінен ең үлкен жұлдызға ие болды, себебі сурет тілінің мұғалімі Көшембаев Жолтай осы топтың мүшесі болған еді. «Таңбалы тастағы жазулар мен суреттер нені білдіреді?» - деген сұраққа жауап берген 2-топ постерлерінің мазмұндылығы жағынан үлкен жұлдызға ие болды. Соңғы екі топ кішірек жұлдызшаларға ие болды. Ал ұйымшылдығы жағынан барлық топтар бірдей ұпай алды.

Бұл тапсырма барысында топ мүшелері бір-бірінің пікірін тыңдауға, сыйлауға үйренді. Өз ойларын ашық, еркін айтуға, топтарды бағалауға қатыса алды. Әрбір топ жауап бергенде постер мазмұнын аша білудегі ойларының маңыздылығын айтып ауызша бағалап отырдым.

Жоспар бойынша келесі кезекте сергіту сәтін орындаттым. Сергіту сәтіне мұғалімдер қызығушылықпен қатысты.

Әріптестеріме постер қорғағаннан кейін көрсетілген бейнежазба қатты ұнады. Бейнежазбаны көргеннен кейін әр топ өз ішінде талқылады. Қатысушылар бейнежазбадан қазіргі кейбір отбасылардағы жасөспірімдердің өмірін, өзін-өзі ұстауын талқылады. Әрбір топ өздерінің пікірлерін ортаға салды. Төрт топтың мүшелері де: «Оқушының оқу үлгеріміне отбасы жағдайы тікелей әсер етеді»- деген қорытындыға келді. Соңынан көтерген пікірлердің маңыздылығына байланысты бағалау жүргізіліп, қорытынды шығарылды. Мұнда да, соңғы қорытындыда да 4-топ мүшелері озық болды. Бұл топ тарих, биология, география, сурет пәнінің мұғалімдерінен құралған болатын.

Қатысушылар стикерлерге сабақтан алған әсерлерін жазып, кері байланыс парағына жабыстырды. Қоучингке қатысқан мұғалімдерге сабақ барысындағы бағалау сәті мен топ болып постер қорғау өте ұнады.

Олар бұл туралы: «Маған бағалау мен топта жұмыс істеу өте ұнады!», «Тапсырмаларды көзбен көре отырып бағалау өте ұнады!», «Мне понравились такие моменты:

1.получение знаний;

2.ответы на вопросы,работая в группе;

3.познавательный фильм. Все хорошо!» - (бейнежазба) деп өз пікірлерін айтқан болатын.

Коучинг өткізу барысында болған кедергілерге тоқталатын болсам алғашында мен 5 топ болады деп есептеп, себетке 25 сұрақ салып қойған едім. Мұғалімдердің мектептен тыс жиналысқа кетуіне байланысты топтар саны 5-ке жетпей қалды. Ал менің бір сөйлемге қатысты бес сөзді себеттен алып тастауыма тура келді.

Коучинг соңында қатысушы мұғалімдер критерий бойынша бағалау мен топтық бағалаудың өздеріне ұнағандығын, алдағы уақытта оны өз сабақтарында пайдалануға ұмтылатындықтарын айтты. Мен өз әріптестеріме бірлесіп жұмыс істеуге әзір екендігімді айттым.

3-бөлім. Бағдарламаның идеяларына қатысты мұғалімдерді оқытуды бағалау

Коучинг сабағымның нәтижесінде мұғалімдердің оқу үшін бағалау және оқуды бағалаудың оқушы белсенділігін арттырып, оқу сапасының көтерілуіне тікелей қатысы бар екендігіне көздері жетті. Критерий бойынша бағалау мен топтық бағалау оқушының сабаққа деген ынтасының артуына жол ашады деп ойлаймын.

Болашақта мен өзімнің сабақ беретін сыныптарымда бірінші «Бетпе-бет» кезеңінде танысқан жеті модульді, формативті бағалаудың түрлерін іс-тәжірибеме ықпалдастыра қолданып отырсам, көптеген жетістіктерге жетемін деп ойлаймын.

