Если вы являетесь автором этой работы и хотите подтвердить её публикацию на этом сайте,
.
Оңтүстік Қазақстан облысы
Шымкент қаласы
№110 З.Хусанов атындағы жалпы орта мектебі
«Тарихқа құрмет – ұрпаққа міндет».
Орындаған: тарих пәні мұғалімі Н.П.Шамшиметова
2015ж
Қоғамның қазіргі даму кезеңінде әлеуметтік, саяси және жаңа технологиялық өзгерістер білім мен тәрбие жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеруде. Осыған орай, қоғамның ұлттық мәдени тұрғыдан кемелденуі жас ұрпақты өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлерімен тереңірек таныстыру, соның негізінде жеке тұлғаны қалыптастырып, оның шығармашылық, рухани мүмкіндіктерін дамыту көзделеді. Өйткені еліміздің болашағы, оның материалдық және рухани дамуы жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты.
Әр жасөспірімнің қалыптасып дамуына өзі күнбе-күн өмірден сезінетін, еститін, көретін заттары мен құбылыстары, оқиғалары үлкен орын алады. Соның ең негізгісі – қазақ халқының ұлттық-мәдени құндылықтары.
Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесі, танымдық мұрасы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, аңыз-ертегілері, жұмбақ, мақал-мәтел, өлең-жырлары, ұлттық ойындары ерекше тәрбиелік мәні бар, баға жетпес асыл қазына. Баланың жасырын, тіпті тым тереңде жатқан қабілеттерінің көрінуіне мүмкіндік жасау үшін оны оқытып, жан-жақты дамыту керек және оны тек оқыту үдерісі кезінде ересектердің басшылық етуімен жүзеге асыруға болады.
Педагогика ғылымы еш нәрсеге бейімі жоқ, қабілеті жоқ адам болмайды деп дәлелдейді. Сол себепті де балалардың қабілетін кеңінен өрістете дамытуға тек мектеп қана мақсатты түрде ықпал ете алады. Мектепте бірқатар пәндерді оқытуға байланысты бұл мәселе жан-жақты талданған. Кейбір пәндерде атап айтсақ, қазақ тiлi, әдебиет, математика, тарих, биология, музыка, еңбек, әскери дайындық сабақтарында халық педагогикасы құндылықтары: ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді тиімді пайдаланылуда. Жас ұрпаққа оқу-тәрбие үдерiсiнде халық педагогикасы құндылықтарын пайдалана отырып білім берудегі негізгі пән – қазақ тілі. Өйткені әрбір ұлт перзентінің өз ана тілін терең біліп, осы ана тілді көркейтуге үлес қосқан әрбір ақын-жазушыны терең білу, оның шығармаларын оқу – басты парызы.
Қазақтың көрнекті қайраткері, ірі тіл маманы Ахмет Байтұрсынұлы: «Кемшілік болмас үшін әр ұлт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін, өзге тілді оқыта бастайды» – деген еді. Демек, жас ұрпақтың ұлттық ерекшеліктеріндегі әдет, салт-дәстүрлерінен тәлім-тәрбие алуына негіз болатын – ана тілі.
Қазақ халқы ауыз әдебиетінің бай мұрасында баланың дамуына, жалпы тәлім-тәрбиеге ықпал жасайтын мол мүмкіндіктер бар. Бұл бай мұраны мұғалім баланың жас кезеңіне, дара ерекшеліктеріне сай, ұғымына байланысты ертегі, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, аңыз әңгімелер және алуан түрлі салт-дәстүрлерді педагогикалық тұрғыдан іріктей алуы керек. Балаға ұлттық тәлім-тәрбиені дер кезінде беру, меңгерту – мұғалімнің басты міндеті.
Халқымыз білім, ғылым жолының қиындығын «Оқу – инемен құдық қазғандай» деп бағалаған. «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп» деп білімді күннің нұрына балаған. «Өнер – бұлақ, білім – шырақ» дей отырып, өнер мен білімді қатар қойған.
