Курстық жұмыс: Демеулік шылауларды контекст тұрғысынан зерттеу

Предмет: Начальные классы
Категория материала: Конспекты
Автор:

КІРІСПЕ

 

      Зерттеу  тақырыбының өзектілігі. Қазіргі қазақ тілінде сөз таптарының арасында ең аз қарастырылғаны шылаулар, соның ішінде- демеуліктер. Олардың өздері жалғанған сөздерге қосымша мән үстейтіндігі және мағыналық топтарының аты аталып, санын айтумен шектеліп, функционалдық сипатына жете назар аударылмады.

      Демеулік шылаулардың атаушы сөздерге үстейтін қосымша мәндерінің үнемі тұрақты болмай, өздері жалғанған сөздердің мағынасына орайласып өзгеріп отыруы, олардың сөйлем құрамында атқаратын қызметі және мәтіннің жалпы мазмұнына қосатын үлесі т.б. сияқты көптеген сұрақтар да өз шешімін таппаған. Сондықтан демеулік шылауларды контекст тұрғысынан зерттеу өзекті мәселелердің бірі екендігіне дау жоқ.

Нормативтік грамматиканың құрамында демеулік шылаулар лексикалық мағынасының солғындығымен, сөйлем мүшесі болуға қабілетсіздігімен сипатталып, көмекші сөздердің құрамында ғана сөз болады. Функционалды грамматика саласы соңғы жылдарда зерттеушілердің ғылыми зерттеу жұмыстарының өзегіне айналып жүр. Орыс тіл білімінде бұл туралы тіл ғалымдарының еңбектері жүйеленген, ал қазақ филологиясында мәселе енді ғана қолға алынып жүр. Бұл- мәселенің өзектілігін арттыра түседі.

Демеуліктер тілдегі белгілі бір грамматикалық категориялардыңжасалуында маңызды рөл ойнаса, екінші жағынан модальдік мән беруге қажетті элемент болып саналады. Сондықтан демеуліктер лексикалық жағынан да, грамматикалық жағынан да зерттеуді қажет етеді.

 Демеулік шылаулардың атқаратын қызметтерінде де өзіндік ерекшеліктер бар. Сондықтан олардың қолданыстағы қызметі жағынан өзгешеліктерін де қарастыру қажет.

       Зерттеудің мақсаты. Қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың мазмұн құраудағы рөлін, оның қолданыстағы мағынасы мен қызметін айқындау зерттеу жұмысымыздың мақсаты болып табылады. Оған жету үшін мынадай міндеттерді шешу көзделді:

-          шылау сөздердің, соның ішінде демеулік шылаулардың қолданыстағы мағынасы мен қызметінің өзіндік ерекшеліктерін анықтау;

-          демеулік шылаулардың даму, қалыптасу тарихына тоқталу;

-          демеулік шылауларды топтарға бөлудің негізгі принциптерін айқындау;

-          көмекші сөздердің кейбір негізгі белгілерін атаушы сөзге қойылатын белгілермен салыстыру;

       Зерттеу нысаны. Қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың даму, қалыптасу жолдары- зерттеудің басты нысаны.

       Зерттеу әдістері. Жұмыстың мақсаты мен міндеттеріне орай түсіндіру, материалдарды түйіндеу, тұжырымдау, жүйелеу, сипаттау, жинақтау, салыстыру, талдау әдістері қолданылды.

       Зерттеудің әдістемелік негізі.  Р.С.Әмір,Ф.Кенжебаева, А.Т.Карымшакова,

С.Исаев, А. Ысқақов, М.Оразов, Ы.Шақаманова, Ғ.Мұсабаев, Қ.Жұбанов сынды тілші ғалымдардың теориялық тұжырымдары басшылыққа алынды.       

       Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық мәні: Демеуліктердің қолданыстағы мағынасы мен қызметін зерттеу барысында алынған нәтижелерді көмекші сөздердің табиғатын анықтаған, шылауларды топтастырған теориялық еңбектердегі тұжырымдарды толықтыруда пайдалануға болады. Демеулік шылауларды орынды қолдана білуде жұмыстың практикалық мәні анықталады. Демеулік шылаулардың грамматикалық формалары, оның мағыналық топтары тілдің мазмұнды жеткізу өрісіне жатады.

