Эссе "Менің педагогикалық ұстанымым"

Предмет: Иностранные языки
Категория материала: Другие методич. материалы
Автор:

Ботанова Гулжан Онгаровна

№3 Мәртөк орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі

Менің педагогтік ұстанымым

Әрбір бала - жарқыраған шамшырақ, оны жаға білген ұстаз ғана ұтады.

Мен бүгінгі таңда білім беру саласында 30 жылдай еңбек етіп келемін. Күн сайын алдымда пәк көздерімен жәудіреп отырған шәкірттеріме зер сала қараймын. Қараймын да ойланамын. Алға үмітпен талпынған олардың алдында менің де ұстаз ретінде үлкен жауапкершілігім бар екенін іштен сезінемін. Сондықтан менің өзіме қояр талабым, алдыма қойған мақсатым жоғары болуы тиіс, өйткені сол жарқыраған шамшырақты дер кезінде байқап, дер кезінде жаға білу – менің ұстаздық парызым.

Сыныптағы балалардың бірі зерек те алғыр, бірі енжар, бірі баяу, бірі тым пысық.

Ал, менің бәріне беретін білімімнің мазмұны мен қоятын талабым бірдей де, олардың мұны қабылдауы түрліше.

Елбасымыз: «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік тұр, оны арқалап жүрген – ұстаздар. Себебі еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен өлшенеді»,-деген еді. Олай болса, өркениет өзегі – білім, ғылым, тәрбие десек, бұл мәселеге де өз үлесімді қосуым керек деп ойлаймын.

Қазіргі таңда мектеп табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршін – ол ертеңгі қоғам мүшесі, болашақ иесі. Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанатын талмайтын етіп  қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.

Қандай рақат,  шын бақытын тапса  адам- деп ақын жырлап өткендей , шынымен де,   «бақыт» деген   кең ұғымның бір шеті мен үшін  осы ұстаз мамандығымен  ұштасып  жатыр. Ұстаз деген кім?  Ұстаз – шәкіртін  адалдыққа  баулушы, өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін себуші, жақсы мен жаманды үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, ең жақын  жанашыры әрі ақылшысы, досы әрі сырласы. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам тәрбиелеуші, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы.

Мен мұғалім мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Мектепте оқып жүргенде-ақ өзімді іштей дайындап, өзімнің болашағымды елестететінмін. Болашағыма нық сенетінмін.

Осы мен қандай мұғаліммін?  Мен – өз жасыма қарамастан заман ағысысына сай біліммен қаруланған, ой-өрісім жоғары, үздіксіз ізденісте жүрген, жан-жақты дамып, қалыптасып  келе   жатқан  қатардағы  жаңашыл  мұғаліммін.

«Жаңашыл  ұстаз»... Бұл атау  бүгінгі таңда педагогика   саласында   жиі  ауызға  алынып  жүрген  жаңа ұғымдардың бірі екендігі баршамызға аян. Қазіргі кезде жаңашыл мұғалім  ретінде даму - уақыт талабы.

Жаңашыл ұстаз ретінде көрініп, заман ағымына сай шәкірттерге мемлекеттік тілді меңгертетін тіл маманы болу үшін  жаңа технологияларды қолданудың тиімділігі өте зор. XXI ғасыр көшбасшысы – жаңашыл, ізденімпаз, шебер ұстаз. XXI ғасыр ұстазы бүгінгі күн талабына сай жан-жақты дамыған, өмірге реалистік тұрғыдан қарайтын, терең біліммен қаруланған оқушы тұлғасын сомдау үшін өзі де шеберліктің шыңынан көрінуі тиіс. Қазіргі таңда оқу үрдісінде қазақ тілін оқытуда сан-алуан жаңа әдіс-тәсілдер сапалы білім беруде үлкен рөл атқарады. Атап айтатын болсақ, «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясы сабақ барысында оқушыларға сапалы және терең білім беруде атқаратын қызметі орасан зор.

Заман талабына сай оқушыларға сапалы, тиянақты білім беру-мұғалімдер алдындағы үлкен міндет.Бұл әрбір мұғалімге тынымсыз  ізденісті,оқытудың жаңа формасымен, әдіс тәсілдерін тиімді пайдалануды қажет етеді.

Оқытудың осындай жаңа педагогикалық технологияларын сабаққа енгізу бүгінгі таңда әрбір ұстаздың басты мақсаты болуы керек. Себебі, елімізге заман талабына сай  ойлай алатын, шұғыл шешімдер қабылдай білетін, белсенді, шығармашыл азаматтар қажет. Сабақта тек білімділік мақсаттарды шешіп қоймай, балалардың жекелік қасиеттерін, қабілеттерін дамытудың жолдарын қарастыруда дәстүрлі оқыту мен дамыта оқытудың айырмашылығын салыстыру кестесі арқылы көрсетуге болады. Мұғалім бұл жүйемен жұмыс жасағанда, үнемі оқушы санасында болып жатқан өзгерістерді бақылап, оның дамуын жан-жақты зерттей отырып, өз сабақтарын соған сай өзгертіп отыруы тиіс. Әйтпесе, жаңа жүйенің еш құны болмайды, мұғалім еңбегі зая кетеді.

«Ұстаз шәкіртке күн болып көрініп, нұр болып төгілуі керек»- демекші, жаңа ғасыр мұғалімінің бойында  сергектік, байқағыштық, сезімталдық, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық, сабыр сақтау  сияқты қасиеттер  тоғыса келе , олар мейірімділік  атты  ұлы ұғыммен ұштасып жатса ғана  біздің еңбегіміз өз мәресіне  жетіп, «Ұлы ұстаз» деген  ардақты атаудың шын иегері болатынымызға кәміл сенемін.

Менің ойымша жаңа заман мұғалімі шебер, шығармашыл, ой өрісі кең, білімді, мәдениетті болу керек. Демек мен өз бойымдағы барлық жақсы қасиеттерімді оқушыларға білім беру мен тәрбиелеуде үйлестіре отырып, мінсіз оқушы шығаруым керек. Өз ойларын еркін жеткізе алатын, білімді, алған білімдерін өмірде қолдана алатын оқушыларды жетілдіру менің қолымда. Барлық мұғалімнің қолында.Ол үшін еңбек етуге дайынмын. Осы мақсаттарыма жету үшін ары қарай жұмыс істеу, шебер мұғалім болу тек қана өзіме байланысты. Сол себепті көп жұмыс істеуім керек. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу-бұл нағыз шеберлік емес пе?! 

 

 

 

 

Тип материала: Документ Microsoft Word (doc)
Размер: 36 Kb
Количество скачиваний: 109
Просмотров: 447

Похожие материалы