Қыз сыны байқауының жоспары

Предмет: Классному руководителю
Категория материала: Другие методич. материалы
Автор:

Қыз сыны байқауы
Мақсаты:
1. Қыздарды халқымыздың ізгі қасиеттері: имандылық, инабаттылық, ізеттілік, ісмерлік т.б. негізінде тәрбиелеу.
2. Әр қыз баланы парасатты, жан – жақты білімді болуға, әсемдік, сұлулық әлемін түсінуге тәрбиелеу. Табиғат сыйлаған қасиеттерінің ашылуына көмектесу.
І жүргізуші:
Құрметті аналар, ұстаз аналар, бойжеткен арулар, бүлдіршін қыздар! Сіздерді көктемнің ең алғашқы мерекесі 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймын! Қазақ қызы десе ашық, бірақ жүзінде ұяңдық бар, әдепті, инабатты жан елестейді. Бүгінде сол әдепті де әдемі, инабатты да мейірімді ару қыздарымыз сынға түскелі тұр.

Байқаудың шарттарымен таныстыру
1. «Мен қазақтың қызымын» таныстыру
(қатысушылар өздерін осы сөзбен, өлеңмен, әнмен таныстырады)
2. «Қыз еркем –өнерімен көркем»
(Әр қыз өзінің қолынан келетін бір ісмерлік өнерін көрсетеді)
3. «Іші – алтын, сырты – күміс сөз төресі»
(мақал – мәтелдер бойынша сұрақтар қойылады)
4. «Сұлулық сыры»
(шаш, сән үлгілері)
5. «Өнерлінің өрісі кең»
(Өз өнерлерін көрсету)

6. «Зерделінің ойы озық»

(салт – дәстүр бойынша сұрақтар қойылады.)

ІІ жүргізуші:

Мен қазақ қыздарына қайран қалам,

Жанары жаны жаздай жайраңдаған.

„Қыз өссе - елдің көркі" деген сөзді,

Қапысыз қалай айтқан қайран бабам.

І жүргізуші:

Мың бұралған арулар аңдап басып,
Келеді міне ортаға толқып тасып
Аруларын сыйлаған, халқым менің,
Көңілді қошеметпен қарсы алайық!
(Арулар ортаға шығады)
ІІ жүргізуші:
Ал, халайық, аруларға тамсанайық,
Қыз қылықты дегенге ән салайық.
Атына заты сай аруларға
Тағы да бір қол соғып қарсы алайық.

Ендігі кезекте сайысқа қатысушы арулар өздерінің реттік нөмірлерін таңдап алып, сол бойынша сынға түседі.
Бойжеткен арулар келіп жетті танытуға,
Бойындағы бар дарынды дарытуға.
Қорықпастан сахнаға келіп жетті,
Әдеппен, ізетпенен танысуға.
ІІ жүргізуші:
Бұл сайыста үзеңгі қағыстырып,
Көрейік, ару қыздарды жарыстырып.
Бұл залда білетін бар, білмейтін бар,
Әрбір ару көрсін өзін таныстырып.

І жүргізуші:
Байқаудың І кезеңі «Мен қазақтың қызымын».
Таныстыру бөлімі бойынша ару қыздарымыз өздерін осы сөзбен бастап, өлеңмен, әнмен таныстырады. Әділ – қазылардан арулардың бағасын күтеміз

ІІ жүргізуші:

Өнері өрге жүзер, таңғалмаңыз!
Таланты талмай ұшар, таңғалмаңыз!
Таңғажайып әлемі - өнер аты,
Шарпып өтсін лебімен, таңғалмаңыз!
Ал енді аруларымыз көрермендерді өздерінің қолөнерлерімен таңғалдыруға асығады.
Байқаудың ІІ кезеңі «Қыз еркем –өнерімен көркем»
Бұл кезеңде Әр ару қыз өзінің қолынан келетін бір ісмерлік өнерін көрсетеді және қалай жасалғаны туралы әңгімелейді.
Әділ – қазылардан арулардың бағасын күтеміз
І жүргізуші:
Пір тұтқан адамдықты, адалдықты,
Көркімен таң қалдырған тамам жұртты.
Қыздардың қылығымен өмір қызық,
Қыздардың ғұмырымен заман құтты – дегендей байқаудың ІІІ кезеңі «Іші – алтын, сырты – күміс сөз төресі» деп аталатын кезеңіне де келіп жеттік.
Бұл кезеңде мақал – мәтелдер бойынша сұрақтар қойылады, яғни мен сіздерге мақал- мәтелдердің бір тармағын айтамын, сіздер жалғасын табасыздар.

