Бала тілін дамытуда халық ауыз әдебиетінің алатын орны

Предмет: Обществознание
Категория материала: Конспекты
Автор:

Халық ауыз әдебиеті - талай ғасырлардан келе жатқан мұра, сарқылмас бай, асыл қазына, халық шежіресі. Онан халқымыздың өткенін білеміз, сол арқылы бүгінгі заманымыздың ұлылығын танимыз, халқымыздың батырлық, ерлік тарихын көреміз.Балабақшада бүлдіршіндерді ауыз әдебиеті үлгілерімен таныстырып, олардың рухани өмірін байыта түсу балабақша тәрбиешілерінің міндеті болып табылады.
Бүлдіршіндердің ой - өрісін дамытуға, қиялын шарықтатып, тіл байлығын дамытуда ауыз әдебиет үлгілері - ертегілер, жұмбақтар, жаңылтпаштардың тигізетін пайдасы ұшан - теңіз.

       Қиял дүниесінен туған ғажайып оқиғалы ертегілер, батырлық жырлар, өмір тәжірибесінің қысқаша қорытындысы – мақал - мәтелдер, ойға түрткі салатын сыр сандықты жұмбақтар, қиыннан қиыстырылған тақпақ – жаңылтпаштар - бәрі де балабақшада кеңінен пайдаланатын дүниелер. Бұлар балаларды елін сүюге, батылдыққа, адамгершілікке үйретеді. Балабақша бағдарламасында ауыз әдебиет үлгілері үйретуге баса назар аударылған. Онда оқылған ертегі, әңгіме мазмұнын жүйелі байланыстырып, әңгімелеп беруге үйрету, ертегі мазмұнында кездесетін кейіпкерлердің іс - әрекетіне сай образды сөздер мен диалогтарды, кейбір өлең шумақтарды бұлжытпай жатқа айта білуге, екі адамның диалогында кездесетін сұрақ, қорқыныш, талап тілектерді білдіретін сөздерге дауыс екпінін дұрыс қойып, мәнерлі айта білуге тәрбиелеу болып табылады.

 

ІІ.Негізгі бөлім


Қазақ халқының тұрмыс салтын, арман үмітін, өткен өмірін кеңінен танытатын ауыз әдебиеті үлгілерінің көлемді саласының бірі – ертегілер. Ертегілер өте ерте заманда, тіпті жазу сызу өнері болмаған кездің өзінде – ақ туған. Бұларды халқымыз күні бүгінге дейін ұрпақтан ұрпаққа ауызша да, жазбаша да жеткізіп келеді.Ертегінің өзіндік құрылысы, көркемдік ерекшелігі бар. Қандай ертегіні алсақ та, ол белгілі бір сюжетке құрылады, оқиға желісінің басталуы, аяқталуы, өзіндік шешімі болады. Ертегі баяу басталып, оқиға желісі күрделене түседі. Кейіпкерлер арасындағы қайшылықтар өрістей келе, әділдік үстемдік құрып, зұлымдық жеңіліс табумен аяқталып отырады.Әсіресе, адам өміріне байланысты іс - әрекеттер өткір сықақ - мысқылмен беріліп, бала сезімін селт еткізіп, күлкіге мәз етеді.
Балалар жағымсыз кейіпкерлердің жаман әрекеттерінен бойларын аулақ ұстап, жақсылыққа құмартады. Ертегінің осындай әр жақты сырын қызықты, тартымды бала санасына лайықтап жеткізу айтушының шынайы шеберлігіне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Солардың ішіндегі бастылары:
1. Қиял - ғажайып ертегілері
2. Хайуанаттар жайындағы ертегілері
3. Тұрмыс - салт ертегілері
4. Аңыз ертегілері
       Мектеп жасына дейінгі балаларға осы аталғандардың бастапқы екі түрі оқытылады. Ертегілер балалардың жас ерекшелігіне сай жоспарланады.
Кіші топтарда  ауызша әңгімелеп беру тәсілі қолданылады. Ересектер тобында оқығанды тыңдату мен әңгімелеп беру қатар жүргізіледі.
Мұндағы мақсат – ертегіні әңгімелеуге үйрете отырып, оқылған ертегіні шыдамдылықпен тыңдай білуге үйрету болып табылады.

