«Ана саған табынам» (Ашық тәрбие сағаты)
Предмет: | Начальные классы |
---|---|
Категория материала: | Другие методич. материалы |
Автор: |
Ахметкалиева Жанна Таскалиевна
|
Ашық тәрбие сағаты
Сынып сағатының тақырыбы:
«Ана саған табынам»
Сынып сағатының мақсаты.
Сабақтың мақсаты оқушыларды 8 – наурыз Халықаралық әйелдер мерекесін сыныпқа
түсіндіріп беру. Қыздарды әдемілікке, сыпайылыққа, әсемдікке баулу.
Сынып сағатының барысы:
1. Кіріспе сөз
2. 8 – наурыз туралы плакаттар
3. Нақыл
4. Өлең
5. КВН
6. Би
7. Қорытынды
Мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары:
Сынып жетекшісі:
Ашық тәрбие сағаты
Ана, саған – табынам
Шақырылған қонақтар күтіп алынып, орындарына отырғызылады
ортаға жүргізушілер шығып сөз бастайды.
І – жүргізуші
Армысыздар, адалдықтың ақ туын желбіретіп, көктем күніндей, ер жігіттің жүрегін елжіретіп, бақтарын Хауа Ананың қылығына теңеген ардақты асыл аналар. Домалақ анамыздың ақ орамалына оранып ер азаматын пірім деген, қылығы қыздай күлімдеген жеңгейлер, өрімтал қарындастар, білім бұлағымен сусындатқан ұлағатты ұстаздар, сіздер - ді 8 – наурыз халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймыз.
Сыйла анаңды, жоғарыдан орын берген.
Көтерер оның мерейі мен беделін.
Өз қызыңды сыйлағаның ол сенің,
Өз анаңды мәңгі құрметтегенің.
Деп ақын ағаларымыз жырлағандай, бүгінгі құрметіміз бен әзіліміз сіздер үшін.
ІІ – жүргізуші
Ақпанның ақ дауылын, ақ мамық бұлтын серпіп тастаған, наурыз – көктемнің шымылдығын бозбаладай ентіге, арындап ашып, мереке төріне келіп отыр.
Ендеше: Әлемнің жарығын сыйладың сен маған
Даламның әр гүлін сыйладың сен маған
Сен бердің құстардың қанатын самғаған
Балалық құштарым өзіңе арналған.
дей келе «Ана, саған – табынам» атты ашық тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
І – жүргізуші
Өткен күнге көз салып қарасаңыз
Әр дәуірдің жылдарын санасаңыз
Мейлі ұлық болғанмен, мейлің дана
Әйел ана алдында аласамыз.
Ендігі кезекте бір топ оқушылардың дайындаған көрінісін тамашалаңыздар.
ІІ – жүргізуші
Жаны сезім әйелдің бойында алау
Сол алауды аңсайтын жайым бар-ау
Білімсіздік дер едім, біздер үшін
Ұлылығын әйелдің мойындамау
ендігі кезекте «өлең оқу»
ІІ - жүргізуші
Қыз деген - өмірімнің мөлдір кәусар бұлағы
Қыз деген – тіршіліктің шұғылалы шуағы
Қыз деген теңдесі жоқ тіршілік
Көз алдымда тұлғаң биік тұрады.
Ендігі кезекті көрініске береміз
І – жүргізуші
Мейірімі мол аққанат әпкелерім
Бар мейрімді өзіңнен ап келемін
Елге сауық тілейтін жолға бақыт
Желкеніндей желбіреп ақ кеменің
деп біздің сенып жетекшіміз Сақтағанова Зухра апайға арнап бір өлең арнаймыз.
І – жүргізуші
Бүгін шатпыз көңілдерде жоқ уайым
Мен сіздерге жырдан алқа тағайын
Осы кештің бөлісуге шаттығын
Қош келдіңіз барлығыңыз, ағайын.
