Баяндама "Қазақстан-2050" Стратегиясы - тым құбылмалы тарихи жағдайдағы жаңа Қазақстан үшiн жаңа саяси бағыт

Предмет: Музыка
Категория материала: Конспекты
Автор:

Жаңа сын-қатерлердi лайықты қабылдау үшiн ендiгi жерде 2030 Стратегиясының аясы жеткiлiктi емес. Бiз жоспарлау көкжиегiн кеңейтiп, 15 жыл бұрынғыдай кезектi дүниетанымдық серпiлiс жасауымыз керек.
Бiрiншiден, Қазақстан - қазiргi заманғы мемлекет. Бiздiң мемлекетiмiз кемелдiкке жеттi. Сондықтан да бүгiнгi күн тәртiбi мемлекеттiң қалыптасуы кезеңiндегiден өзгеше.
Дүниеде болып жатқан өзгерiстердiң сипаты мен тереңдiгi, жаһандық өзара iс-қимыл ұзақ мерзiмдi дамуды талап етедi. Көптеген елдер қазiрдiң өзiнде 2030-2050 жылдардың арғы жағына көз жiберуге тырысады. «Басқарылатын болжамдау» қазiргi тұрақсыз кезде мемлекеттер дамуының маңызды тетiгiне айналуда.
Екiншiден, «Қазақстан-2030» Стратегиясы бiздiң мемлекеттiлiгiмiздiң қалыптасу кезеңi үшiн жасалған болатын. Өзiнiң арқаулық өлшемi бойынша ол орындалды.
Үшiншiден, бiз жаңа нақтылы шындық тудырған сынақтар мен қауiп-қатерлерге кезiгiп отырмыз. Олар жалпылық сипат алып, барлық елдер мен өңiрлерге әсерiн тигiзуде.
Бiз «Қазақстан-2030» Стратегиясын тұжырымдаған кезде нәтижесiнде жаңа, мүлдем күтпеген, экономикалық және геосаяси жағдаяттар туындайтын, өз көлемi жағынан теңдесi жоқ әлемдiк қаржы-экономикалық дағдарыс төнедi деп ешкiм күтпеген едi.
2030 стратегиясы 1997 жылы ашық құжат ретiнде жасалды. Бiз о бастан-ақ оған түзетулер енгiзу мүмкiндiгiн ескердiк.
Әлемдегi жағдай өзгеретiнiн және өмiр өз түзетулерiн енгiзуi мүмкiн екенiн түсiне отырып, менiң тапсырмам бойынша жаңа жағдайдағы бiздiң орнымыз бен бiздiң мүмкiндiктерiмiздi ой елегiнен өткiзе отырып жұмыс iстейтiн жұмыс тобы құрылды.
Олардың талдау жұмыстарын ескере отырып, мен ұлттың 2050 жылға дейiнгi жаңа саяси бағытын жасауды ұсынамын, оның iшiнде 2030 Стратегиясының мiндеттерiн орындау жалғасын табатын болады. Уақыт пен жағдай 2030 бағдарламасы сияқты бiздiң жоспарларымызға түзетулерiн енгiзетiнiн нақты түйсiнуiмiз керек.
2050 жыл - жай бейнелi дата емес.
Бұл бүгiнде әлемдiк қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзiм.
БҰҰ-да 2050 жылға дейiнгi өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзiрлендi.
2050 жылға дейiнгi болжамдық баяндаманы Дүниежүзiлiк азық-түлiк ұйымы жариялады.
Қазiр елдердiң денi осындай ұзақ мерзiмдi стратегиялар әзiрлеп, қабылдауда. Қытай өзi үшiн дәл осындай стратегиялық жоспарлау көкжиегiн айқындап алды.
Iрi трансұлттық компаниялардың өзi алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын әзiрлеуде.
Он бес жыл бұрын, 2030 Стратегиясы қабылдағанда бiздiң жаңа мемлекетiмiзде дүниеге келген қазақстандықтардың жаңа буыны ендi ғана мектепке баруға даярланып жатты.
Бүгiнде олар еңбек етуде немесе жоғары оқу орындарын аяқтауда.
Ендi екi-үш жылдан соң Тәуелсiздiктiң екiншi буыны дүниеге келе бастайды.
Сондықтан қазiрдiң өзiнде оларға дұрыс бағдар нұсқау туралы ойланғанның маңызы зор.
Бiздiң басты мақсатымыз 2050 жылға қарай Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру.
Қазақстан ХХI ғасырдың ортасына қарай әлемнiң ең дамыған 30 елiнiң қатарында болуға тиiс.
Бiздiң жетiстiктерiмiз бен қазақстандық даму үлгiсi Жаңа саяси бағыттың негiзi болуға тиiс.
"Қазақстан-2050" Стратегиясы – "Қазақстан-2030" Стратегиясының жаңа кезеңдегi үйлесiмдi дамуы. «Бiз кiмбiз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келедi?» деген сұрақтарға жауап осы. Жас ұрпақтың нақ осыған мүдделi екенiне сенiмдiмiн.
Осыған орай, ұлттың 2050 жылға дейiнгi жаңа саяси бағытының жобасын ұсынамын. Бұл менiң Қазақстан халқына жолдауым болады.

