Урок на тема "Ұрпақ-артта қалған із"

Предмет: Классному руководителю
Категория материала: Конспекты
Автор:

Сабақтың мақсаты: оқушы бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, адамгершілікке, кішіпейілділікке, адалдыққа, қайырымдылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: пікірлесу

Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап

Сабақтың көрнекілігі: презентация

Жоспар:

І. Ұлағаты халқымның дәстүрінде... («Бір шоқ жиде» хикаятында көрінетін салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-жоралғылар).

    ІІ. Бір шоқ жиде – бір атаның ұрпағы (адами құндылықтар, жолдастық, ағайынның бірлігі).

    ІІІ. Ағаш тамырымен мықты,

          Адам ұрпағымен мықты.

 Жүрісі:

Мұғалімнің кіріспе сөзі:

   Тәрбие сағатымыз жергілікті жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «Бір шоқ жиде» хикаяты негізінде өткізіледі. «Бір шоқ жиде» шығармасы қазақ халқының ерлік тарихын, туған ел мен өскен жердің қадір-қасиетін дәріптеп, ата-бабаның ой-арманын жеткізетін, өмірдің мән-мағынасы төңірегіндегі толғаныстарды алға тартатын қаламгердің тамаша туындыларының бірі. Жиде ағашы тамырын тереңге жаятын, әрі көп жеміс беретін өсімдік. Шығармада ұрпақ жалғастығы, халқымыздың сан ғасырлар бойы жинақталған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-тыйымдары көрініс табады. Сол себепті қаламгер туындысы «Бір шоқ жиде» деп аталған. Біздің бүгінгі пікіралысуымыз осы шығармада кездесетін салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдар мен адами құндылықтар төңірегінде өрбімек.

І. Ұлағаты халқымның дәстүрінде... («Бір шоқ жиде» хикаятында көрінетін салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-жоралғылар)

Сұрақтар:

1.      Баланы қырқынан шығару кезінде қандай жоралғылар жасалады? Мәні неде?

(Қырқынан шықпаған баланың еті мен сүйегі бірікпегенін білегінен ұстап байқауға болады. Олай дейтініміз, қырық күнге дейін баланы «тіл тиеді», «сұқ өтеді» деп тіл-көзден сақтаған, көрсете бермеген, яғни ана үшін де, бала үшін де қырық күн – қауіпті кезең. Қырқынан шықпаған бөпені көруге үлкендер де талпынбаған. Сол сияқты қырқынан шықпаған баланың көзі де біртүрлі тұманданып, қайда қарап тұрғаны белгісіз болып тұрады. Қырқынан шықпаған бала әлі жердің баласы болып есептелмейді. Баланы қырқынан шығарған соң-ақ оның екі көзі жылтырап, жан-жағына көз тоқтатып қарай бастайды. Білегін ұстағанда ет пен сүйегінің біріге бастағаны байқалады, яғни сәбиді қырқынан шығару –  ет пен сүйектің біріккеніне жасалатын құрмет.

Әдетте ұл баланы қырық күнге жеткізбей (37-39 күнде), қыз баланы міндетті түрде қырық күн толтырып барып, қырқынан шығарады. Тіліміздегі «әйел қырық шырақты» деген сөз де осы жаймен байланысты айтылса керек. Қалай болғанда да, ұл мен қыздың дене бітімі екі түрлі. Әйел мен ер адамның күш-қуатында, жаратылысында, дене құрылысында өздеріне тән ерекшеліктері бар, бір есептен қыз бала ұлдан қарағанда нәзік қой. Ұл бала болмысынан төзімді, қайсар дегендей, сондықтан ұл баланы қырық күнге жеткізбей шығара береді. Бала өміріндегі кез келген қуаныш тойларының  әрқайсысының ізгі тілегі, мақсаты, танымдық үлгісі бар. Бала мазасызданып жылағанда, дұрыс ұйықтамағанда  әжелеріміз «бала қырқын күтіп жүр» деп жатады. Шынында да, құдайдың құдіретіне шек жоқ, жаңағыдай мазасыз жылаңқы баланы барлық жөн-жоралғысымен қырқынан шығарса, жылауы тоқтап, тынышталатын болған. Мұндағы тағы бір ерекшелік, баланы қырқынан шығаруға арнап шақырылатындар – әйел адамдар, осындағы жөн-жоралғыларды әйелдер атқарады).