Ертегілердің ішіндегі баланың қиялын шарықтатып, бала шақтың болашағын елестетіп, келешекке сеніммен қарауға тәрбиелейтін ең әсерлі ертегілер – қиял-ғажайып ертегілері. Ертеде «Ұшқыш кілем» ойлап шығарған халық енді «Зымыранның» өмірде бар екенін тілге тиек етіп, жұлдыздар мен планеталарды еркін аралайтын алыптар туралы ертегілер шығарды. Тұрмыс-салтқа байланысты ертегілер халықтың тарихи талаптарына байланысты туған. Онда бай баласы мен жарлы баласының таптық айырмашылықтары сөз болады, ақылды кедей мен сараң бай, қанағатсыз саудагер, ақымақ хан мен данышпан шаруаның іс-әрекеттері, мінез-құлықтары суреттелінеді. Батырлық ертегілерде елін қорғап, халқын қадірлеген ерлердің таңғажайып іс-әрекеттері баяндалады ,олардың ерліктері мен еңбектері, адамгершілік іс-әрекеттері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп айтылады.     Күлдіргі ертегілер, негізінен, Алдар көсе мен Жиренше шешеннің, Қожанасырдың есімдерімен байланысты. Ондағы кейіпкерлер сараң бай, зұлым хан, қаныпезер уәзір, қуақы құл, еріксіз қыз, еңіреп туған ер-азамат болып келеді. Онда зұлымдықты тапқырлық жеңіп отырады.Естігендерін қайталап айтып, қандай кейіпкердің бар екенін балалар айтып береді. Сонымен қатар сөздік жұмыс жүргізу, сұрақ-жауап ала отырып, сөздік қорларын байытып, әңгімелей білуге үйрету.Көркем шығармалармен балаларды ерте кезден таныстыру, оқыту тәрбиелеу істерінде қолданып отыру арқылы балаларды еркін сөйлеуге, түсініп, мәнерлеп айтуға дағдыландыру керек.

         Отбасында, ертегілер күнін белгілеп, сол күні әженің, не атаның ертектерін тыңдау немесе ертегі оқу, ертегілерді теледидардан көру, ертегі айтысу т.б. тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастыру қажет. Әсіресе, бұлдіршіндер мен балдырғандар, өрендер ертегілерді құмарта тыңдайды, үлкендердің ертегі айтып беруін өтінеді, ондайда баланың сағын сындырмай, бағын қайтармай, оларға ертегі айтып беруді үлкендер (әжелер, аталар, әкелер, аналар) борышым деп түсінуге міндетті. Халық ертегісі  балалардың  барлық ықыласымен сүйсіне тыңдайтыны, оның ғасырлар  бойы ұрпақтан-ұрпаққа айтылып, халықтың даналық, тапқыр ой-пікірлері жинақталып, әрі көркем, әрі жеңіл тілмен берілетіндігінде. Басталған жерден ақ оқиғасы қызықты, ұшқыр қиялды болып келеді де, баланың ойын бірден қызықтырып, жетектеп әкетеді. Халық ертегілері ішінде балалар арасына кең тарағаны, әсіресе сүйіп тыңдайтыны хайуанаттар жайындағы ертегілер. Хайуанаттар жайындағы ертегілердің қай түрін алсақ та балалардың ұғымына сай, түсінуіне жеңіл, күлкілі де қызықты болып айтылады. Ертегілерде балаларды қызықтырарлық және оларға ой саларлық  сипаттар бар, яғни, олардың мінез өзгешіліктерін, сырт көріністерін, күн көрісін байқайды. Есіту арқылы олар енді тікелей білуге, зерттеуге құштарланады. Мысалы: «Түлкі мен тауық», «Түлкі, қойшы, аю», «Түлкі мен ешкі», «Түлкі мен қарға», «Түлкі мен арыстан», «Түлкі мен қаз», «Түлкі мен құмыра» .т.б.  Мұнда  балаларға үлгі, өнеге боларлық терең ойлар айтылған. Айлалының қолына түсіп, мерт болудан сақтандырудың жолдары көзделген. Әсіресе, қиын-қыстау кезеңде асып-саспауға, не нәрсені болса да алдымен ақылға  салып шешуге үйретеді. Тапқырлыққа баулиды. Сондай-ақ, хайуанаттар жайындағы шағын ертегілер көбіне  мектеп жасына дейінгі балаларды әсіресе,  тапқырлық күлкілер мен қызықты жеңіл түйіндер мәз-мейрам етеді. Олардың эстетикалық талғамын күшейтіп, сөйлеу мәдениеттілігін арттырады. 

      Халық ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан, өзіндік ерекшеліктерімен танылған халықтың асыл ойының көркем жиынтығы - мақал мен мәтелдер арқылы да беріледі. Қазақтың мақал - мәтелдері негізінен елдікке, ынтымақ - бірлікке, адамгершілікке, инабаттылыққа тәрбиелейді. Халықтық шығармалар ішінде жұмбақтар үлкен рөл атқарады.Жұмбақтар баланы байқағыштыққа, тапқырлыққа баулып, ой - қиялын ұштастыруға көп әсер етеді. Халықтық шығармалар ішінде баланы дұрыс та, айқын сөйлеуге үйрететін, тілін жаттықтыруға бейімдейтін жанр – жаңылтпаш. Балалар жаңылтпаш арқылы сөздерді дұрыс сөйлеуге, жеке дыбыстарды алмастырмай дұрыс айтуға үйретеді.

Бала тілін дамытуда, ой - өрісін кеңейтуде халық ауыз әдебиетін балабақшада пайдаланудың маңызы зор.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Ғылыми әдістемелік педагогтік журнал
«Отбасы және балабақша»

 

2.Ш.Ахметов. Қазақ балалар әдебиеті. Алматы, «Мектеп»,

Тип материала: Документ Microsoft Word (doc)
Размер: 43 Kb
Количество скачиваний: 25
Просмотров: 135

Похожие материалы