1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу,
инвестициялар мен бәсекеге қабiлеттiлiктен қайтарым алу
принципiне негiзделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм

1. ТҮГЕЛ ҚАМТИТЫН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПРАГМАТИЗМ

Жаңа бағыт экономикалық саясатының мәнi – түгел қамтитын экономикалық прагматизм, шын мәнiнде бұл бiздiң бүгiнгi көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды түбегейлi өзгерту.

Ауылшаруашылық қайта өңдеуде және саудада фермерлiк
пен шағын және орта бизнестi дамыту.

Бұл – өзектi мiндет. Бұл арада бiзге:
- Жер өңдеу мәдениетiн өзгерту және жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетiстiктердi ескере отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрлерiмiздi жаңғыртуымыз қажет.
- Аса iрi экспорттық нарықты меңгеру үшiн бiз қай азық-түлiктiң жаппай өндiрiсiн басты етiп қоятынымызды айқындауымыз керек.
Алынған шаралардың нәтижесi 2050 жылға қарай ел IЖӨ-дегi ауылшаруашылық өнiмiнiң үлесi 5 есе артуы болуы тиiс.

2. КӘСIПКЕРЛIКТI – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖЕТЕКШI КҮШIН
ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ

Отандық кәсiпкерлiк жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күшi болып табылады.
Шағын және орта бизнестiң экономикадағы үлесi 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екi есе өсуге тиiс.

3. ӘЛЕУМЕТТIК САЯСАТТЫҢ ЖАҢА ҚАҒИДАТТАРЫ – ӘЛЕУМЕТТIК
КЕПIЛДIКТЕР ЖӘНЕ ЖЕКЕ ЖАУАПКЕРШIЛIК

Бiздiң басты мақсатымыз – әлеуметтiк қауiпсiздiк және азаматтарымыздың бақуаттығы. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепiлi.
Бiздiң қоғамда уақыт сынына төтеп бере алатын жаңартылған және әлдеқайда тиiмдi әлеуметтiк саясатқа деген сұраныс өсiп келедi.

АНАНЫ ҚОРҒАУ. ӘЙЕЛДЕРГЕ ҮНДЕУ

Мемлекет үшiн және менiң жеке өзiм үшiн де ананы қорғау – ерекше мәселе.
Сiздер – отбасының, демек, мемлекеттiң тiрегiсiздер.
Елiмiздiң болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзiмiз қандай тәрбиенi сiңiретiнiмiзге тiкелей байланысты.

БАЛАНЫ ҚОРҒАУ

Бейбiт өмiрдiң өзiнде бiзде мыңдаған жетiмдер бар – балалар үйлерi толы. Бұл, өкiнiшке қарай, жалпыәлемдiк үрдiс және жаһанданудың сынағы. Бiрақ бiз бұл үрдiспен күресуiмiз керек. Мемлекетiмiз бен қоғамымыз жетiмдердi асырап алуды және отбасы типiндегi балалар үйлерi салынуын көтермелеуi қажет.

ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫ - БIЗДIҢ ТАБЫСТЫ БОЛАШАҒЫМЫЗДЫҢ НЕГIЗI

Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесiн ұзақмерзiмдi жаңғырту аясында бiз елдiң барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бiрыңғай стандарттарын енгiзуге, сондай-ақ медицина мекемелерiнiң материалдық-техникалық жабдықталуын бiрыңғайландыруға тиiспiз.

4. БIЛIМ ЖӘНЕ КӘСIБИ МАШЫҚ – ЗАМАНАУИ БIЛIМ БЕРУ ЖҮЙЕСIНIҢ,
КАДР ДАЯРЛАУ МЕН ҚАЙТА ДАЯРЛАУДЫҢ НЕГIЗГI БАҒДАРЫ

Бәсекеге қабiлеттi дамыған мемлекет болу үшiн бiз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек.
Қазiргi әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткiлiксiз болып қалғалы қашан. Бiздiң азаматтарымыз үнемi ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндiрiстерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиiс.
Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткiншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңiл бөлу қажет. Балаларымыз қазiргi заманға бейiмделген болуы үшiн бұл аса маңызды.