 

2.      Баланың қолына асық жілікті ұстатудың мәнісі неде, астарында не жатыр?

(Біреудің нәрестесін бауырына салу, яғни бала асырап алу — қазақтың ежелден келе жатқан ғұрпы. Бала асырап алу, негізінен, өз кіндігінен ұрпақ болмаған жағдайда жүзеге асырылған. Сондыктан да өз кіндігінен нәресте болмаса немесе балалары құтаймай, шетіней берсе, ондай шаңырақ жақын-жуықтарының бірімен келісімге келіп, баласын бауырына салатын болған. Қазақ салтына орай, бала асырап алушы, әдетте, той жасап, ер бала болса — асықты жілік, қыз бала асырап алатын болса — тоқпақ жілік ұстау ғұрпын істеген. Баланың қолына жілік ұстату олардың көпшілік алдындағы анты, уәдесі іспетті болған. Жұрт аддында балаға жілік ұстату арқылы екі жақ та бала алу, бала беру ісіне ризашылығын танытады)

3.      Сәби шетіней берсе, дүниеге келген нәрестенің тұруы үшін қандай ырымдар жасалады?

(қырық қазанның астынан өткізіп, қырық әйелдің емшегін емізіп, жаңа күшіктеген қызыл иттің бауырына салады).

      ІІ. Бір шоқ жиде – бір атаның ұрпағы. (адами құндылықтар, жолдастық, ағайынның бірлігі)

1.      Жеңгесінің өз бауырынан шыққан 30 күндік сәбиін қайынсіңлісі мен күйеу баласының бауырына салуының мақсаты неде? Сендердің көзқарастарың қандай?

2.      «Әке өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген нақылдың шығармаға қандай қатысы бар?

 Біздің ұлттық тәрбиемізде отбасы шешуші маңызға ие болды. Бір шаңырақтың астындағы әлденеше буын өкілдерінің әрқилы педагогикалық парызы болды. Ана ұлы мен қызын мейірбандыққа, бауырмалдыққа, әдептілікке, ізеттілікке, үй тұрмысына болысуға баулыса, әке мен аға батылдыққа, шаруашылыққа, ағайын-жегжатпен жарасымды қатынасқа, елжандыққа, табандылық пен төзімділікке баулыды. Ата мен әже ата-баба шежіресіне, өткен замандар тарихына, бабалардан қалған дәстүрлер мен рухани мұраға баулыды.

          ІІІ. Ағаш тамырымен мықты,

          Адам ұрпағымен мықты.

 Бүгінгі тәрбие сағатымыздан не білдік, нені санамызға түйдік? Адам бойында қандай жақсы қасиеттер болу керек деп ойлайсыңдар? (қағазға қасиеттерді жазып, ағашқа ілу).

     Міне, осы құнды қасиеттерді, атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-санамызды, әдет-ғұрпымызды бойымызға сіңіріп өссек, тамырымыз тереңге жайылып,  жапырағымыз жайқалған мынадай мәуелі бәйтерекке айналарымыз сөзсіз.

  «Ағаш тамырымен, адам ұрпағымен мықты» деп бабаларымыз айтқандай, сіздердің ата-аналарыңның артына қалдырар жарқын ізі болуларыңа тілектеспін! 

Тип материала: Документ Microsoft Word (docx)
Размер: 18.88 Kb
Количество скачиваний: 17
Просмотров: 116

Похожие материалы