Музыка сабағында ойынның пайдасы

Предмет: Музыка
Категория материала: Конспекты
Автор:

     Тәуелсіз еліміздің келешек ұрпақты тәрбиелеу мәселесі бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Бұл мәселенің шешімін табуда үздіксіз білім беру жүйесі айтарлықтай дәрежеде қайта қаралып, оны жетілдіру жолдары іздестірілуде. Бұл алға қойылып отырған негізгі талаптар – Қазақстан білім беру жүйесінің бүкіләлемдік білім беру кеңестігіне толық енудің алғашқы даму стратегиясын жасау болып табылады. Айтылған талаптардың жүзеге асырылуы бағытындағы жұмыстың үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы – мектепке дейінгі ұйымдарда баланың білімге деген құштарлығын арттырудан, ұлтымызға тән қасиеттерін бойына сіңірген бала тәрбиелеуден бастағанның маңызы зор. Балабақша — бүлдіршіндерді болашақта ата дәстүрін сақтайтын инабатты да, ибалы үлкен-кішіні сыйлай білуге үйрететін тәрбие орталығы. Өмірге келген жас ұрпақты тәрбиелеу ата-аналар мен балабақша тәрбиешілерінің қасиетті борышы.

      Бала үшін дүниеде ең жетілген, білімді де, мәртебелі адам – оның ата – анасы.Ал, ең әдемі де жарық үй – оның туылған үйі. Жас баланың дамуында ата-ананың орыны ерекше, сондықтан ата-ана өз отбасында қолайсыз жағдайларды баланың көзінше тудырмауға тырысуы қажет. Отбасындағы ұрыс-керіс баланың жүйкесін тоздырады. Кейбір ата-аналар өз перзентін шектен тыс еркелетіп, баланың бетінен қақпай, көңіліне қарап тәрбиелейді. Ал мұндай көріністер баланың бойына кері қасиет пайда болуына тікелей жағдай тууына себеп болады. Ата-аналар балаға отбасылық өмірдің алуан түрлі, қыры мен сырын дүние жұмбақтарын танытып, тағылым талғамға, әдептілікке баулуға тиіс. Себебі, ата-ананың күнделікті өмір тіршілігіндегі еңбегі, адамның бейнелері, жақсы мінез-құлқы, дұрыс қарым-қатынасы – балаға үлгі. Баланың алдында барынша сабырлы әрі ұстамды болуға тырысу керек, ата-ана өзі үлгі бола отырып, баласын сабырлылыққа тәрбиелейді. Әрбір ата-ана өз баласы үшін-басты тұлға. Сондықтанда да кез-келген бала алдымен үлгіні ата-анасынан алады. Бала әкеден ақыл, анадан мейір алады. Ата-ана баласымен пікірлесуде бейауыз сөздерді қолданбай, дөрекілікпен жеке басын қорламай, мейірімді, табиғи, жылы ақылды сөздер айтып өнеге бола білсе, тәрбие де табысқа жетеді, өйткені, жақсы сөз жан семіртеді.Сонымен қатар музыка жетекшісінің ата –аналармен бірлесіп жасап жатқан істері жетерлік. Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті ойын. Сондықтан оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев «Ойын ойнап, ән салмай өсер бала бола ма?» — деп айтқандай баланың өмірінде ерекше орын алады. Ойын мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына ықпал ететін тәрбие құралы. Әсіресе, музыкалық ойындар баланы жақсы тәрбиелейді. Бұдан шығатын қорытынды, музыка жетекшісі мен ата – ана тікелей байланысты. Әрбір баланың қылығы ата – анасының тәрбиесі, ал әр жасаған қимылы мен сөздері музыка жетекшісіне тәуелді. Музыка жетекшісі де, ата – ана да баланың арқасында тікелей байланыста болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