БIЗДIҢ ЖҰМЫСТАРЫМЫЗДЫҢ БIЛIМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ БАСЫМДЫҚТАРЫ

(1) Бүкiл әлемдегi сияқты, Қазақстан мектепке дейiнгi бiлiм берудiң жаңа әдiстерiне көшу керек.
Сiздер бiлесiздер, мен басты мiндетi балаларымыздың бастапқы мүмкiндiктерiн теңестiру болған «Балапан» бағдарламасы бастамасын көтердiм.
Ол жүзеге асырыла бастаған сәттен берi 3 956 жаңа балабақша мен шағын орталықтар iске қосылды.

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДI ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА САЯСАТЫ

Бүкiләлемдiк тәжiрибенiң көрсетуiнше, бүкiл инновациялық өндiрiстiк циклды жеке бiр елде жүзеге асыруға тырысу – велосипед ойлап шығару деген сөз. Бұл – өте қымбатқа түсетiн және әрдайым нәтижелi, жемiстi бола бермейтiн iс. Табысқа жету үшiн ғалымдардың талай буынының тәжiрибесiне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердiң арнаулы ақпарат және бiлiмдерiнiң көп терребайт көлемiне негiзделген дербес ғылыми база қажет болады.

5. МЕМЛЕКЕТТIЛIКТI ОДАН ӘРI НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ
ДЕМОКРАТИЯНЫ ДАМЫТУ

Бiздiң мақсатымыз – мемлекеттiк басқарудың жаңа түрiн қалыптастыру. Ол қоғамға қызмет ету мен мемлекеттiлiктi нығайтудың жаңа мiндеттерiне сай болуы тиiс..

6. ДӘЙЕКТI ЖӘНЕ БОЛЖАМДЫ СЫРТҚЫ САЯСАТ – ҰЛТТЫҚ МҮДДЕЛЕРДI
IЛГЕРIЛЕТУ МЕН АЙМАҚТЫҚ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ҚАУIПСIЗДIКТI НЫҒАЙТУ

Қазақстан тәуелсiздiк жылдарында халықаралық процестердiң тең құқықты қатысушысы болып қалыптасты және бiз қолайлы сыртқы ахуал құруға қол жеткiздiк.
Бiздiң басымдықтарымыз өзгермейдi – көршiлерiмiз – Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерiмен, сондай-ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерiмен серiктестiктi дамыту мәселесi болып табылады.
Бiз Кеден одағын және Бiртұтас экономикалық кеңiстiктi нығайтатын боламыз.
Бiздiң таяудағы мақсатымыз – Еуразиялық экономикалық одақ құру. Осыған орай бiз мәселелердiң консенсус арқылы шешiлетiнiн нақты мәлiмдеймiз. Саяси егемендiкке қысым көрсетiлмейдi.

7. ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ – БIЗДIҢ КӨПҰЛТТЫ ЖӘНЕ
КӨПКОНФЕССИЯЛЫ ҚОҒАМЫМЫЗ ТАБЫСЫНЫҢ НЕГIЗI

Бiздiң бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсiнiктi: бiз қоғамдық келiсiмдi сақтауға және нығайтуға тиiспiз. Бұл – бiздiң мемлекет ретiнде, қоғам ретiнде, ұлт ретiнде өмiр сүруiмiздiң айнымас шарты.
Қазақстан патриотизмiнiң iргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершiлiгi.

Бiрiншi. Жаңа қазақстандық патриотизм.

Болашаққа деген сенiм болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуi өмiрлiк тұрғыдан маңызды. Мемлекеттiң басты мiндетi де осы.
Азаматтар мемлекетке болашақ бар болса, даму үшiн, жеке және кәсiби тұрғыдан өсу үшiн мүмкiндiктер болса ғана сенiм артады.

Екiншi. Барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдiгi.

Бiз – бәрiмiз тең құқықты, тең мүмкiндiктердi иеленген қазақстандықтармыз.
Жаңа қазақстандық патриотизм барлық қоғамды, барлық этностық әркелкiлiктердi бiрiктiруге тиiс.
Бiз – көпұлтты қоғамбыз. Және де ұлтаралық қатынастар мәселесiнде ешқандай қосарланған стандарттар болмауға тиiс.
Мемлекетте бәрi де тең болуға тиiс. Этностық немесе басқа да белгiлер бойынша жақсы немесе жаман деген болмауға тиiс.
Бұл мәселе мен үшiн декларативтi емес. Егер бiреуге этностық белгiсi бойынша қысым жасалса, онда бүкiл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептеу керек.
Ешқандай этносқа ешқандай артықшылық болмайды және болмауға тиiс, барлығының құқықтары мен мiндеттерi бiрдей.