Ана тілімізді басқа ұлт оқушыларына үйрету оңай жұмыс емес. Сондықтан басты мақсат – ана тіліміз оқушыларға ертеңгі күні үлкен өмірге араласқанда, оның қоғамдағы қызметіне көмегін тигізетін, жұмысында, күнделікті өмірінде қажетіне жарайтындай білім беру.
Айталық, география пәні бойынша өлкетану жұмысы арқылы оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызы өте зор. Шын мәнінде, географиялық өлкетану дегеніміз әркімнің өз үйінің табалдырығын аттап шыққанда табаны тиіп, қолмен ұстап, көзімен көретін табиғи заттарды, құбылыс болмысты түсініп білу деген сөз. Онсыз өмірдің мәні болмайды. Неғұрлым табиғатпен етене жақын жүріп, табиғи құбылыстарды зерттеп білуге құштар болса, адамдардың жан дүниесі бай, көңіл күйі сергек болады. Әрі Жер-ананың қадір-қасиетін білген адам өзін оның перзенті санап, оған жауапкершілік сезіммен қарайды. Ал мектеп оқушысын, яғни елдің ертеңгі азаматтарын оқытып-тәрбиелейтін орында географиялық өлкетану үйірмесі жұмыстарын бағдарламалық тұрғыда қарап, бұл бағытта дәйекті іс жүргізген ұстаздың мерейі үстем бола түсері сөзсіз.
Мектепте оқытылатын тарих пәнi өзiнiң негiзiн тарих ғылымынан алады, ал ол ғылымның аса маңызды салаларына жатады. Кез келген өркениеттi, дамыған елдер өз мемлекетiнiң барлық азматтарын тарихи бiлiммен қаруландыруға ұмтылады және оны алдымен өз халқының, өз елiнiң тарихын оқытып үйретуден бастайды.
XX ғасырдың 40-50 жылдары Кеңес елiнде, Қазақстан мектептерiнде тарихты оқытуда соғыс жылдарында КСРО тарихының Кеңес дәуiрiн оқытуға, әскери-патриоттық, интернационалдық тәрбиеге, елiмiз халықтарының бостандық, тәуелсiздiк үшiн жүргiзген күресiне, осы жолда халықтар арасында қалыптасқан ынтымақтастық пен достықты көрсетуге ерекше мән берiлдi.
Жеткіншектерді отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде мұғалiмнiң рөлi көрнектi орын алып отырғаны баршамызға аян. Себебi келешек ұрпақтың бiлiмдi, тәрбиелi және Отансүйгiш азамат болып шығуы мұғалiмдердiң өнегелi де өнерлi iсiне байланысты.
Баланың дүниеге көзқарасын, оның сенiмiн, адамгершiлiк қасиеттерiн тәрбиелеу үдерісiнде, бiлiм беру мен оқыту кездерiнде негiзгi рөлдi мұғалiм атқарады. Сондықтан да сабақ үстiнде жүрiп жатқан саяси-идеологиялық бағытты, сол сәтте ешкiм де өзгерте алмайды, себебi сол идеялық бағытты сабақ үстiнде анықтаушы – мұғалiм. Сабақтың барлық жүйесi ғылыми негiзде жүргендiктен, оқушының санасы сол тәрбие үдерісiнiң негiзiнде дамиды. Бала дүниеге белгiлi бiр қалыптасқан сана-сезiммен келмейдi. Себебi сана ең алдымен – қоғамдық жемiс, сол адамның қоғамдық өмiрiнiң барысында пайда болып дамиды. Атап айтқанда, баланың және оның санасының қалыптасуы өзi өмiр сүрiп отырған ортасы мен табиғатқа қатынасы арқылы пайда болады.