В 1.2. 1- бөлім. Тақырыпты негіздеу

Мен мектептегі «Бетпе-бет» кезеңінде мектеп мұғалімдерімен өткізетін коучинг сабағымның тақырыбын «Диалог арқылы сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» - деп таңдап алған болатынмын. Бұл сабағымның барысында мен білім беру тәсілдерін жақсарту мақсатында қызығушылық танытқан мектеп мұғалімдеріне жаңа тәсілдерді үйретуге тырыстым. Оларға оқудың нәтижелілік дәрежесін арттыру арқылы жетілдіруге мүмкіндік беретін қажетті дағдыларды ұсындым.

Екінші коучинг сабағымда бірінші коучингке қатысқан бастауыш сынып мұғалімдері, жоғары сынып мұғалімдері аралас болды. Өткен сабақта коучингке қатысқан мұғалімдер сабаққа қызығушылықпен келді. Коучинг барысында мен әріптестерімді Александердің (2004) «Оқытудағы әңгімелесу – қарым-қатынас жасаудың бірсарынды үдерісі емес, керісінше, идеялар екіжақты бағытта жүреді және осының негізінде оқушының білім алу үдерісі алға жылжиды» - деген тұжырымымен және диалог барысында оған қатысушылар күтілген нәтижеге жету үшін Мерсер (2000) сипаттағандай білімді бірлесіп алуда немесе «пікір алмасу» барысында тең құқылы серіктестер болып табылатынын және пікір алмасудың әр уақытта диалог құру арқылы жүзеге асатынын айтып өттім (Мұғалімдерге арналған нұсқаулық, 41-бет).

Егер пікір алысуға түсушілер өз ойларын сыни тұрғыдан дәлелдеп жеткізсе, олардың талқылаулары жемісті болады. Олар талқылау барысында қадағалау жолымен алынған деректерге сүйеніп, алған дәлелдерді сыни тұрғыдан талдап, бағалауы керек.

2- бөлім. Коучинг сабағының сипаттамасы және оқытуды бағалау

Менің «Диалог арқылы сыни тұрғыдан ойлауға үйрету»

- деген тақырыпта өткізген коучинг сабағымның мақсаты - диалог арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамыту туралы түсінік беріп, өз ойын анық айтуға, айтылған ойларды саралай білуге үйрету мәселелерді бірлесе шешуге, идеялармен алмасуға және қорғауға үйрету.

Мен өз сабағымды бастамастан бұрын келген мұғалімдерді топқа бөліп алдым. Ол үшін алдын-ала қағаз қиындыларына әртүрлі сөздер жазып себетке салдым. Қиындыларды бір-бірлеп суыру арқылы сөйлемдер құрастырды (Меркурий Жерге ең жақын орналасқан ғаламшар; Ай-Жер, ғаламшарының табиғи серігі; Джомолунгма – ең биік тау шыңы; Байқоңыр космодромынан ғарышқа зымырандар ұшырылады). Бір сөйлемнің мүшелері болған мұғалімдер бес адамнан тұратын төрт топқа бөлінді.

Мен сабақ барысында “Ақылдың алты қалпағы” әдісін пайдаландым. Топтарға алты қалпақ иелерінің қалай ойлайтындықтарын түсіндіріп өттім.

Алты ойлау қалпағын Эдвард де Боно әзірлеген, ол әртүрлі шешімдердің ішінен шоғырландырылған ойды жеделдететін қосарлас ойлау үдерісін көрсететіндігін айтып, әр қалпақтың қызметін презентация арқылы түсіндірдім.(Үлестірме материалдар, Екінші апта).

Коучингімнің бірінші кезеңінде әрбір топқа өзіне берілген қалпақ түсіне сәйкес «Интернет» сөзінің мағынасын ашып, Эдвард де Боне әдісі бойынша постер жасауды тапсырдым.

Топ мүшелері алдымен талқылау, ақылдасу, пайымдау негізінде постердің мазмұнын келісіп алып постер салуға кірісті.

Ең алдымен "Сары қалпақтылар" – Интернеттің жақсы жақтары не? - деген тақырып бойынша ақылдасып, постер қорғады.

