Инклюзивті білім беру назарда!
Предмет: | Директору-завучу |
---|---|
Категория материала: | Другие методич. материалы |
Автор: |
Баезова Гульнар Шакаевна
|
Ауыл мектебінде инклюзивтік білім беру назарда
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында инклюзивті білім беру жүйесін дамыту белгіленген. Алдындағы оқушылардың физикалық, психологиялық денсаулығын нығайту және сақтау жауапкершілігі мұғалімнің басты міндеті. Қазіргі таңда инклюзивті білім берудің нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық, ғылыми- әдістемелік дамуына көп көңіл бөлінуде .
Аталмыш бағдарламаның түпкі мақсаты, ең алдымен адами қасиеттерді қалыптастыру және дамыту.
Ғалымдардың және практик мамандардың зерттеу нәтижелері көрсеткендей, даму мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпы білім беру мектеп жағдайында әлеуметтенуі де, оқу материалдарын игеруі де табысты өтеді, олар балалар арасында көшбасшы да бола алады. Өкінішке орай , көбінесе ,осы «басқаша» балалар өздерін оқшау ұстап, бұл әлемнен бөлектеніп, көңіл-күйі біршама жайсыздау дискомфорт болады.
Инклюзивтік білім беруде балаға деген педагогикалық ықпалдың позитивтік мүмкіндігі , ол дер кезінде жоғарыда айтылған эмоциялық дағдарыстағы баланы байқап, көру болып , табылады.
Қазіргі демократиялық қоғамда әр адамның өзін өзі дамытуға, осы қоғамда айқындалуына, қабілетін шыңдауға, шығармашылықпен айналысуға таңдау бостандығы бар,өмірін толыққанды етуге, былайша айтқанда өз тағдырына қатысты субъект болып, өмірін мағыналы етуге құқылы.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Парамоновка орта мектебінде қалыпты дамудағы балалармен даму мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту интеграциясына қолайлы жағдай жасауды қолға алып, нормативтік-құқықтық, ғылими-әдістемелік, материалдық, педагогикалық кадр мәселелерін шешіп, бүгінгі күні инклюзивті бағытпен 4 жыл жұмыс жасаудамыз.
Оқыту практикасында , жасыратыны жоқ, кейбір педагогтардың оқушының ерекше қажеттілігіне және проблемасына немқұрайдылық таныта,елеп-ескермей, педагогикалық амалдары «қатып қалған» дәстүрлі, регламентті болған жағдайда, бұл балаларда шарасыздық, қауқарсыздық психология қалыптасады. Психофизиологиялық ерекшеліктері бар балалардың көбі қабілетті және жоғары жетістікке жете алады, мейлі ол интеллектуалды, шығармашылық немесе спорттық жетістік болсын.Тіпті ол балалар арасында көшбасшы да бола алады . Біздің осыған көзіміз жетіп отыр. Мектебіміздегі даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасайтын педагогтардың құзыреттілігінің арқасында , балалардың әлеуметтенуі , оқуы табысты өтуде. Дені сау, қалыпты дамудағы балалармен дамуында ауытқушылығы бар балалар тұлғааралық қатынас жүйесі өзгергеннен кейін, әсіресе соңғылардың ұжымдағы статусы көтерілсе, оқуда табысқа жетуге, шығармашылықпен айналысуға, денсаулығын нығайтуға, өзіне және қоршаған ортаға қатынасты өзгертуге, рухани-адамгершілік тұрғыда дамуына, әлеуметтенуіне мүмкіндік туады.
Мектептерде қалыптасқан стереотиптер көп. Оны бұзу өте қиын. Біз , Кеңес дәуірінде, 20-шы ғасыр бойы білім, тек білім ғана деп келдік. Ахмет Байтұрсынов «Білім білікке апаратын жол» деген. Қазіргі таңда білімнің көптігі емес, оның тиімділігі яғни, білік артып тұр, әсіресе интеллектуалдық жеткіліксіздігі бар балаға. Білімді алуын алар , ал ол оған қажет пе? Әсіресе, алған, жаттаған білімі жай бір керексіз ақпарат болса, баланың өмірлік қажеттілігіне ешбір қатысы болмаса. Дені сау , төрт құбыласы тең баланың бәрі математик, химик, физик болып кетпейді, ол айдан анық. Ал дамуында тежелуі , немесе интеллектуалдық дамуы қалыпты емес бала қайтеді?