Үшiншi. Қазақ тiлi және тiлдердiң үштұғырлылығы.

Жауапкершiлiктi тiл саясаты қазақ ұлтын бiрiктiрушi басты факторлардың бiрi болып табылады.
(1) Қазақ тiлi – бiздiң рухани негiзiмiз.
Бiздiң мiндетiмiз – оны барлық салада белсендi пайдалана отырып дамыту. Бiз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжiрибесiнен өтiп, бiздiң де үйлесiмдi үлесiмiзбен толыға түсетiн қазiргi тiлдi мұраға қалдыруға тиiспiз. Бұл – өзiн қадiрлейтiн әрбiр адам дербес шешуге тиiс мiндет.

Төртiншi. Мәдениет, дәстүр және даралық

Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды.
Патшалықтың, төңкерiс дүмпуi мен тоталитаризмнiң барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, бiздiң елiмiздiң аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкiлдерi өздерiнiң мәдени ерекшелiктерiн сақтай алды.
Тәуелсiздiк жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, бiздiң мәдени iргетасымыз беки түстi.

Бесiншi. Ұлттық интеллигенцияның рөлi

Бiз мемлекеттiлiгiмiздiң рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбiр кем бағаланбайтын даму кезеңiне келiп отырмыз.
Рухани дамуда негiзгi рөлге әрқашан интеллигенция ие.
2050 жылғы Қазақстан iлгерiшiл мұрағаттар қоғамы болуға тиiс.
Бiздiң қоғамымыздың қазiргi көзқарастарының негiзiн дәл осы интеллигенция беруi керек.

Алтыншы. ХХI ғасырдағы Қазақстандағы дiн

Бүгiнде бiздiң халқымыз үшiн дәстүрлi емес дiни және жалған дiни ағымдар мәселесi өткiр тұр.
Жастарымыздың бiр бөлiгi өмiрге осы жат жалған дiни көзқарасты көзсiз қабылдайды, өйткенi, бiздiң қоғамның бiр бөлiгiнде шеттен келген жалған дiни әсерлерге иммунитетi әлсiз.

Бүгiнгi Жолдауымда мен сiздердiң әрқайсыларыңызға сөз арнаймын.
Ел алдында iрi мәселелер тұр. Мен бiздiң табысты болатынымызға сенiмдiмiн.
Болашақтың Қазақстанын мен қалай елестетемiн?
Мен 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тiлде сөйлейтiн бiлiмдi, еркiн адамдардың қоғамы екенiне толық сенiмдiмiн.
Олар – әлемнiң азаматтары. Олар саяхаттап жүредi. Олар жаңа бiлiм меңгеруге құштар. Олар еңбексүйгiш. Олар – өз елiнiң патриоттары.
Мен 2050 жылғы Қазақстан – жалпыға ортақ еңбек қоғамы екенiне сенiмдiмiн. Ол – барлығы да адам игiлiгi үшiн жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Бiлiм беру саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздiк. Бейбiтшiлiк пен тыныштық салтанат құрған. Азаматтары еркiн және тең құқықты, ал билiгi әдiл. Онда заң үстемдiк етедi.
Мен бiздiң дұрыс бағытпен iлгерiлеп бара жатқанымызға сенемiн және бiздi ештеңе де түзу жолдан тайдыра алмайды.
Егер бiз күштi болсақ, бiзбен санасатын болады.
Егер бiз таңғажайыпқа сенсек немесе басқаларға иек артсақ, қол жеткiзген жетiстiктерiмiздi жоғалтып аламыз.
Бүгiн бiз ең дұрыс таңдау жасауға тиiспiз.

 

 «Қазақстан 2050» Жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыруда бiзге – қазақ халқына айрықша жауапкершiлiк жүктеледi.
Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмiрiнен алар тәлiмiмiзбен бiз алдағы асулардан алқынбай асамыз.
Үдеудiң сыры – бiрлiкте,
Жүдеудiң сыры – алауыздықта.

Тип материала: Документ Microsoft Word (docx)
Размер: 2.88 Mb
Количество скачиваний: 36
Просмотров: 181

Похожие материалы