        Зерттеу жұмысының жаңалығы:

-          қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың даму, қалыптасу жолдарымен

байланысты көп қырлы зерттеу мүмкіндіктері анықталды;

-          қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың лексика-грамматикалық, морфологиялық, ерекшеліктеріне орай олардың қолданыстағымағынасы мен қызметі анықталады;

-          демеулік шылаулар сипатына қарай топтарға бөлініп, сөйлеу мазмұнының қайнар көздері белгіленеді.

         Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

-          Демеулік шылаулар сөз табы ретінде емес, атаулы сөздерге аналитикалық форма беруші амал ретінде жұмсалады.

-          Демеулік шылаулардың бастапқы лексикалық мағынасы көмескіленіп, өздеріне тән дербестігінен айрылып, көмекші сөздер қатарына өтуіне грамматикалық абстракция тікелей әсер еткен.

-           Морфологиялық ерекшелік жағынан демеулік шылаулар түрленбейді, сөз табының түгелімен тіркесе бермейді.

-          Тілдік нормаға сәйкессіздігі- демеуліктердің қосымшаға айналу мәселесі, кейбір демеуліктердің жіктік жалғауын қабылдап басқа сөз таптарының қызметінде көрінуі де жоқ емес.

-          Шылаулардың басты қасиеті сөздермен тіркесіп келгенде нақтыланады.

     Зерттеу жұмысының құрылымы:

Жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңынан пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.

 

1. ЖАЛПЫ ШЫЛАУЛАР ТАРИХЫ

 

1.1. Шылаулардың бір сөз табы аясында біріктірілуі.

Қазақ тіл білімінде қалыптасқан сөз таптастырудың үш принципі бар:

1.      семантикалық,

2.      морфологиялық,

3.      синтаксистік.

Семантикалық принцип бойынша сөздің лексикалық мағынасына қарайды, морфологиялық принцип бойынша сөздің түрлену жүйесін басшылыққа алады, ал синтаксистік принцип бойынша сөздің қай сөйлем мүшесі  болуына сүйенеді.

Бұл орныққан түсінікті өзгерту туралы басқа пікір бола қойған жоқ. Тек қазақ тілі үшін қай принцип жетекші болуы керек дегенде ғана аздаған пікір алшақтығы кездеседі. Қ.Жұбанов жетекші орынға семантикалық принципті, екінші орынға морфологиялық принципті, үшінші орынға синтаксистік принципті шығарады. [1,89]. 

С.Аманжоловтың бұл мәселеде Қ.Жұбановпен пікірлестігі көрінеді. [2,20].  А.Ысқақов та үш белгінің де қажеттігін ескере отырып, «кейбір сөз табын анықтау үшін белгінің (принциптің) үшеуін де бірдей қолдану керек болса,  кейбір сөз таптары үшін  екі немесе бір белгіні ғана қолдануға болады. Ал егер бір белгі ғана  болса, ол тек семантикалық белгі болуға тиіс. Олай болатын себебі – сөзді сөз деп тануға таяныш болатын белгі – оның семантикасы» − дейді. [3,102]. 

1968 жылы жарық көрген «Қазақ тіліндегі сөздер мен таптарының морфологиялық құрылысы» атты еңбегінде Т.Ерғалиев қазақ тілі сөздерін алдымен:

- негізгі сөз таптары,

- көмекші сөздер,

- азат сөздер

деп үлкен үш топқа бөледі, ары қарай олардың бірнешеуінің басын қосатын сөз таптары да пайда болады. Ғалым негізгі сөз таптарының бірінші тобы ретінде есімдер тобына етістікті, көмекші сөздерге шылауларды жатқызса, азат сөздер тобы ретінде модаль сөздер мен одағайларды атайды. [4,32]. 

А.Ысқақов сөз табын ажыратуда сөз тудырушы жұрнақтарды да (әр сөз табының) морфологиялық белгісі ретінде қолданған. [3,60].