Постердегі пікірлері:

а) қажетті ақпарат алу;

ә) әлеммен араласа аламыз;

б) ізденіс мүмкіндігі;

в) қашықтықтан оқуға мүмкіндік береді.

"Жасыл қалпақтылар" – Интернеттің мүмкіндіктері не? - деген тақырыпта пікірлесіп, постер қорғады.

Постердегі пікірлері:

а) Ақпараттарды, жаңалықтарды үйде отырып оқу мүмкіндігі;

ә) Ұшаққа, пойызға, автокөлікке үйде отырып билет алу мүмкіндігі;

б) Терминалдармен байланысу мүмкіндігі;

в) Коммуналдық төлем төлеу мүмкіндігі;

г) Оқушылардың білім деңгейін анықтау мүмкіндігі;

д) Қашықтықтан оқуға мүмкіндік береді

"Қара қалпақтылар" – Интернеттің зиянды жақтары не? - деген тақырыпта пікірлесіп, постер қорғады.

Топ мүшелерінің пікірі:

а) интернеттің пайдасы мен зияны бірдей;

ә) көп пайдаланса адам денсаулығына зиян келеді;

в) уақыттарын босқа ойынға жояды;

г) кейде жалған ақпарат таратады;

д) хакерлер қаржыны немесе құжаттарды пайдаланып кетуі мүмкін;

е) вирустың кесірінен ақпараттар жойылып кетуі мүмкін.

"Көк қалпақтылар" – Интернет туралы айтылған ақпараттарды сараптап, қорытынды шығарып, постер қорғады.

Топ мүшелерінің пікірі:

а) интернеттің пайдасы мен зияны бірдей;

ә) көп пайдаланса адам денсаулығына зиян келеді;

в) ғылыми жұмыстар жүргізуге қажетті;

г) оқушылар интернеттен өздеріне қажетті емес ақпараттарды көруі мүмкін;

Әрбір топтың постерлерін алдағы коучинг сабақтарынан үйренген критериалды бағалау бойынша әсемдігіне, мазмұнына, қорғаушының өзін-өзі ұстауына байланысты бағалау парағына бағалар қойды.

Постерлерді топтар бірлесе отырып бағалады. Бағалау нәтижесі бойынша бағалау парақшасына үлкендіктері бірдей жұлдызшалар жабыстырылды. Постерлердің әдемілігі мен мазмұндылығына топтар бірдей баға қойды. Топтардың қорғаушылары да өзін-өзі ұстаулары жағынан үлкен жұлдыздарға ие болды. Ал ұйымшылдығы жағынан барлық топтар бірдей ұпай алды. Қорыта келгенде өткендегі бірінші коучингтегідей емес, топтардың бәрінің деңгейі шамалас және өте белсенді болды.

Жоспар бойынша келесі кезекте сергіту сәтін «Мен қазақпын!» әуенімен қимыл-қозғалыстар жасаттым. Сергіту сәтіне мұғалімдер қызығушылықпен қатысты.

Келесі кезекте мұғалімдерді бейнежазба көрсету арқылы сын тұрғысынан ойлауға бағыттаддым. Қатысушылар бейнефильмнің үзіндісін көру арқылы жалғасын өздері ойластырды ( Интернет дороже сына).

Бейнежазба көріп болғаннан кейін әрбір топ өздерінің ой болжамдарын айтты.

- "Сары қалпақтылар" – «Не ексең, соны орасың» дегендей, өскен соң баласы анасына қараспайды, мейірімсіз, қатігез болып өседі»;

- "Жасыл қалпақтылар" – Кезінде анасы баласының тәрбиесіне көп қарамады. Есейген соң баласы да анасына қараспайды», - "Қара қалпақтылар" – «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер», - "Көк қалпақтылар" – «Таспен ұрғанды аспен ұр»-деп оқиғаны жақсылықпен аяқтады. Маған "Көк қалпақтылар" тобының мүшесі, бастауыш сынып мұғалімі Өміржанова Анардың «Анасы кезінде өзіне қарамағандықтан өзінің көп мұңайғанын есіне түсіріп, керсінше анасына көп қарасады»- деген пікірі өте ұнады.