Оқу бағдарламасын осы балалардың мүмкіндігіне қарай бейімдеп құрдық, сонымен қатар өткізілетін сабақтар балаға тартымды, қызықты болуына көп көңіл бөлеміз. Коррекциялық дамыта оқыту сыныптарында балаларға білім берудегі приоритет-әлеуметтендіру, іскерлік-әрекеттік тәжірибе, тартымды адами қасиеттер қалыптастыру.
Ең маңыздысы айналадағы дүние өзгерістерін адекватты түсініп, қатынас таныта алатын жағымды қасиеттері бар, мобильды тұлға тәрбиелеу деп, түсінеміз.
Ақпараттық-білімдік мектеп, салғыртты, немқұрайды болады, ондай мектепте приоритет эмоционалдықтан интеллектуалдығы басым болады, ал дамуында ауытқушылығы бар балаға бастысы жан жылуы, яғни жағымды эмоция, онсыз мүлде білім алып, қоғамға кіріге алмайды.Қажет жағдайда бала айналасында болып жатқанға өзінің қатыстығын білдіре алуға, өзіне ұнамайтынға қарсылығын білдіруге, жақсыға қуанып, табысты іске марқайып, басқаға көмекке келуге әзір болуға тәрбиелеу, үйрету. Білім бұл жағдайда өмірмен тығыз сабақтастықта болуы шарт. Мұғалім сол айналадағы өмірдің мазмұнын ескере отырып өз жұмысында импровизатор болуы тиіс.
Өкінішке орай, кейбір мектептерде проблемасыз оқушы құнды, проблемасы бар баладан құтылуға тырысады, басқа мектепке ауыстырады.
Ал, біздің инклюзивті сыныптарда проблемалы психофизиологиялық ерекшелігі бар бала- ол дарынды бала, құндылық болып табылады. Әр бала, құндылық болып қабылданады, ол үшін оның мүмкіндігіне және қажеттілігіне сай білім алуға жағдайлар жасалады. Педагог қандай да болсын баламен кездесуге, және де табысты педагогикалық әрекет етуге дайын болады.
Мектеп мамандарының бірлесе жасаған ізденіс амалдарының нәтижесінде біршама жетістіктерге жеттік . Алдымыздағы оқушылар көптеген жағымсыз әрекеттерін ұмытты, өмірге позитивті көзқарас қалыптасты, білім алуда да ілгері жылжуда. Сонымен қатар, оқушылар сабақтан тыс уақытында түрлі шараларға белсене қатысып, мектеп сахнасына шығып ән салып, би билеп, театрланған көрініс жасауда. Бұрынғы сыныптарында олар, әрине ондай белсенділік таныта алмады. «Алтын күз», Тәуелсіздіктің мерекесі, Жаңа жылдық шырша ертеңгілігі, Отан қорғаушылар күні сияқты шараларға оқушы лардың бәрі бірі қалмай өз деңгейлері шамасында түрлі өнер көрсетіп жүр.
6-сынып оқушылары вокалдық байқауға қатысып, диплом алды, аудандық сахнада өнер көрсетті, «Айгөлек» би тобы облыстық байқауға қатысып жүлде алды, сол бишілердің ішінде жоғарыда айтылған «ерекше» балалар бар. Спортпен айналысатын қаншама балаларымыз бар, аудандық, облыстық, республикалық жарыстардан жүлдемен келген «ерекше» оқушыларымыз бар.
Сонымен қатар, үй жағдайында оқитын, қимыл-қозғалысы шектеулі оқушымыз бар. «E-learning» электрондық оқыту жүйесі бойынша, арнайы бағдарлама орнатылған компьютер беріліп, оқушымыз интернет жүйесін пайдалана отырып, білім алуда.
Адам табиғаты дамуда кем қалған мүмкіндікті міндетті түрде басқа жағынан толықтыруы заңды құбылыс. Ғылымда компенсация деп аталады.
Біздің міндетіміз мүмкіншілігі шектеулі әр баланың табиғи толымды мүмкіндігін тауып, оны толық игеруге қолдау көрсету. Даму мүмкіндігі ерекше балалардың мұқтажын ескере жасаған жағдайлар өз жемісін беруде, балалар инклюзивті мектепте өзін еркін сезінуде, ал қалыпты дамудағы балалар толерантты қатынасты меңгеруде.
Парамоновка орта мектебі, коррекциялық сыныптар психологы Гүлнәр Баезова
Тип материала: | Документ Microsoft Word (docx) |
---|---|
Размер: | 28.6 Kb |
Количество скачиваний: | 15 |