Презентация және бағдарлама тақырыбы "Блум таксономиясы"
Предмет: | Информатика |
---|---|
Категория материала: | Презентации |
Автор: |
Смагулова Анар Смагуловна
|
Блум таксономиясы бойынша оқу мақсаттарының негізгі категориялары
Бенджамин Блум – америкалық оқыту әдістемесінің психологі, Блум таксономиясының авторы. Пенсильванияда Ленсфорд қаласында туылған, 1935 жылы Пенсильван университетін бакалавр және магистр деңгейлерімен бітірген, 1942 жылы Чикаго университетінде докторлық деңгейін қорғады. «Блум таксономиясы» атты кітабында өз теориясын дамытқан: адами мінездеменің өзгеруі мен бірқалыптылығы және білім беру мақсаттарын жүйелеу.
1. 1. Оқу мақсаттарының негізгі категориялары:
1) Білім;
2) Түсіну;
3) Қолдану;
4) Талдау;
5) Синтез (жүйелеу, жинақтау);
6) Бағалау.
· 2. Блум таксономиясы бойынша категориялар мазмұны, сұрақтар мен тапсырмалар үлгісі.
І. Білу.
Таным мен ойлау деңгейі – төмен деңгей. (Слайдпен жұмыс)
Бұл категория мәлiметтердi қайталау немесе тану арқылы есте қалай сақталғанын тексеруге бағытталады, мағлұмат пен деректердi еске түсiредi.
Шәкірт:
· Қолданылған терминдерді біледі (есте сақтайды және қайталайды);ъ
· Нақты фактілерді біледі;
· Жұмыстың орындалу ретін біледі,
· Негізгі ұғымдарды біледі;
· Ережелерді, қағидаларды біледі.
Тапсырмалар түрі:
Не? Қашан? Қандай? Қайда? Формуласын жазу, атап көрсету, жабық тест тапсырмалары; қалдырып кеткен белгiлердi қою; жатқа айту; анықтамалар мен атауларды қайталау, олардың қолдану тәртiбiн айту.
Мысалдар:
- Ұлы Отан соғысы қашан басталды?
- Бастауыш деген не?
- Жай бөлшектер қалай жазылады?
- Египеттiң астанасы қай қала?
ІІ. Түсіну.
Таным мен ойлау деңгейі – орта деңгей. (Слайдпен жұмыс)
Оқу материалын түсінгендіктің ретінде келесідей әрекеттерді атқаруды атауға болады:
Трансляция – оқу материалын бір «тілден» екінші «тілге» ауыстыру (мысалы, математикалық формуланы сөзбен айтып беру; сөзбен келтірілген мәліметті кесте, схемамен көрсету, т.б.);
Интерпретация – оқу материалын «өз сөзімен» түсіндіру, қысқаша баяндау;
Жорамалдау – оқу материалдары бойынша әңгіменің әрі қарай не туралы болатындығын, оның салдары мен нәтижелерін болжау.
Шәкірт:
· Фактілерді, ережелерді, қағидаларды түсінеді;
· Сөзбен келтірілген материалды, схемалар, графиктер, диаграммаларды түрлендіреді;
· Сөзбен келтірілген материалды математикалық ұғымдарға өзгертеді;
· Берілген ақпарат бойынша болашақта туындалуы ықтимал салдарын сипаттайды.
Тапсырмалар түрі:
Қалай? Неліктен? Сөйлемді аяқтаңыз; сөйлемді өзгертіңіз; өзара байланысын түсіндіріңіз; айырмашылығын көрсетініз; өз сөзіңізбен айтыңыз; графикті, суретті түсіндіріп беріңіз.
Мысалдар:
- Х пен У арасындағы айырмашылық қандай?
- Батыс және Шығыс Қазақстанның рельефiн салыстырыңыздар.
- Түсiнгенiңiздi өз сөзiңiзбен айтып беріңіз;
- Зерттеуiңiздi таблица жүзiнде көрсетiп, қысқаша мазмұндап берiңiз;
- Шығарманың сюжетiн өз сөзiңiзбен әңгімелеп берiңiз.
ІІІ. Қолдану.
Таным мен ойлау деңгейі – орта деңгей. (Слайдпен жұмыс)
Бұл категория оқу материалын нақты жағдайда және мүлдем жаңа ситуацияда қолдануды меңзейді. Мұнда ережелерді, әдістерді, ұғымдарды, заңдарды, қағидаларды, теорияларды, практикалық тұрғыдан қолдану кіреді. Оқу нәтижелері түсіне деңгейіне қарағанда материалды тереңірек игеруді талап етеді.
Шәкірт:
- Ұғымдар мен қағидаларды жаңа жағдайларда қолданады;
- Заңдар мен теорияларды практикалық тұрғыдан нақты ситуацияларда қолданады;
- Әдіс немесе жұмыс ретін дұрыс қолданатындығын көрсетеді.