С.Исаев сөзжасамға қатысты тілдік материалдарды талдау арқылы бұл пікірді жоққа шығарады. «...Кез келген сөзжасам қосымшасы тек бір ғана сөз табының шеңберінде өмір сүрмейді, бір ғана сөз табының грамматикалық көрсеткіші бола алмайды. Айталық, -шы,-ші қосымшасы тілімізде қаншама жаңа туынды жасаса да, біріншіден, тек зат есім түбірге ғана жалғанып қоймайды, етістік түбірге де (жасау-шы, жарату-шы, қанау-шы тап) жалғану мүмкіндігі бар. Тіпті бір қосымшаның семантикалық сипатына салмайтын фактілер де бар: -ық, -ік, -к қосымшасы, бір жағынан есім (зат есім, сын есім, т.б.) түбірге жалғанып, соған қатысты нақты қимылды білдіретін сөз тудырады, семантикалық жалпылануы арқылы ол сөз етістік болады: қыз-ық (бірдеңеге қызығу), тар-ық, жол-ық, тоб-ық, бір-ік, көз-ік, т.б. екінші жағынан, қимылды білдіретін (етістік)   түбірлерге жалғанып қимылдың атауы, қимылдың нәтижесі мәніндегі сөздер жасайды да, олар я зат, я сын есім болады: қыз-ық, (қызық іс дегенде), толық, аш-ық, өл-ік, жас-ық, сал-ық, бөл-ік т.б. бұндай қосымшалар саны бірқыдыру» − дейді ғалым. [5,18]. Соңғы жылдары қазақ тілі біліміндегі сөз таптары теориясына елеулі жаңалық енгізген де С.Исаев болды. Ғалым ең алдымен, қазақ тіл білімінде:

-   грамматикалық мағына,

-   грамматикалық форма,

-  грамматикалық категория

секілді грамматикалық ұғымдарды дәрежесіне сай нақты анықтаған.

Исаев қорытынды пікір ретінде қазақ тіліндегі он сөз табын көрсетеді:

1. Зат есім                              6. Етістік

2. Сын есім                           7. Еліктеу сөздер

3. Сан есім                            8. Шылаулар

4. Есімдік                              9. Одағай

5. Үстеу                                 10. Модаль сөздер

Модаль сөздер секілді сөз табы ретінде бірде танылып, бірде танылмау қазақ тілі білімінде белгілі дәрежеде шылау сөздерге де қатысты болмақ болды. Қазақ тілі сөздерін түрлі топқа жіктеген В.Г.Кондратьев, . [6,21].  И.М.Тронский. [7,31].  сияқты орыс түркологтары еңбектерінде союз, послелог (кейде частица) деген атпен шылау сөздердің түрлері жеке-жеке сөз табы ретінде берілгені мәлім. Сөз таптарын алғаш рет қазақ тілінде жүйелеген А.Байтұрсынов та союз, послелогтарды тиісінше жалғаулық, демеулік деп атап, бөлек-бөлек сөз таптары ретінде таниды.[8,86]. Ал, 30-жылдардағы Қ.Жұбанов, С.Жиенбаев, С.Аманжолов еңбектерінен бастап, бұлар шылау сөздер деген ортақ атпен біріктіріліп, бір сөз табы ретінде анықталды. Ал, 50-жылдар аяғы мен 60-жылдар ішінде шылау сөздердің түрлерін жеке сөз таптары ретінде тануға қайта ықылас болғаны байқалды.

1955 жылы Р.Әміров жалғаулықтарды, 1964 жылы Ф.Кенжебаева септеуліктер мен демеуліктерді кандидаттық диссертация деңгейінде зерттеп, қорғады. 1967 жылы жарық көрген академиялық грамматикада жалғаулық, септеулік пен демеуліктердің әрқайсысы жеке сөз табы ретінде қаралады. Тілімізде бір алуан сөз лексикалық мағынадан айырылып, сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің арасындағы қатынасты білдіру үшін немесе сөзге қосымша мағына үстеу үшін жұмсалып, грамматикалық мағына болмағанымен, өздеріне тән, қызметіне тән мағыналары бар. Ол-–абстрактылы грамматикалық мағына. Мағынасындағы, жұмсалуындағы осы ерекшеліктері ескеріліп бұл сөздің құрамындағы айрықша бір топ, сөздердің айрықша түрі ретінде дараланып шылаулар деп аталады. Шылау деген атау бұл сөздерді сөз табы ретінде емес, сөздік қордағы өзара грамматикалық ортақ сипаты бар ерекше түр, топ екенін атайды. Шылаулар сөз тіркестерін құрауға тең компонент болып қатынаса алмайды, өзіне жалғау, жұрнақ жалғамайды. Бұлар атаулы сөздерге аналитикалық форма беруші амал ретінде жалғасады.