ІІ - жүргізуші
Көңілдерге жоламасын тағы уайым
Әнмен, жырмен жігер отын жағайын
Осының, бір қиын – қыстау заманда
Отбасыңыз аман болсын, аналар
Отбасыңыз аман болсын, ағайын.
І – жүргізуші
Гүл өмірдің, шежіресі, байтағы
Жеңімпаздар гүл көтеріп қайтады
Адамға адам ең әдемі тілегін
Қадамына гүл бітсін деп айтады.
(осы өлең шумағы оқылып жатқанда қыздар мен ұстаздарға бір-бір шоқ гүлдер ұсынылады)
ІІ – жүргізуші
Құрметті ұстаздар, қыздар алтындай уақыттарыңызды бөліп, құрмет -ті қонағымыз болғандарыңыз үшін алғысымызды айта отырып, көрскенше күн жақсы болғай деген тілек айтамыз.
Міне, 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесі де келіп жетті. Мейрам! Маған басқа мейрамдардың бәрі осы ғажайып мейрамнан шашыраған ұшқындар ғана, осы алтын мейрамның күннен шашыраған алтын жіп тәріздес сәулелері ғана сияқты көрінеді.
Мен ХХІ ғасыр басталғаннан бастап, “Мәңгілік махаббат жыры” деген кітап жаздым. Бұл кітапты бес жыл жылап отырып, көзімнің жасы алдымдағы қағазға тамшылап отырып жаздым. Ол кітапты өзім тоғыз жыл ғашық болып қосылып, 54 жыл бірге татулығы балдай, тазалығы шыныдай, мөлдірлігі судай, жан жарым Халимаға арнап жаздым. Соны жоқтап, о дүниеге кеткен жарыма жалынды хаттар арнадым.
Қазақтың ұлттық дәстүрі бойынша өлген адамды қырық күн жоқтайды. Содан кейін бастағы қара жамылғы алынады, жүректегі қара жалау жығылады.
Ал мен Халиманы 1000 күн жоқтадым. Оған мың өлең арнап, мың хат жолдадым. Ол кітаптың “Халима” деген бөлімін биік мәртебелі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев оқып, маған былай деп хат жазды:
“5 қаңтарда болған кездесуде маған “Махаббат, қызық мол жылдарды”, “Халиманы” сыйға тарттыңыз! Біріншісін бұрын оқыған едім, екіншісін қолыма алған бойда бас көтермей оқып шықтым. Тәлім-тағылымы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазіргі жастар көп оқитын хикая.
Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз – ел қазынасы.
Өміріңіз – үлгі!
Аман болыңыз, Әз-аға.
Аса сыйлайтын Н.Назарбаев.
06.01.2003”.
Мінеки, менің о дүниедегі жарыма жазған хат-кітабымның 43 тарауының соңында мынадай сөздер бар:
Әйелдер тірегі ғой,
Бүкіл, бар адамзаттың.
Солар аспанға көтерген,
Ақ туын махаббаттың.
– Махаббат деген не? – десе, – Әйелдің өзі! – дер едім.
– Ләззат деген не? – десе,
– Әйелдің сөзі! – дер едім.
– Ең күшті нәрсе не? – десе, – Әйелдің әмірі! – дер едім.
Әйелдердің барлығын:
– Жердегі Тәңір! – дер едім.
Өз басым әйелді осылай деп бағалаймын. Өйткені, адамзатты жарататын – әйел, ұлтын көбейтетін – әйел, ұрпақты ұластыратын – әйел, еркекті Ер ететін – әйел. Бір сөзбен айтқанда, дүниенің тірегі – әйел. Махаббаттың асыл нұры – әйел. Өмір деген алтын сарай есігінің күміс кілті – әйел махаббаты.