Тапсырмалар түрі:
Жасап көр; таблица, график жаса; қолдану мақсатын түсіндір; есепті бірнеше тәсілмен шеш, берілген гипотезаны тексер.
Мысал:
Оқушыларда метафора мен теңеу туралы түсiнiк бар (Білім), олардың айырмашылығы да белгiлi (Түсiну), ендi олар Абайдың “Қыс” өлеңiнде метафора мен теңеу қандай бейнелерді құрастыратындығын айтып беруi керек.
ІV. Талдау.
Таным мен ойлау деңгейі – жоғарғы деңгей. (Слайдпен жұмыс)
Оқу материалының құрылымы анық көрінуі үшін оны құрамдас бөліктерге бөлу: бүтіннің бөліктерін ажырату; бүтіннің бөліктерінің арасындағы өзара байланыстарды анықтау, бүтіннің қалайша ұйымдастырылғандығын сезіну. Бұл категория оқу материалының мазмұнын сезінумен қатар оның ішкі құрылысын қалайша құралатындығын меңзейді.
Шәкірт:
- Жасырын (көзге көрінбейтін) жәйттерді ашады;
- Ойдың өрбуінен қателер мен олқылықтарды айқындайды,
- Фактілер мен олардың салдарының арасын ажыратады;
- Ұсынылған фактілердің маңыздылығын айқындайды.
Тапсырмалар түрі:
Құрылымы қандай? Салдары неде? Топтастырыңыз; салыстырыңыз; себебін талдаңыз.
Мысалдар:
- Теореманың екi бөлiгiн салыстырыңыз.
- Зейнетақы реформасының мәнi қандай?
- “Ер туған жерiне, ит тойған жерiне”деген мақалды қалай түсiнесiз?
- Президенттің желтоқсан айындағы АҚШ-қа жасаған сапарының себебi қандай?
- Жердiң сатылуы туралы мәселенiң қазiргi күнi талқылануы нелiктен?
V.Синтез (жинақтау, жүйелеу).
Таным мен ойлау деңгейі – жоғарғы деңгей. (Слайдпен жұмыс)
Оқу материалының элементтерінен жаңашыл сипаттан бүтінді (нәтижені) құрастыру. Жаңа нәтиже ретінде оқу материалдарын мүлдем өзгеше реттейтін хабарлама (баяндама, сөз), жұмыс жоспары, схемаларды атауға болады. Мұндай оқу нәтижелері жаңа мазмұн мен жаңа құрылымдарды жасап шығаратын шығармашылық әрекеттерді қолдануды талап етеді.
Шәкірт:
- Шығармашылық тұрғыдан кішігірім шығарма (эссе) жазады;
- Тәжірибе жасаудың өзіндік жоспарын ұсынады;
- Қандай да болмасын проблеманы шешу үшін өз білімдерін шығрамшылықпен қолданады.
Тапсырмалар түрі:
Өз шешіміңізді табыңыз, алгоритм құрастырыңыз, баламасын табыңыз, бөліктерден құраңыз, жүйелестіріңіз, зерттеңіз.
Мысалдар:
1.Эссе, шығарма, өлең, шешендiк (ораторлық) сөз, сценарий, компьютерлiк бағдарлама жазу.
2. Мәлiмет бойынша барлық бiлiмдi тиянақтап, оны бiр жүйеге келтiрiп, жоспар немесе кесте құру (Тәжірибенi жоспарлап, нәтижесiн бақылау).
3. Ғылыми гипотеза (болжау) құрастырып, ұсыну.
VІ. Бағалау.
Таным мен ойлау деңгейі – жоғарғы деңгей. (Слайдпен жұмыс)
Оқу материалының маңызын анықтау, ол туралы өзіндік пікір келтіру, ойын білдіру. Бұл деңгей алдыңғы категориялардың оқу нәтижелелеріне қол жеткізуді меңзейді.
Шәкірт:
- Оқу материалы құрылымының логикасын жазбаша түрде бағалайды;
- Ішкі немесе сыртқы критерийлерге сүйеніп, оқу материалының маңыздылығын айқындатады;
- Жасалған шешімдер мен қорытындылардың берілген фактілерге сәйкестігін анықтайды.
Мысал:
«Сiздiң ойыңызша бұл дұрыс/бұрыс, маңызды ма/емес пе, жақтайсыз ба/ қарсысыз ба?» деген пiкiрталас, полемика мен дау-дамай туғызатын сұрақтар арқылы жүзеге асырылады.
№26 мектеп- гимназиясы
Орындаған: Смагулова Анар Смагуловна
Тип материала: | Презентация Power Point (ppt) |
---|---|
Размер: | 518.5 Kb |
Количество скачиваний: | 74 |