Оқушының санасы өздiгiнен пайда болмайды, ол тек қана ата-анасы мен мұғалiмдердiң тәрбиесi арқылы қалыптасады. Сондықтан мұғалiм өз мамандығының патриоты, ұйытқысы болу керек. Мұғалiм шәкіртті тәрбиелеп, бiлiм беруде сол оқушы жанының инженерi де, оларға адамгершiлiк қасиеттi ендiруде мүсiншi. Ол өз iсiнiң шеберi бола отырып, жоғары мәдениеттiлiгiмен оқушы мен ата-анасының сезiмтал досы болуы керек.
Тәжiрибелi және iсiне шебер мұғалімдер өз тәжiрибесiне сүйене отырып, өзi оқытатын пәндi бiлiп қана қою жеткiлiксiз екенiн мойындайды. Себебi мұғалiмдiк мамандықтың ерекшелiгi сол – ол оқушыға пәннiң мазмұнын баяндау кезiнде ғана тәрбиелiк ықпал жасап қана қоймай, сабақ үстiнде берiлетiн нұсқау, ақыл-кеңестерге қоса, өзiнiң өнегесi және iс-әрекеттерi арқылы, жеке басының қасиеттерi негiзiнде оқушыға ықпал жасауы керек.
Мұғалiм оқушы алдында беделдi, өнегелi болса, ондай адам оқушының ойында мәңгiлiк сақталады. Сондықтан да мұғалiм өзiнiң сол пән бойынша бiлiмiн дамытып, сабақтың әдiс-тәсiлдерiн арттырумен қатар өзiнiң мiнез-құлқына, сырт пiшiнiне де ерекше көңiл бөлгенi жөн, себебi оның мектепте, мектептен тыс кездердегi тәртiбi мен iс-қимылдары жүздеген көздердiң бақылауынан өтiп жатады.
Қоғамды демократияландыру және бiлiм берудегi реформаларды тереңдету жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкiндiктерiн дамытуда, адамгершiлiк пен салауатты өмiр салтының берiк негiздерiн қалыптастыруға, жеке басының дамуы үшiн жағдай жасау арқылы интеллект деңгейін көтеруге септiгiн тигiзедi.
Қоғамдағы түбегейлi өзгерiстер – бiлiм беру жүйесiнде, соның iшiнде мектепте Қазақстан тарихынан бiлiм беруде, жастарды азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйiспеншiлiкке тәрбиелеу, жаңа адамды қалыптастыру, дамыту және кәсiби шыңдауға бағытталған бiлiм алу қажеттiлiгiн жүзеге асыруды талап етедi. Отан тарихын оқытуда оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, олардың бiлiктерi мен шеберлiктерiн (iскерлiгiн) қалыптастыру, өздiгiнше бiлiм алуға деген ынтасын арттыру, оны өз тәжiрибесiнде жаңа жағдайларға байланысты қолдана алу, ой-пiкiрiнiң дербестiгi мен еркiндiгiн кеңейту – өте маңызды мәселелер болып табылады. Тарихты оқытуда оқушылардың белсендiлiгiн, өздiгiнше атқаратын ой-еңбегiн арттыруда оқушылардың өздiк жұмысы ерекше орын алады.
Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан тарихын оқып үйрену, бұл – тәуелсiз Қазақстанның азаматы ғасырлар тоғысында өзiнiң арғы-бергi тарихи жолын ой елегiнен өткiзiп, «Кеше кiм едiк? Бүгiн кiмбiз? Ертең кiм боламыз?» деген төңiректе ойлансын» деген болатын.
Бұл – әрбiр азамат туған елiнiң, туған халқының тарихы ешкiмнен де олқы еместiгiн түсiнсiн деген сөз.
Бұл – әрбiр азамат тарих қойнауына ойша тереңдеу арқылы өзiнiң ата-бабалары қалдырған осындай кең-байтақ жердiң лайықты мұрагерi болуға ұмтылсын деген сөз.