Осындай ортақ сипаты негізінде бір топ болып танылған шылау сөздер сөз табына қойылатын талаптар (критерий) тұрғысынан саралағанда, өзара мына үш тапқа бөлінеді:

1.      Септеуліктер.

2.      Жалғаулықтар.

3.      Демеуліктер.

Сөз таптарының қатарына шылаулар осы тапқа сай дараланып енеді – делінген онда. [8,86]. Алайда қазақ тілі білімінің кейінгі дамуы барысында бұл тұжырым орныға алмады, яғни қазіргі кезде жалғаулық, септеулік, демеуліктер біріктіріліп, шылау сөздер атауымен бір сөз табы ретінде белгілі. Жалпы шылау сөздер түрлерінің әрқайсысының бірде жеке-жеке сөз таптары ретінде, бірде бәрі біріктіріліп, бір сөз табы ретінде танылуы, бізше, қазақ тілі біліміндегісөзтаптастыру теориясының даму жағдайына тікелей байланысты.

XIX ғасырдың екінші жартысындағы жоғарыда аталған орыс түркоглогтары мен XX ғасыр басындағы А.Байтұрсынов еңбектерінде шылау сөздер түрлерінің жеке-жеке сөз таптары ретінде танылулары зерттеу авторларының қазақ тілі сөздерін таптастыру барысында семантикалық принципті ғана басшылыққа алуының нәтижесі болды. Ал, XX ғасырдың 30-жылдарынан бастап, қазақ тілі білімінде сөз таптастырудың семантикалық, морфологиялық, синтаксистік принциптерінің енуіне байланысты жалғаулық, демеулік, септеуліктердің ортақ морфологиялық, синтаксистік белгілері анықталып, бір сөз табы аясында біріктірілді.

1.1.   Демеулік шылаулардың  зерттелу мен қалыптасу жолдары .

         Түркітану саласында осыған дейін руникалық жазба ескерткіштер тіліндегі шылау сөздер арнайы ғылыми зерттеу ретінде алынып қарастырылмаған. Дегенмен тіл ғылымындағы XІX ғасырдың екінші жартысынан бастап бой көрсете бастаған еңбектерде түркі танушы ғалымдардың азды – көпті пікірлері мен әртүрлі көзқарастары бар. Бірақ олар алғашқы зерттеулердің бірі болғандықтан, тіл даму эвалюциясына байланысты кейбір пікір көзқарастары қазіргі түркі тілдес тілдер жүйесіне сәйкес келе бермейді. И.Гиганов «Грамматика татарского языка»,М.Казем –Бек «Общая грамматика турецко-татарского языка», «Алтайтілдері грамматикасы», П.Мелиоранский «Краткая грамматика казак-киркизского языка», М.Терентьев «Грамматика турецкого, персидского, киргизского и узбекского языка» деген еңбектерде әрбір жеке сөз табын көбінесе ғылыми жағынан гөрі, жалпы сипаттамалық тұрғыдан қарастырған. Тілдің әрбір тарихи кезеңіндегі күйін білдіретін жазба материалдар тіл тарихының шежіресі және негізгісі болып саналады. Мәселен,  қазіргі қазақ тіліндегі бір шама шылау сөздердің архетиптері    Орхон –Енисей жазба ескерткіштер тілінде кездеседі. Бұндағы айғақ – қазақтың ана тілі өзімен бірге туып, бірге өсіп, дамып келеді деген сөз. Шылаулардың дербессөз табы болып қалыптасуына байланысты айтылған пікірлерге келетін болсақ, жалпы тіл білімі саласындағы көптеген лингвистикалық түсініктер тәрізді сөз табы туралы ұғым өзінің шығу төркінің көне антикалық дәуірден бастайды. Сөз табы жөніндегі алғашқы түсінік біздің дәуірге дейінгі 4 ғасыр шамасында есім сөздер мен етістіктерге қатысты қалыптасқан деген пікір бар [9,56]. С.Мұхтаров : «Үнділердің ұзақ мерзімдік тіл туралы толғамдарының нәтижесі біздің эрамызға дейінгі 4 ғасырда өмір сүрген Панинидің еңбегінде толық көрініс тапты. Ол еңбегінде санскриттің толық жүйесін бере отырып, алғаш рет сөз таптарын ажыратты. [10,16]. Кейінгі үнді ойшылдары Яска, Вапаруди, Катяанна, Патандыжалилер Панини салған ізбенжүрді.