Мінеки, мен әйелді осылай деп ұғамын. Әйелге Тәңірдей табынамын. Сондықтан әр наурыз мерекесі келген сайын сол күнді тегіс әйелдерге арнаймын. Арнаулы тізім бойынша ең жақын деген 20 әйелге телефон соғып, шын жүректен құттықтаймын. Әрқайсысына әртүрлі әзілдер айтып, той күнгі көңілдерінің көрікті болуына көмектесемін. Олар кімдер, қандай әйелдер, нендей жақыншылығы бар дерсіздер. Айтайын. Ең алдымен Мәриям анамыз Қожахмет қызын құттықтаймын. Ол кісі қазақ халқының ұлы жазушысы Сәбит Мұқановтың жары. Аса парасатты Мәриям апай қазір әдебиеттегі қарт, жас қаламгерлердің анасы, әжесі ғой!
Мәриям апайды бірінші етіп құттықтайтын себебім – 1944 жылы мен Кеңес Одағының Маршалы К.К.Рокоссовский басқарған І Белорусь майданынан делегация басқарып, Қазақстанға келдім. Майданнан елге делегация басқарып келген сержант мен ғана болармын. Басқа делегациялардың бәрін офицерлер бастап баратын. Біздің делегацияның құрамында үш адам болатын. Олар дивизиямыздың атақты барлаушысы Қабыш Мусин, “жаяу әскер патшасы” Тәкен Майшынов және артиллерист мен едім.
Алматыға келгеннен кейін ол кезде “Делегаттар үйі” деп аталатын қонақүйге жайғастық. Қазақстан орталық партия комитетінің басқа басшылары егін жинау мәселесі жөнінде (біз күзде келген болатынбыз) ел ішінде іссапарда жүргендіктен, бізді Қазақстан Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Д.А.Қонаев ағамыз қабылдады. Біздің сонау Польша жерінен келгенімізді айтып, үшеуіміздің қатар тұрған суретімізді басып, “Социалистік Қазақстан” газеті сол жылғы 25 қыркүйек күнгі нөмірінде арнаулы мақала жариялады. Сол мақаланы оқып, өзіміз бала күнімізде бір көруді арман еткен атақты жазушы Сәбит Мұқанов бізді қонақүйге іздеп келіп, үйіне ертіп апарып қонақ етті. Мәриям апайымыз ас әзірлеп, Сәбит ағамыз бізбен ұзақ әңгімелесті. Бізден 100-ші қазақ атқыштар бригадасынан шыққан Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова туралы сұрады. Мен Мәншүкке арнаған “Жан құрбы” деген өлеңімді оқып бердім. Мәншүктің өлген сәті суреттелетін мына бір шумақты Сәбит ағамыз екі рет қайталап айтқызып, тебірене тыңдады. Мәншүктің қабірінің басында оқылған ол шумақ мынадай еді:
Күн батты қыз денесін нұрға малып,
Дауыстар “Уралаған!” жетті талып,
Әппақ ет, манардай бет – шалғандай өрт,
Қара шаш жерді жапты толқынданып.
Сынған жоқ өлсеңдағы Сенің сағың.
Өшкен жоқ, өрлей түсті жастық бағың.
Еске алып, аруағыңа бас иеміз,
Жан құрбым, торқа болсын топырағың! – деп өлеңімді аяқтадым.
– Майданға қашан қайтасыңдар? – деп сұрады Сәбең бізден.
– Екі күннен кейін.
– Онда, Сәбит, батаңды бер балаларға. Соғыстан аман-есен келсін деген тілек айт, – деді Мәриям апай.
– Әй, Мәриям, мен коммунистпін ғой, қалай бата беремін, – деді Сәбит аға сасқалақтап, өзінің қарлығыңқы дауысымен.
– Коммунист болмақ тұрғай, кім болсаң да бер батаңды, – деп Мәриям апай алақанын жайды.
Сәбит ағамыз жақсылап бата берді.
Біз, үшеуіміз де, соғыстан аман қайттық. Соғыстан келгеннен кейін мен студент, журналист, жазушы болдым. Сәбең біз сияқты ол кездегі жас қаламгерлердің әкесі, Мәриям апамыз анамыз тәрізді болды. Бізден кейінгі жас жазушылардың әжесіне айналды.