Ой болжам да соңынан бағаланып, қорытынды шығарылды. Кері байланыс кезінде қатысушыларға үстел үстінде алдын-ала дайындалған қызыл алма мен көк алманы «сабақ ұнаса» қызыл алма, «сабақ ұнамаса» көк алма жабыстыру ұсынылды. Егер алма ағашына көк алма жабыстырылған жағдайда түсінбеген сұрақтарға қайтадан жауап беруім керек болды. Бірақ алма ағашына тек қана қызыл алма жабыстырылды. Бұл сабаққа қатысқан мұғалімдердің барлығының тақырыпты толық түсінгендігін білдірді

Коучингке қатысқан мұғалімдерге сабақ барысындағы бағалау сәті, топ болып постер қорғау және «ой түрткі» өте ұнады. Олар бұл туралы: «Маған бағалау мен топта жұмыс істеу өте ұнады!», «Бейнефильм бойынша ой қорыту және тапсырмаларды көзбен көре отырып бағалау өте ұнады!- деп өз пікірлерін айтып кетті (бейнежазба).

3-бөлім. Бағдарламаның идеяларына қатысты мұғалімдерді оқытуды бағалау

Коучинг сабағының нәтижесінде қатысушы мұғалімдер жеті модульді ықпалдастыра отырып сабақ өткізудің өздеріне ұнағандығын, алдағы уақытта оны өз сабақтарында пайдалануға ұмтылатындықтарын айтты. Әсіресе қазақ тілі, орыс тілі, тарих, география, биология пәндерінің мұғалімдері сабаққа қызығушылықпен қатысып, «Бүгінгі сабақтан үйренгендерін тақырыпты талдау барысында қолдануға болады» - екен деп айтты. Биология пәнінің мұғалімі Байтемиров Мадияр өте қызығушылық танытып, танысу үшін Мұғалімдерге арналған нұсқаулықты сұрап алды. Мен өз әріптестеріме бірлесіп жұмыс істеуге әзір екендігімді айттым.

В 1.3. Коучинг жүргізу саласында алған біліміңіз туралы рефлексивтік есеп

Мен «Мектептегі тәжірибе» кезеңінде мектеп мұғалімдерімен «Оқу үшін бағалау және оқуды бағалау – заман талабы» және «Диалог арқылы сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» тақырыбында 2 коучинг сабағын өткіздім. Коучингке мұғалімдер қызығушылықпен қатысты. Бұл сабақтарды өткізудегі менің негізгі мақсатым - әріптестерімді жаңа форматтағы сабақ өткізу түрлерімен таныстыру. Коучинг барысында мұғалімдер топпен жұмыс, өзгені бағалау және өзін-өзі бағалау, сын тұрғысынан ойлау, постер қорғау, диалогтық оқыту және т.б. танысты. «Мектептегі тәжірибе» барысында пәнге байланысты сабақтардан басқа, өзім жетекшілік ететін 11 сыныпқа тәрбие сағатында "Ұлттық Бірыңғай Тестілеу" тақырыбына Эдвард де Боне әдісі бойынша талдау жасадық.

Мұнда оқушылар:

"Ақ қалпақтылар" - Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің енгізілу мақсаты не? - деген тақырыпқа ой бөлісіп, постер қорғады.

Топ мүшелерінің пікірі:

а) 11 жыл бойғы оқыған мәліметті қайталауға мүмкіндік;

ә) жоғарғы оқу орнына түсуге дайындық;

б) үлкен өмірге алғаш қадам жасау;

в) оқушылардың білім деңгейін анықтау;

"Сары қалпақтылар" - Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің жақсы жақтары не? - деген тақырып бойынша ақылдасып, постер қорғады. Бұл топта сабақтарда көп белсенділік танытпайтын Галиев Асхат деген оқушымның постер салуға белсенді араласқандығын байқадым.

Топ мүшелерінің пікірі:

а) оқушылардың білім деңгейін көрсету;

ә) білім деңгейін көтеру;

б) жоғарғы оқу орнына түсу мүмкіндігі;

в) мектеп сапасын көрсету;

г) талпыныс;

д) мүмкіндік;

"Қара қалпақтылар" - Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің жағымсыз жақтары не? - деген сұрақ бойынша ой бөлісіп, постер қорғады. Постердегі суреттерден олардың бойында алаңдаушылық бар екендігі көрініп тұрды. Осыған байланысты оқушыларға алаңдаушылық жойылғанда ғана жақсы нәтижелерге жету мүмкін деген ақыл-кеңестер берілді.