Бұлар тілдегі сөздерді негізінен төрт сөз табына ажыратты:                                                                                                  -  есім

- етістік

- сөз алдына қойылатын көмекші сөздер

- демеулік

деп шылаулардың алғаш сөз табы болғандығынан түсінік береді [10,16]. Мұны Б.Базылханның алтайлық тектілердің дәуірлік долбарымен топшыласақ, «күрделі сөз дәуірінде» абстракт сөздер қалыптаса бастаған дегенімен тұспа-тұс келеді [11,32]. Ал М.Оразовтың қазақ тілінің тарихи даму жолын үш дәуірге бөлгенімен есептесек, соның біріншісі «тарихқа дейінгі дәуірмен» немесе Н. А. Баскаковтың «Алтай дәуірімен » сәйкеседі [12,35]. Шылау сөз табы- даму барысында көптеген ғасырлар бойғы тілдік процестерді басынан кешірген туындытарихи категория. Олай дейтін себебіміз, қазіргі түркі тілдеріндегі кейбір шылау сөздердің құрамындағы аффикстер шығу тегі жағынан алғанда, сөздің түбірінен ажыратып алуға келмейтін дәрежеге жеткен де, түбірге сіңісіп бір тұтас бөлінбейтін бөлшек болып келеді.Осындай түбір мен қосымшаның жымдасуынан, яғни транспозициялық тәсілдің нәтижесінде шылаулар қалыптасқан. Тарихи шығу төркіні жағынан алып қарағанда, шылау сөздердің бәрі дерлік атауыш сөздерден, демек әуелдегі дербес мағыналы есімдерден, етістік формаларынан шыққан. Бұл процесс тілдің белгілі бір даму тарихында кейбір есім, етістік формаларынан бастапқы лексикалық мағыналары бірте-бірте қолданыста солғындап, әр алуан грамматикалық мағыналарға ие болуының нәтижесінде қалыптасады.                                                               

       Жалпы шылаулардың дамуында көне түркі, орта ғасыр, қазіргі түркі тілдерінде

кездесетін  негізгі ортақтық – етістіктің көсемше формалары мен есімдерге тән формалар арқылы көнеленіп шылаулану процесіне өтуі. Содан барып, біртіндеп тіл дамуында өзінің қолданылу аясына байланысты шылау сөз табының құрамына енген. Бұл сөз табы ретінде түркі тілдерінде басқа сөз таптарынан кенже қалыптасқан. Олардың сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысы тілдің ғасырлар бойындағы тарихи даму барысында әр түрлі өзгерістерге ұшырап отырған. Бұдан жалпы сөз таптарының бірден пайда болмай, тілдің тарихи дамуы барысында біртіндеп жасалатындығын шылаулардың сөз табы ретінде қалыптасуынан –ақ айқын көруге болады. Осылайша дамудың, қалыптасудың барысында сөздердің топтары сараланып, грамматикалық тұрғыдан сөз таптарына бөлінеді. Олардың әрқайсысы өзіндік жалпы категориялық мағынаға ие. Себебі тіл - тілдегі әрбір сөздің белгілі бір мағынасы мен атауы болады. Сөздердің лексика – грамматикалық топтары бір – бірінен жалпы категориялық мағынасы мен белгілері жағынан ажыратылады. Шылау сөздердің лексикалық мағынасынан гөрі, грамматикалық мағынасы басым болатындығы тілғылымында айтылғанпікір. Олар тек тіл-тілде алуан түрлі грамматикалық мағыналарды білдірудің тәсілі ретінде қолданылады.     Бұл- оның басқа сөз таптарынан ерекшелінетін басты қасиеті. Екінші бір қасиеті көмекші сөздер қатарына шылау сөздерден басқа көмекші есім, көмекші етістік және бейтарап сөздер жатады. Бірақ солардың ішінен жалпы категориялық мағынаны иеленген лексемалар тек шылау сөздер ғана. Көне түркі руникалық жазба ескерткіштер тіліндегі шылауларды туыстас түркі тілдердегі шылаулармен салыстырып қарағанда, оның ішінде тең жартысының астамы қазақ тілімен сәйкес келетіндігі байқалады. Кейбір аздаған фонетикалық ерекшеліктері болмаса, лексика- грамматикалық сипаты жағынан сабақтасады. Қазақ әдеби тілін зерттеуші ғалымдар әдеби тіліміздің тарихын 2- ғасырдан бастауымыз керек деп дәлелдейді. Қалай дегенмен де қазақ тілі тарихының тамыры ежелгі дәуірде жатқандығын аңғартады. Көне түркі руникалық жазбалардағы шылау сөздер саны жиырма шақты. Соның тең жартысы лексика - грамматикалық жағынан еш өзгеріссіз қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүр. Шылаулану үрдісі- транспозиция тәсілі арқылы жүзеге асады. Ол ұзақ жылдар бойы сұрыпталып, лексика- грамматикалық және қолданылу аясы жағынан әбден өрістеп, ерекшеленіп қалыптасады. Олардың бастапқы лексикалық мағыналары көмескеленіп өздеріне тән дербестіктерінен айырылып, көмекші сөздер қатарына өтуіне грамматикалық абстракциятікелей әсер еткен. Сол себепті шылаулардың грамматикалық мағыналары лексикалық мағыналарынан әлдеқайда басым түсіп отырады.