Биылғы Жаңа жылдың басында, 1 қаңтар күні Мәриям анамызға телефон соғып, құттықтадым. Содан кейін:
– Мәриям апа, сіз биыл күзде 100 жасқа толасыз ғой. Тойлаймыз, – дедім.
– Жоқ, қалқам, мен биыл 99-дамын. Келесі жылы 100-ге толамын. Мені қартайтпай қоя тұрыңдар, – деді апамыз күле сөйлеп.
– Неге, апа, құжат бойынша сіз жүзге шықтыңыз ғой.
– Ол Сәбиттің істеп жүргені ғой. Мен Сәбитке тұрмысқа кәмелетке бір жас толмай тұрғанда шықтым. Жас қызды алды деген жұрттың сөзінен қорқып, Сәбит менің жасымды бір жасқа үлкейтіп, ауылдық кеңестен қағаз алыпты. Шынында мен 1910 жылы туғанмын.
– Онда биыл да, келесі жылы да тойлаймыз, апа.
– Мені тойлап қайтесіңдер. Онсыз да тойлар жеткілікті ғой. Оның үстіне теледидарда биыл да, ендігі жылы да ауыр болады, ақша дағдарысы келді деп жатыр ғой. Ойын-тойларды қойып, сол қиындықтан аман шығайық, айналайын.
Міне, жыл сайын 8 наурызда Мәриям апайды осындай аналығы, даналығы үшін ең алдымен құттықтаймын.
Одан кейін Сәки Бекбаева, Ишағы Жағыпарова, Хантай Елубаеваларға (Павлодарда тұрады) кезек-кезек телефон соғамын. Бұлар менің Халимаммен қыз күндерінде балалар үйінде бірге тәрбиеленіп, бір интернатта оқыған, одан кейін Отан соғысына қатысқан кешегі қаһарман қыздар.
Бұлардан кейін Ұлы Отан соғысын басымыздан бірге өткізген, кейін Қазақстанның қаржы саласында үздіксіз қызмет етіп, көп жылдар республиканың қаржы министрі болған марқұм досым Рымбек Байсейітовтың бәйбішесі Мақышқа, майдангер досым, Кеңес Одағының Батыры, өзімнің “Батырдың өлімі” кітабымның бас кейіпкері Махмет Қайырбаев марқұмның жан жары, Павлодарда тұратын Сабираға телефон соғамын. “Махаббат, қызық мол жылдар” кітабымның бас кейіпкері Меңтайдың прототипі, университетті бірге бітірген, қазір Кентау қаласында тұратын Нұрғамила Нұрбосынова ханымды да ұмытпаймын.
Сүйікті келіндерім Күләш Кәкішеваны, Құралай Досанованы, Күләш Байжанованы, Муза Смағұлованы, Зәрә Ыдырысованы, Нұрсәуле Сабильянованы (Астана), Ұлды Тұрғараеваны (Петропавл), аға-досым әрі кейіпкерім Бауыржанның келіні Зейнепті, соғыста фашист танктерімен шайқаста оққа ұшқан, өз зеңбірегімнің көздеушісі, қатардағы қаһарман Баймолда Қанапияновтың қарындасы Зейнепті және басқаларын құттықтаймын. Барлығы 20 адам.
Бұлардан басқа өз қыздарым, келіндерім, құдағиларым бар. Сонымен 8 наурыз күні таңғы сағат 10-нан кешкі 10-ға дейін соларға телефон соғып, сол кісілермен сөйлесуге, жылы лебіздер айтып, көңілдерін көтеруге, шамам келгенше қуантуға тырысамын.