     Өсіп келе жатқан жас буын әдеби ертегілер мен бейнелеу өнері

шығармаларындағы, музыка мен әуендегі, табиғаттағы, тұрмыстағы шын мәніндегі көркемдік қабылдау арқылы эстетикалық құштарлықты сезініп қана қоймай, ондай туындыларда кездесетін нәрсіздік пен көріксіздікті де ажырата біледі. Жан-жақты дамыған азамат тәрбиелеуде эстетикалық тәрбиенің басты саласының бірі – музыка мен ән. 
Музыка адамның жан дүниесін тебіренте отырып, оның өмірге деген көзқарасын, әдет, мінез-құлқын қоғам мүддесіне сәйкес қалыптастыруға, әдемілік заңымен өмір сүруге тәрбиелейді. 
«Дені саудың – жаны сау» дегендей, тәні де, жаны да сау, рухани бай эстетикалық жағынан сезімтал азаматты тәрбиелеп өсіру – ата-ана парызы, қоғамдық мекемелердің міндеті. Осы міндетті іске асыру балабақшадан басталмақ. Негізі отбасынан басталған тәлім-тәрбие білім беру мекемелерінде жалғасын тауып, белгілі бір жүйеде өрістеледі. 
Бүлдіршіндерді әсемдік әлеміне неғұрлым кеңінен жақындатып өнерге баулитын кезең – балабақша уақыты. Әсіресе музыка өнерімен шұғылдану баланың жеке басының жалпы дамуына жәрдемдеседі. Музыка сабақтары балаларды жан-жақты дамыту барысында көптеген мақсаттар қояды. Дәлірек айтсақ: балаларды музыка тыңдай білуге үйрету, оны тұтастай қабылдау, сезіну, музыкалық мәнерлілікке баулу, дыбыстардың типін түсіну және музыкаға қызығушылығын арттыру. Ән айту, музыка тыңдау, музыкалық сауат және қозғалыс (ырғақ) – музыкаға тәрбиелеудің міндетті бөлімдері. 
Балабақшада  бағдарлама бойынша ән-күй сабағы негізгі төрт бөлімнен тұрады: 
1. Музыка тыңдау. 

2. Әндер. 
3. Билер. 
4. Музыкалық – дидактикалық ойындар. 
Ән бөлімінде балаларды ырғағына келтіре, әдемі ән салуға тәрбиелейміз. Ән салу арқылы өлеңнің мазмұнын, тәрбиелік мәнін саналы түрде меңгеруіне мүмкіндік береміз. Балаларды хормен ән айтқызып жаттықтыру арқылы, оларды ортақ сезімге бөлендіріп, өздерінің әрекеттерін бір әуенге үйлестіруге төселдіреміз, жауапкершілікке, ұйымшылдыққа баулимыз. Бірлесіп жұмыс істеу дағдысын қалыптастырамыз. Жеке дауыста ән айта білуге, әндерді есте сақтай білуге, музыкалық шығармалардың құрылысын түсіне білуге тәрбиелейміз. 
Музыка тыңдау бөлімінде жекелеген музыкалық үндерді және тұтастай музыкалық шығармаларды тыңдай білуге, ондағы музыкалық дыбыстарды ажырата білуге жаттықтырамыз. Дыбыстардың биіктігін, ырғағын, музыкалық бояуын және дұрыс тыңдап, қабылдай білу қабілетін дамытамыз. Сонымен бірге тыңдау арқылы оқушылардың эстетикалық сезімдері, талғамдары дамып, эмоциялық сезімдері оянып ләззат алады. Музыкаға деген қызығушылықтары артып, тыңдау қабілеті дамиды. Музыка тыңдату жайында балалар дамуының бірдей дәрежеде еместігін түсіну маңызын музыка мұғалімі білуі керек. 
Би бөлімінде музыканың әуен-ырғағымен орындалатын арнайы жаттығулар жасату арқылы музыкалық ырғақты сезінуін қалыптастырамыз. Әуен сазын түсініп, сәнді қимылдар жасай білуге үйретеміз. Би қимылдарын жасатып, мүсін сымбаттылығын қалыптастыруды көздейміз. 
Музыкалық – дидактикалық ойындар бөлімінде айтылған әннің сөздеріне, әуеніне зер салып, ұқыпты жүруге, әннің сөздеріне сәйкестіре қимыл-қозғалыстар жасауға баулимыз. Балалардың музыканың екпіні мен ырғағына икемделуіне, дыбыс күшінің бірде қатты, бірде ақырын естілуін аңғара білулеріне мүмкіндік береміз. Музыка ырғағына ілесіп жүруге, әр жанрдағы (марш, вальс, полька) ырғақтың өзіндік ерекшелігін айыра білуге үйретеміз. Дыбыс биіктігін, дыбыс бояуын, музыканың басталуын және аяқталуын аңғаруға жаттықтырамыз. Ойын арқылы музыкалық қабілеттерін дамытамыз. Сап түзеп жүруге, дене бұлшық еттерінің ширауына да әсерін тигіземіз. Қазақ халқының ұлттық ойындарының ойналу тәртібі мен өзіндік ерекшеліктері жөнінде қысқаша түсінік береміз. Музыкаға және биге деген шығармашылықтарын дамыта отырып, музыкалық білімдерін арттырамыз. 
    Ән-күй сабағы айтуға ғана оңай, ал орындауда керісінше, қиыншылығы мол іс. Әлі сабақ оқуға қалыптаспаған, сөздік қоры аз оқушыларға бірден ән үйрету қиын тиеді. Олар сөзін білмеген әнге қызықпайды. Алдымен оқушыларды қадағалай отырып әнге және оның ырғағына қызықтыруға тырысу керек. Сол әннің мазмұнын ашатындай көрнекіліктер мен дидактикалық материалдар қолданған жөн. Осыдан кейін балалардың қызығушылығы артқанда сөзін жаттатқан дұрыс.    