Қазақстанда тұрақты тұратын адамдардың Отаны – Қазақстан Республикасы. Адамның жақсы, бақытты өмiр сүруi көп жағдайда Отанға деген сүйiспеншiлiгiне байланысты. Отанын сүйе бiлген, Отанын көркейту үшiн аянбай еңбек еткен адамда бәрi де: үй-жай да, құрмет те, қызмет те, алға жетелейтiн шексiз арман да болады.
Отан адамның туып-өскен жерiнен басталады. Әркiмнiң туып-өскен ауылы, кентi, қаласы – оның кiшi Отаны. Ол – үлкен Отанның, Қазақстан Республикасының құрамдас бөлiгi. Өйткенi әрбiр ауыл, қала бүкiл Республикамен тығыз байланысты. Бүкiл елде болып жатқан тыныс-тiршiлiк оның түкпiрiнде де жалғасын табады.
Атамекен – халқымыздың ерте заманнан берi мекендеп, суын iшiп, өсiп-өнiп, өмiр сүрiп келе жатқан кең байтақ жерi. Атамекен дегенде алдымызға айдын шалқар көлдерi мен мөлдiр бастау қайнарлары, сарқырай аққан тасқынды өзендерi, алып таулары мен жасыл желек жамылған сыңсыған орман-тоғайлар, кең байтақ, ұлан-ғайыр далалар келедi. Бұл жердiң тарихы – Қазақстан тарихы. Н.Ә.Назарбаев: «Әрбiр адамзат тарих қойнауына тереңдеу арқылы өзiнiң ата-бабалары қалдырған осындай кең-байтақ жердiң лайықты мұрагерi болуға ұмтылсын» деген аталы сөз келтiрген.
Қазақ халқының өткен тарихы – ата-бабамыздың бостандық пен бақытты болашақ жолындағы ұзақ та ауыр күресiнiң тарихы.
Белгiлi ақын Сағи Жиенбаевтың Қазақстан Республикасының тәуелсiздiк мерекесiне арнап жазған «Елiм менiң» атты өлеңiнен алынған мына жыр жолдары:
Күндiз-түн шырылдаған құлын даусың,
Құдайдың құлағына жеткен шығар,
Көл болған көз жасыңды көрген шығар,
Ежелден елдiгiңе сенген шығар,
Ешкiмге залалың жоқ бейбiт ел ең,
Ақ адал пейiлiңе берген шығар,
Тербетiп тұрса болды жер – бесiгiм,
Дәулеттiң тiлемеймiн көл-көсiрiн, – деп, елiнiң өткенi мен қазiргi жағдайын дәл бейнелеген.
Қазіргі таңда еліміздің егемендігін нығайту мақсатында Отан қорғаушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру ерекше мәнге ие болып отыр. Қысқа мерзім ішінде өзінің тәуелсіз демократиялық Отанының сенімді қорғаушысы болу және қазіргі заман қару-жарақтарын меңгеру – өте күрделі іс, сондықтан мектеп партасынан бастап жас жеткіншіктерді әскери қызметке, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасының және өз халқының алдындағы азаматтық борышын өтеуге даярлау қажет. Бұл жерде мектепте оқытылатын алғашқы әскери даярлық курсының атқаратын қызметі зор, осы пәнді оқыту барысында Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында әскери қызмет өтеуге мүмкіндік беретін теориялық, практикалық және психологиялық даярлықтың негізі қаланады.
Оқушыларға алғашқы әскери даярлық беру жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге, өз Отанына деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға, қоғамдық іске жауапкершілікпен қарауға, әскери борышын өтеу үшін даярлауға бағытталған. Осы курс бойынша өтетін арнайы теориялық, практикалық, тактикалық және бақылау сабақтарында оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру назарда болады. Әрбір сабақта Қазақстан Республикасының Ата Заңы мен Қазақстан Қарулы Күштерінің негізгі қызметі туралы мағлұмат бере отырып, оқушылардың назарын өздерінің Отан қорғаудағы Конституциялық құқықтарына аудару қажет. Мұның өзі олардың Отан алдындағы борышын саналы түсінуге жетелейді.