Бұл менің жылдағы әдетім. Биыл да сөйтемін. Бұл тізімнің жуан ортасында қымбатты қарындасым, мемлекет қайраткері, Алматыдағы мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Шәмша Беркімбаева да бар. Шәмша ханымға телефон соққанда, ол кісінің өзін ғана емес, қол астындағы оқып жатқан барлық қазақ қыздарын, болашақ ұлт аналарын, болашақ жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуші ұстаздар есебінде қоса құттықтап, олардың ұстаздық қызметтерінің жемісті болуына тілектестік білдіремін. Ректор арқылы сол университетте қызмет істеп жатқан әйел ұстаздарға ағалық тілек, сәлемімді жолдаймын. Осыдан тура төрт жыл бұрын бұл университет (ол кезде институт болатын) қауымының маған “Махаббат президенті” деген жоғары атақ бергендерін ұмытпайтынымды және айтамын.
Осы жерде биылғы құттықтау тізіміне тағы бір жақсы әйелді қосқанымды айта кеткім келеді. Ол кісі Алматыдағы Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ректоры, профессор Сәлима Құнанбаева ханым. Жақында ғана, 19 ақпанда, осы университет ұжымымен менің кездесуім болды. Кездесуде маған “Махаббат патшасы” деген жаңа атақ берілді. Сол кездесуге қатысқан барлық әйел ұстаздарды ректормен қоса құттықтап, алғыс айтуды “патшалық” борышым деп білемін.
Әйелдер күнімен қарайлас жазылып отырған бұл мақала менің ер азамат есебінде, жазушы ретінде әйел қауымының алдында беріп отырған есебім сияқты да болып көрінеді.
Адамзат жанының ұлы күші махаббат қой. Махаббат туралы дүние жүзінде жазылған кітаптар көп. Бұл мәңгілік тақырыпқа әр жазушы өз заманында өз үлесін қосты. Менің қосқан үлесім “Махаббат, қызық мол жылдар” романы мен “Мәңгілік махаббат жыры” кітабы. “Мәңгілік махаббат жырының” шыққанына үш жыл болды. Ал “Махаббат, қызық мол жылдардың” жарық көргеніне 39 жыл толды. Осыдан бір ай бұрын “Санат” баспасы бұл кітаптың оныншы басылымын жарыққа шығарды. Сонда бұл кітап әр төрт жылда бір рет қайта басылып шыққан екен.
Күні кеше ғана маған Түркиядан телефон соқты. Менің “Махаббат, қызық мол жылдар” кітабымды түріктер өз тілдеріне аударып шығарғалы жатқандарын хабарлады. Әйелдер мерекесі қарсаңында келген бұл хабарға қатты қуандым. Өйткені, ешбір еркек әйел алдындағы борышын ешқашан өтей алмайды. Мен бұл екі кітабым арқылы әйелдер алдындағы, махаббат майданындағы өз борышымның мыңнан бір бөлігін орындадым ба деп ойладым. Орындай алдым ба екен?!
Биылғы 8 наурыз мерекесі дүние жүзіндегі қаржы дағдарысымен қатарлас келіп отыр. Қаражат дағдарысы ең ауыр ахуал. Өйткені, ақша – мемлекеттің қаны. Қаны азайған адамда күш те, қуат та, қайрат та болмайды.
Халқымның “қаны азаймау” үшін Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен мемлекет елеулі қор жинақтады. Үкімет кейбір банктерге қолдау көрсетті. Басқа да ауқымды шаралар жасады: қалалық, аудандық, облыстық әкімдіктер азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек бұйымдарының бағасы қымбаттамауын қас қақпай бақылап отыр.
Қаржы дағдарысына қарсы күреске әйелдер де аянбай атсалысып жүр. Ал әйел жеңбейтін қиындық жоқ. Әйел алмайтын қамал жоқ. Әйел жетпейтін жеңіс жоқ.
Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде біз неміс фашистерін қарудың, халықтар достығының қуатымен, ел еңбеккерлерінің ерлігімен және әйел махаббатының күшімен жеңген болатынбыз.
