Зат есім түрленуі .

Предмет: Директору-завучу
Категория материала: Презентации
Автор:

Зат есім

(Қазақ грамматикасы бойынша)

Айналамызды қоршаған дүниедегі зат пен жан-жануар атаулыға, барша құбылыс пен оқиға-болмыс атаулыға есім, атауыш болып келетін сөздердің бәрі- зат есімдер. Лексикалық тұрғыдан алғанда зат есімдер өз алдына мағыналық дербестігі бар, заттық ұғымды білдіретін сөздер. Табиғат пен қоғамдық тіршіліктің қыр-сыры қаншалық алуан түрлі болса, олардың бас-басына дерлік атауыш ретінде жұмсалатын тілдегі сөздер де соншалық алуан түрлі. Зат есімдер тікелей сезім арқылы тануға болатын дүниедегі нақтылы нәрселерден (су, жылқы, айқай, тал, т.б.) бастап, адамның тек ақыл-ой қабілеттерінің жәрдемі нәтижесінде ғана түсінетін түрлі абстракт ұғымның (наным, шама-шарық, тентектік, ырыс) аттарын да білдіреді.

Зат деген ұғым тек күнделікті өмірде кездесетін әдеттегі жай нәрселерді ғана емес, табиғат пен қоғамдық өмірдегі ұшырасатын әр алуан құбылыстар мен уақиғаларды, ұғымдар мен түсініктерді де қамтиды (А.Ысқақов).

Лексикалық-семантикалық өрісі аса кең сөз таптарының бірі осы зат есімдер.

Зат есімнің жасалуы

Зат есім негізгі және туынды зат есімдер, күрделі зат есімдер болады. Туынды зат есімдер жұрнақтар арқылы жасалады. Мысалы: қой-шы, жақсы-лық, айт-ыс, т.б.

Күрделі зат есімдер бірігу, қосарлану, тіркесу арқылы да жасалады. Мысалы: өнеркәсіп, ауыл-аймақ, қант қызылшасы, т.б.

Зат есім тудыратын жұрнақтар

Қазақ тілінде зат есім болып саналатын сөздердің көпшілігі қосымша арқылы жасалатын туынды сөздер болып табылады. Ондай жұрнақтар үлкен 2 топқа бөлініп жүр:

1) Есімдерден зат есім тудыратын жұрнақтар:

-шы, -ші: ән-ші, аң-шы. Бұл жұрнақтар арқылы жасалған сөздер көбіне кәсіп, мамандық, бірдеңеге икемділікті білдіреді.

-лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік: жақсы-лық, шебер-лік, дос-тық, т.б. Ондай сөздер жалпылық, қалыптық, қатыстық мән білдіреді. –шылық, -шілік құранды жұрнақтар: егін-шілік, айырма-шылық.

-ша, -ше: бөлім-ше, маңдай-ша.

-шық, -шік: ойын-шық, үй-шік, т.б.

-ыл, -іл, -л: тарс-ыл, гүр-іл, т.б. Бұл жұрнақтар көбінесе еліктеу сөздерге жалғанып, сол құбылыстардың атын білдіреді.

-хана, -стан, -кеш сияқты араб-парсы тілдерінен енген қосымшалар: дәрі-хана, Қазақ-стан, арба-кеш, т.б.

2) Етістіктен зат есім тудыратын жұрнақтар:

-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе: бөл-ме, мін-бе, кес-пе, т.б.

-ым, -ім, -м: бөл-ім, тый-ым, тоқта-м, т.б.

-қы, -кі, -ғы, -гі: шап-қы, бұр-ғы, сүз-гі, т.б.

-ыс, -іс, -с: жең-іс, айт-ыс, тала-с, т.б.

-ық, -ік, -қ, -к: қаз-ық, көр-ік, сұра-қ, тіле-к, т.б.

-ақ, -ек, -қ, -к: қон-ақ, тіре-к, жат-ақ, т.б.

-ғыш, -гіш, қыш, -кіш: бас-қыш, сүз-гіш, қыр-ғыш, т.б.

-ын, -ін: жау-ын, түй-ін, т.б.

-ыш, -іш, -ш: сүйен-іш, қуан-ыш, т.б.

-уыш, -уіш: тырна-уыш, түйре-уіш, т.б.

-ман, -мен: оқыр-ман, көрер-мен, т.б.

Адамзат және ғаламзат есімдері

 

Тілдердің өзге жүйесінен, айталық, славян текті орыс тілінен түркі жүйелі тілдерді, соның ішінде қазақ тілінен ерекшелеп, даралап көрсетіп тұратын белгінің бірі- осы адамзат есімдері мен ғаламзат есімдеріне тән қасиеттер мен белгілер. Лексикалық мағына тек адамды, кісіні білдіретін зат есімдер ғана жіктеу есімдіктерінің барлық түрімен (мен, сен, ол, біз, сіз) предикаттық қатынаста айтыла алады, ал зат есімнің басқа түрлері болса, олар еш уақыт жіктеу есімдіктерінің бірінші, екінші жағымен предикаттық қатынасқа түсе алмайды. Солай болғандықтан да мағына жағынан «адам» деген жалпы ұғымның ішіне кіретін зат есімдерді 3 жақта бірдей жіктеп айтуға болғанымен, зат есімнің қалған тобы І, ІІ жақта жіктелмей айтылады. Мысалға, ұстаз, көрші, адам, Арман деген секілді адамға қатысты зат есімдерді алатын болсақ, бұларды кез келген жіктеу есімдіктерімен қосып, мен ұстазбын, сен адамсың, ол көрші деген тәрізді ретпен І жақта да, ІІ жақта да, ІІІ жақта да айта беруге болады. Ал енді өзен, надандық, бұрылыс тәрізді адамнан өзге барлық нәрселер мен құбылыстарға, жан-жануарға қатысты айтылатын зат есімдерге келсек, бұлардың жайы бір басқа. Мұндай зат есімдердің бірден-бірі өздерінің тура мағынасында жұмсалғанда, жіктік жалғауының І, ІІ жағын қабылдамайды.

Тип материала: Документ Microsoft Word (doc)
Размер: 78 Kb
Количество скачиваний: 8
Просмотров: 121

Похожие материалы