Сабақта Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2005 жылғы 18 ақпанда Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Жолдауындағы сөздері арқылы да әскери-патриоттық тәрбие беру мүмкіндіктері бар:
«Біз баршаға барынша мүмкіндіктер беретін қоғам: әрбір адамның жеке басы мен бостандығын құрметтейтін, өзіне-өзі қызмет етуге жағдайы жоқ жандарды қамқорлыққа бөлейтін, қандай еңбекті болса да қадірлейтін, ана мен баланы қорғайтын, зейнеткерлерге қамқор болатын, ардагерлер мен Отан қорғаушыларды ардақ тұтатын қоғам құруды аяқтауға тиіспіз.
Біз ұлтына және діни наным-сеніміне қарамастан, әрбір қазақстандыққа салт-дәстүр, мәдениет пен дінді таңдауға ерік беретін еркін әрі ерікті қоғамның негіздерін нығайтуға тиіспіз.
Біз құқық қорғау органдары тыныштық пен тәртіпті қамтамасыз ететін, ал іскер адамдарға өз мақсатын іске асыруға мүмкіндік беретін қоғам құруымыз керек.
Біз әркімнің ар-ұжданы, абыройы мен беделі қадірленетін, мәртебелі мораль, этикалық негіздер мен рухани құндылықтар ірге тепкен қоғам құруға тиіспіз.
Біз жолымызды дұрыс таңдай білдік. Бұған бүгінгі қолымыз жеткен нәтижелеріміз айқын дәлел бола алады. Осы негізінде өзіміздің ілгері басқан жүрісімізді одан әрі жеделдете түсуге тамаша мүмкіндігіміз бар. Қазақстанды әлемнің дамыған әрі көркейген елдерінің қатарына қосатын жол осы» деген жасампаздықты көздеп отырған ұлағатты сөздер кімнің болса да сана-сезімін оятып, өзі өмір сүріп отырған қоғам үшін күресуге, еңбек етуге жұмылдырады.
Отансүйгіштік – адамның өзінің туып-өскен өлкесіне деген сүйіспеншілігімен қоса, үлкен достық жанұя құрайтын жүзден астам ұлттар мен ұлыстар мекендеп отырған біздің ұлан-байтақ Отанымызға деген сүйіспеншілік. Әр адамның Отанға деген сүйіспеншілігі осы жерде тұратын барлық адамдарға деген достық пен туысқандық сезімімен біртұтас болып табылады. Оқушыларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу нәтижесінде қандай ұлттың өкілі болмасын өзін біртұтас көп ұлтты мемлекеттің – Қазақстан Республикасының азаматымын деп сезінеді, Қазақстан Республикасының азаматы болуды өзіне тиген зор бақыт және үлкен жауапкершілік деп түсінеді. Отанға деген сүйіспеншілік әрбір оқушының белсенді өмірлік ұстанымымен ұласса ғана іс-әрекетке айналады. Сондықтан оқушылардың алғашқы әскери даярлық курсының білімді жақсы меңгеруінің өзі Отанға пайдалы талпынуының белгісі болып табылады.
Елiмiздiң Тұңғыш Президентi Н.Ә.Назарбаевтың өзi де «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасының «Қазақстан мұраты» бөлiмiнде: «Олар өз ұрпағының жауапты да жігерлі, білім өресі биік, денсаулығы мықты өкілдері болады. Олар, бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады». Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі, күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады. Бұл мiндеттер, Қазақстан Республикасының «Бiлiм беру жүйесiнiң мiндеттерi: Азаматтық пен елжандылық, сүйiспеншiлiк пен мемлекеттiк рәмiздердi құрметтеуге, халықтық дәстүрлерiн қастерлеуге, әлемдiк және отандық мәдениеттiң жетiстiктерiне баулу, қазақ халқы мен республикасының басқа халықтарының, тарихи әдет-ғұрпы мен дәстүрлерiн зерделеу, мемлекеттiк тiлдi меңгеру» деп айрықша аталып көрсетiлген.