Өзгелерін айтпағанда, соғыстағы солдаттарға елдегі қыздардан келген хаттар қаншама қуат беруші еді. Елдегі сүйген қызымыздан алған әрбір хат жаныңды жадыратып, қуантып, күлдіріп, жігеріңді арттыратын. Майданға келген махаббат хатының күшін өз басынан кешкендердің бірі менмін. Мен сүйген қызым Халимадан хат алған сайын қайраттанып, жігерленіп, құстай ұшушы едім. Зеңбірегімнен зымыратып фашистердің басына снаряд төгетінмін. Жау танктерімен аянбай атысатынмын. Жауынгерлік жалынды өлеңдер жазып, өзгелерді Жеңіске тез жетуге шақыратынмын. Менің “Атамыз Жамбыл ақынға” деп майданнан жазған өлеңім мен Жамбыл атамыздың “Жүз жасаған жүректен” деген жауап өлеңі “Социалистік Қазақстан” газетінің 1943 жылғы 30 май күнгі санында қатар басылған. Бұл екі өлең ұлы Жамбыл атамыздың жинақтарында күні бүгінге дейін бірге басылып келеді. Бірақ, жақсы ақын болу қолымнан келмеді, жаман ақын атану да ұят. Сондықтан соғыстан кейін өлеңді қойып кеттім ғой.
Мәртебелі махаббат мені де, менен басқа миллиондаған жауынгерлерді де жігерлендіріп, Жеңіске жеткізген еді.
Қазір Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтқожина, Ханбибі Есенғараева, Күләш Ахметова, Жұмагүл Солтиева, Айгүл Кемелбаева, Роза Мұқанова сияқты ақын, жазушы әйелдер өздерінің жалынды жырлары, прозалық серпінді шығармаларымен халқымыздың жанын сусындатып, жігерін жанып, қуатын күшейтіп келеді. Мен өзім жақсы білетін қаламгер әйелдерді ғана атап отырмын. Мен білмейтін отбасын өрге сүйреп, қоғамға қомақты қызмет етіп, халыққа қамқорлық жасап, ел үшін жан аямай еңбек етіп келе жатқан қайраткер, кәсіпкер әйелдер қаншама! Мен олардың аттарын білмеймін. Тек қана теледидардан көремін. Істеп жатқан істеріне сүйсінемін. Олар алып жатқан асуларға қуанып, іштей риза боламын.
Қазақстан әйелдері өздерінің ісмерлігімен, іскерлігімен, ақыл-білімімен, даналық қасиетімен, жалынды махаббатымен ер азаматты демеп, септесіп, бұл қиындықты да жеңетініне күмәнім жоқ. Иә, әйелдер қауымының ақыл-парасатының, адамгершілігінің күшімен, халқымыздың бірлігінің, ұйымшылдығының қуатымен бұл дағдарыстан шығып, ертедегі отқа өртеніп, жасарып, қайта тірілетін атақты феникс құсы сияқты қайта түлеп, жаңа жеңістерге жететінімізге шексіз сенемін.
Ең соңында барлық Қазақстан әйелдерін халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын.
1922 аштық жылында туып, 1932 жылдың аштығынан аман өтіп, төрт жылға созылған қанды соғыстан тірі қалып, қазақ халқының ежелгі арманы Тәуелсіздікке қолы жеткенін көріп, сол тәуелсіздікті нығайтуға азды-көпті еңбек етіп, 87 жасқа шыққанымда аса ардақты әйелдер қауымын құттықтап отырғаныма, еліміздің ең бақытты адамдарының бірімін деп қуанамын!
Халықаралық 8 наурыз мерекесі құтты болсын, халайық!
Алматы.
8 наурыз тамаша мереке, көктем мерекесі, табиғаттың оянатын мезгілі, адамның бақыты мен махаббат кезеңі ", - деп атап өтті Н. Назарбаев.
Тип материала: | Документ Microsoft Word (doc) |
---|---|
Размер: | 109 Kb |
Количество скачиваний: | 9 |