Топ мүшелерінің пікірі:

а) нақты білім көрсеткіші емес;

ә) оқушының психикасына кері әсер етеді;

б) ата-ана уайымы;

в) дайындауға кеткен ата-ананың шығыны.

"Жасыл қалпақтылар" - Жаңа форматтағы Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің мүмкіндіктері не? - деген тақырыпта пікірлесіп, постер қорғады. Үнемі сабаққа араласпайтын, сыныпқа өткен жылы келген Жұмабаева Мадинаның «жасыл қалпақтылар» атынан постер қорғауға шыққанына өзім таң қалдым. Яғни, мұны топтық жұмыстың ынтымақтастығының нәтижесі деп білемін.

Топ мүшелерінің пікірі:

а) екі есе қобалжу;

ә) екінші мүмкіндік беріледі;

б) барлық пәннен дайындаламыз;

в) жаңа мүмкіндіктер береді;

"Қызыл қалпақтылар" - Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге деген сезім, болжамдарың қандай? - деген тақырыпта ой қорытып, постер қорғады.

Топ мүшелерінің пікірі:

а) 125 ұпай алсам ғой!;

ә) қорқамын;

б) кезекші шығып кетсе ғой!;

"Көк қалпақтылар" - Топтарға бақылаушы, бағалаушы міндеттерін атқарды.

­ Қорытынды:

а) сабақта барлық топтар жақсы ойланып постер құрастырды;

ә) «ақ қалпақтылар» тобы мен «қара қалпақтылар» тобы постерлерін мазмұнды құрастырып, қорғады;

б) пікірталасқа барлық топ мүшелері ұйымшылдықпен қатысты.

«Маған сабақ өте қатты ұнады, рахмет!», «Сабақ өте қызықты өтті, бірігіп жұмыс істедік!».

Маған «Мектептегі тәжірибе кезеңінде» әріптестерімнің коучингке қызығушылықпен қатысулары өте ұнады. Коучинг мұғалімнің іс-қызметін жетілдіріп оларға өз мүмкіндіктерін пайдалануға көмектеседі. Мұғалім өз білімін үнемі жетілдіріп тұрғанда ғана оқушылардың сұранысына, құрметіне ие болады. Жаңа форматпен өткізілген сабақтар оқушылардың қызығушылығын тудыруда. Сондықтан да мен алдағы оқу жылында коучингті тек сабақ барысында ғана емес, сынып жиналысында, ата-аналар жиналысында, семинарларда, ашық сабақтарда пайдаланғым келеді.

Коучинг үдерісі білім алушыларда нақты дағдыны қалыптастырып, дамудың белгілі бір бағыттарын қарастыруға, нақты мәселелерді шешуге бағытталады. Бұл туралы Мұғалімдерге арналған нұсқаулықта: «Коучинг – оқудың нәтижелілік дәрежесін арттыру арқылы оны жетілдіруге мүмкіндік беретін үдеріс. Табысқа жету үшін тренерлер үдерісті білуге және түсінуге, сондай-ақ коучинг жүзеге асырылатын мәнмәтінге сәйкес келетін стильді, дағдылар мен әдістемелерді меңгеруі керек» (62-бет), - деп жазылғандай, үйренудің ең тиімді тәсілі - басқаларды үйрету екенін ұқтым.

Коучинг сабақтарының басты мақсаты - әріптестерді оқыту, сол арқылы оқытудың тиімділігін арттыру, оқушылардың белсенділігін жетілдіру болып табылатындықтан біз алдағы оқу жылында бірлесе отырып мектепте коучинг сабақтарын өткізетін боламыз. Бұл бізді жаңа табыстарға жеткізеді деп сенемін.
Тип материала: Документ Microsoft Word (doc)
Размер: 5.32 Mb
Количество скачиваний: 13
Просмотров: 170

Похожие материалы