1. Ана алдында құрмет, Ата алдында қызмет.

2. Ананың сүті — бал, Баланың тілі — бал.

3. Анаңа ауыр сөз айтпа, Атыңа ауыр жүк артпа.

4. Анаңды Меккеге үш арқалап апарсаң да қарызынан құтыла алмайсың.

5. Ана сүті бой өсіреді, Ата тілі ой өсіреді.

6. Анасыз өмір — сөнген көмір.

7. Тіліңмен жүгірме, біліміңмен жүгір.

8. Білімдіге дүние жарық, Білімсіздің күні кәріп.

9. Дұшпан күлдіріп айтады, Дос жылатып айтады.

10. Отан үшін күрес, Елге тиген үлес.

11. Еңбектің наны тәтті, Жалқаудың жаны тәтті.

12. Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі

13. Шешенің сөзі мерген, шебердің көзі мерген.

14. Тұз астың дәмін келтіреді, мақал сөздің сәнін келтіреді.

15. Атыңнан айырылсаң да, ер тоқымыңнан айырылма.

16. Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол.

17. Қына тастан шығады, өнер, білім жастан шығады.

18. Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді.

19. Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер.

20. Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер.

21. Ел – елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен де жақсы.

ІІ жүргізуші:

Адамның сыртқы түріне, киіміне қарап та қандай адам екендігін айыруға болады. Қазіргі талғамға, өзінің жас ерекшелігіне, эстетикалық талғамына сай жарасымды киінген, сыпайы да үлгілі қылығымен, мәдениеттілігімен ерекшеленген қыздарды көргенде көңілің толады. «Жастықтың өзі жастығымен әдемі» деген бар емес пе? Жас қыздардың өздері-ақ қырдың қызыл гүліндей әдемі ғой. Табиғат берген көркі – жастығынан артық не бар?
Қыздарға әсемдік жарасады,
Ай көркі биіктерге таласады.
Болмаса сұлу қыз, ару әйел
Табынып еркіндікпен санасады –деп, «Сұлулық сыры» кезеңінде аруларымыз музыка ырғағымен сәндік киім үлгісін көрсету бойынша сынға түседі.
І жүргізуші:

Сұлу қыздар, ару қыздар
Шашты кеспей күтіп оны қараңдар.
Қыздың көркі шаш екенін түсініп,
Өріп қойып шаш үлгісін жасаңдар, - деп аруларымыз қазір шаш үлгісін көрсетеді.

ІІ жүргізуші:

Кедеймін деп қысылма,
Өнерің болса қолыңда
Өнерлінің ырысы
Жарқырап жатыр жолында.
Сайыста ән салайық, би билейік,
Өнермен өрге басып кідірмейік.
І жүргізуші:
V кезең «Өнерлінің өрісі кең» деп аталады.
Бұл кезеңде арулардың өнері тамашаланады
(Ән айту, би билеу, күй тарту)
Әділ – қазылардан арулардың бағасын күтеміз


Әділ – қазылардан арулардың бағасын күтеміз
«Ә» дегенше соңғы сайысымызға да келіп жеттік. «Зерделінің ойы озық» – деп, аталатын бұл кезеңде. Әр аруға 10 сұрақтан қойылады. 6 сұраққа жауап беруі тиіс. 1 дұрыс жауап 1 ұпаймен бағаланады.
ІІ жүргізуші:

1-ші арудың сұрақтары.
1. Қозы Көрпештің серігі? (Баян Сұлу)
2. Ананың анасы сізге кім болады? (Нағашы әже)
3. Еттен жасалатын тағам? (Бесбармақ).
4. Қазақстанның Президенті кім? (Н.Назарбаев)
5. Қазақстанның бұлбұл әншісі атағына ие болған әнші анамыз? (Б. Төлегенова).
6. Қыз бала туралы бір мақал айтыңыз.
І жүргізуші:

2-ші арудың сұрақтары.
1. Төлегеннің серігі? (Жібек)
2. Ананың сіңлісі сізге кім болады? (Нағашы апа)
3. Сүттен жасалатын тағам? (Көже, айран, ірімшік,қаймақ,май).
4. Аллада не жоқ? (бауыр)

5. Әйгілі күйші – анамыз? (Дина Нүрпейісова).
6. Ана туралы бір мақал айтыңыз.
ІІ жүргізуші:

3-ші арудың сұрақтары.
1. Еңліктің серігі? (Кебек)
2. Ананың қызы сізге кім болады? (әпке)
3. Қамырдан жасалатын тағам? (Бауырсақ, нан).
4. Қазақстандық әйгілі биші анамыз? (Ш. Жиенқұлова).
5. Абай Құнанбаевтың әжесі? ( Зере).
6. Бала туралы бір мақал айтыңыз.
І жүргізуші:

4-ші арудың сұрақтары.
1. Мойынға тағатын әшекей бұйым (алқа)
2. Апа сіңлінің балалары (бөле)
3.Қазақ әйелдерінің сәндік әшекей бұйымдары? (сырға,білезік, жүзік, сақина, шолпы, алқа, қапсырма, шашбау, бойтұмар, түйреуіш, белбеу).
4. Аққуда не жоқ? (сүт)
5.Абай Құнанбаевтың анасы? (Ұлжан).
6. Қыз туралы бір мақал айтыңыз.
ІІ жүргізуші:
5-ші арудың сұрақтары.
1. Сүттен жасалатын тағамдар (қымыз, шұбат, айран, қаймақ, май, сүзбе, көже, қойыртпақ, шалап, боза, іркіт, ірімшік, құрт, жент, малта)
2..Тігінші құралы ( ине)
3. «Үш бақытым» өлеңінің авторы кім? (Мұқағали)
4. Қазақтың діни мейрамы ( құрбан айт, ораза айт)
5. Көздің суы (жас)
6. Ең зор байлық (денсаулық)
ІІ жүргізуші:
6-шы арудың сұрақтары.
1. Ас атасы (нан)
2. Анаңның бауырлары (нағашы)
3. Жиреншенің әйелі (Қарашаш)
4. Киіз үй жиһазын ата (кебеже, абдыра, кереует, жастағыш,жүк аяқ, тұс киіз, кілем)
5. Әнші Роза … ( Рымбаева)
6. Тар қонышты, өкшесіз жеңіл аяқ киім (мәсі)
ІІ жүргізуші:

7 – арудың сұрақтары

1.Абай Құнанбаевтың анасы? (Ұлжан)
2. Білім, оқу, жазуды үйретуші адам? (Ұстаз).
3. «Фариза, Фаризажан Фариза қыз» кімнің өлеңі (Мұқағали)
4. Қошақанның анасы? (қой).

5. Науқас адамдарға көмек беруші, емдеуші адам? (Дәрігер).
6. Әнші Мадина … (Ералиева)

6-шы кезең бойынша аруларымыздың ұпайлары.
Енді әділқазы алқаларынан барлық ұпай сандарын санап, жеңімпаздарды анықтауларын сұраймыз. Ұпай сандары әзір болғанша кезекті әнге берелік.
Қорытынды сөз әділқазы алқаларына беріледі

VII Қорытынды:
Қыз баланы ізетті, инабатты асыл жан етіп, ісіне көркі сай тәрбиелеу, қыз сыйлау халқымыздың қанына сіңген қасиет, олардың айналадағы адамдармен қарым – қатынас жасай білуіне көңіл бөле отырып, оларға нәзіктік пен сүйкімділік қасиеттерін бере білген.
«Қыз емес қыздың аты қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын,
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын» - дегендей, қыздарымыз апаларының өнегелі істерін өз бойларына дарытып өссе екен дейміз. Қыздарымыз ата-бабаларымыздың ықылым заманнан келе жатқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрып сөндірмей жалғастыратын өнерлі де ибалы боп өссе дейміз.
Осымен байқауымыз өз мәресіне жетті. Ару қыздарымызға рахмет айтамыз. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Тип материала: Документ Microsoft Word (doc)
Размер: 115.5 Kb
Количество скачиваний: 24
Просмотров: 211

Похожие материалы