Болашақта елiмiздiң тәуелсiздiгi тiлге тiкелей байланысты. Сондықтан да тiл мәселесiн әр уақытта алға қойып отыруымыз керек, «Тiлдi қорғау, елдi қорғау» деп айтқаны тегiн емес деп ойлаймыз.
Әрбiр мемлекеттiң болмысын айқындайтын, сүйенетiн рухани мұраты болуы тиiс. Бiздiң қоғамдағы бұл мұраттар өзгермелi, өтпелi сипат алуда. Дербес тәуелсiз ел болып қалыптасудың алғашқы жылдарында қазақ екенiмiздi өзгелерге таныту мәселесi алға шыққандықтан ұлттық идеология қанағаттандырады. Тәуелсiз ел ретiнде өзгелердi мойындатып болған соң, ұлттығымыздың өзiмiзге қажеттi мөлшерiн алып болған соң, қоғамның даму ерекшелiгiне сай, бұл күнде аса қажеттi болып отырған рухани азықты iздестiру үстiнде.
Бұл күнде ел болып еңсе көтерген елiмiздiң қауiпсiздiгi, бүтiндiгi мен дербестiгi өзектi болғандықтан отансүйгiштiк мәселесi алға шығып отыр. Қоғамның рухани жүгiн көтерушi үгiт-насихат құралдары осы бағытта жұмыс жүргiзуде. Отансүйгiштiк рух туралы «Бұрынғылардың елiне деген сүйiспеншiлiгi бүгiнгiлерден күштi едi» деген ел арасында кең тараған түсiнiк төңiрегiнде пікір-талас пайда болады. Иә, Кеңес Одағының қуаттылығына мақтаныш сезiмi күштi едi. Өйткенi ол қоғам бар азаматын жұмыс пен тұрмысына қажеттi материалдық құндылықтармен қамтамасыз ете алды. Халық алаңсыз өмiр сүрдi. Ол өзiндiк ой мен iзденiстен алыс, тұлға ретiнде даму деңгейi мен тiлегi шектеулi адамды қанағаттандырған едi. Жалпы адамды ойланудан, өзiне деген сенiмiмен, өзiндiк менiнен айырып, тұлға емес, сұлба жасауды көздеген қоғам, өзi де сұлбаға айналып, көз алдымызда күйредi. Қоғамдағы төңкерiс, санадағы төңкерiске ұласып, жыл өткен сайын санадағы тұман сейiлiп келедi.
Отан, Отан!
Сен болмасаң не етер ем?
Мәңгiлiкке бақытсыз боп өтер ем
Өмiрден бұл өксуменен өтер ем. Құс ұясыз, жыртқыш iнсiз болмайды,
Отаны жоқ өмiрiнде оңбайды.
… Өзiн-өзi қорлайды да, сорлайды.
Тiрi адамға – сол қайғы.
Ақын М.Мақатаевтың Отан туралы ойлары осы шумақтарда кестеленген. Отансыз тiршiлiгiн елестете алмайтын бақытсыздығы мен ащы өксiгiнiң себебi сол ғана. Әкесiз, анасыз, жарсыз, перзентсiз өмiр сүруге бейiл, ал Отансыз мүмкiн емес.
Қорыта айтар болсақ, халық педагогикасы құндылықтарымыз әрдайым үздіксіз тәрбие мәселесінде адамгершілік, бауырмалдық, туыстық, қайырымдылық қағидаларын басшылыққа ала отырып үлкен мен кіші, ұстаз бен шәкірт, ата-ана мен бала арасындағы ынтымақтастық педагогикасын дәріптегендіктен, қазіргі ғылыми педагогика қағидалары да халықтық тәлім-тәрбиеден нәр алғанының айқын айғағы болмақ.