    Әнді сабақ сайын өзгерту дұрыс емес. Керісінше балаларға таныс әндерді үнемі қайталап айтқызып отыру керек. Бұл балалардың эмоциялық көңіл күйін көтереді, есте сақтау қабілетін дамытады және әнді хормен бірге бастап, бірге аяқтауға дағдыландырады. 
    Балаларды дыбыстарды таза айтуға үйрету үшін дауыс жаттығуларын жасатудың пайдасы зор. Дауыс жаттығуларын шағын әуендер айтқызу арқылы жүзеге асыруға болады. Бұл балалардың қабылдау деңгейіне қарай мұғалімнен үлкен шығармашылық іскерлікті қажет етеді. 
Балалар үйрене келе музыкалық жанрларды (ән, би, марш) , қатты немесе ақырын дыбыстарды, екпіндердің жай немесе тез екенін ажырата бастайды. Әр баланың өздері жақсы көретін әндері, билері, ойындары бар. Балалар берілген шығармашылық тапсырмаларды орындай алады. Мысалы, тыңдаған музыканың екпінін ажырату керек болса, екпін, ырғағына қарай түрлі қимылдар ойластырады. Мысалы: 
Баяу екпінде – орнынан тұрып теңселеді; 
Жылдам екмінде – орнынан тұрып жүгіреді; 
Марш екпінінде – аяқты нық басып жүреді; 
Бейнелік қимылдар – аттың шабысы, түрлі аңдардың қимыл ерекшеліктері т.б. 
Музыка сабағында  ойынның тәрбиелік мәні зор. Бала ойын арқылы дамиды. Ойын білместі – білгірге, орашолақты – іскерге айналдырады. Музыкалық – дидактикалық ойындар арқылы балалардың музыкаға, биге, ән әлеміне деген ынта-ықыласын жас кезінен арттырып қана қоймай, олардың сезімталдығын, кішіпейілділігін, ұйымшылдығын, эстетикалық құштарлығын тәрбиелеуге қызмет етеді. Нәтижесінде олар музыканы терең түсіне бастайды, ең бастысы – музыканы қабылдау, есте сақтау қабілеті артады, дене қозғалысы арқылы сымбаттылығы қалыптасады. Өсе келе олардың бойындағы табиғи дарын, қабілет, талант мүмкіндіктерінің сөзсіз әсері болатыны белгілі, өйткені бәрі де бала кездегі тәрбиеден басталады. 
«Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей еліміздің болашақ дарынды ұл-қыздарын тәрбиелеу өз міндетім деп есептеймін.

Тип материала: Документ Microsoft Word (docx)
Размер: 51.76 Kb
Количество скачиваний: 18
Просмотров: 144

Похожие материалы