 Сонымен тіліміздегі сөз қазынамызда бар біраз сөздер өзінің лексикалық мағынасынан гөрі грамматикалық мағынасынан басым болып сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің арасындағы қатынасты білдіру және қосымша мағына үстеу үшін жұмсалады. Осындай грамматикалық амал ретінде қызмет атқаратын лексемелер тобы түркі тілдеріне ортақ мұра руникалық жазба ескерткіштер тілінде категориялық мағынаны иеленетін шылау сөздер негізін қалаған. Тіл ғылымында ғалымдар тарапынан шылау жайында жалпы ұғым категориялық мағынаға ие болғанға дейін өзіндік болжамдар болды. Кейбір ғалымдар шылауларды арнайы сөз табына жатқызады. Ф.Буслаев, П.Давыдов, А.Потебня шылауларда өзіндік лексикалық мағынасы болмағанмен аффикстен ерекшеленетін белгілеріне және сөздерді топтастыру шарттылықтарына байланысты жеке сөз табы болу керектігін түсіндіреді. Шылауды жеке сөз табы ретінде қарау керек деген критерии А.Доблаштың еңбегінен кейін ғана іске асты деп қырғыз ғалымы А.Т.Карымшакова өз зерттеуінде атап көрсеткен болатын . Жалпы шылаулардың кеңес түркологиясы кезеңінде жеке бір тарау ретінде қаралатындығы белгілі. Қазақ тіл білімінде «шылау » атауымен сөз табы есебінде А.Байтұрсыновтың «Тіл құралы» атты еңбегінен басталады. Мұнда шылау сөздер аффикс деп қаралмай, сөз таптары қатарында болған. Ы.Шақаман өз зерттеуінде шылаулардың аффикске айналу қасиетінің барын жоққа шығара алмайтындығын айта кеткен [13,14]. Жалпы Орхон-Енисей және Талас жазба ескерткіштер тілімен қазіргі қазақ тілі аралығында 16 ғасырлық айырмашылығы болғанымен, екі тілде де бар шылауларды алып қарасақ, соншалықты алшақтық жоқ.

Кесте 1. Руникалық көне түркі ескерткіштер тіліндегі қазіргі қазақ тіліндегісімен салыстырылуы.

Көне т. тілі

үчун

тегі

сайу

өк/оқ

кісре

кідін

өтрі

Та/да

ба/му

Қазақ тілі

үшін

дейін

сайын

ақ

кейін

соң

Да/де

Та/те

ма/ме

па/пе

Тип материала: Документ Microsoft Word (doc)
Размер: 389 Kb
Количество скачиваний: 32
Просмотров: 151

Похожие материалы