"Менің өмірім-менің бақытым" психопрофилактикалық сабақ (7-11 сыныптарға)

Предмет: Школьному психологу
Категория материала: Другие методич. материалы
Автор:

Мақсаты: жасөспірімдердің өмірге позитивті көзқарасын қалыптастыру.

Міндеттері:

-          өмір құндылықтары жөнінде түсініктерді меңгерту;

-          өмірге құштарлықтарын дамыту;

-          оптимистік мінез-құлыққа тәрбиелеу.

 

І. Оқушылар Т.Айбергеновтың «Өмір» атты өлеңін оқып, «Бақытты өмір» туралы өз ойларын түйіндейді.

Өмір деген-көк мұхиттың толқыны,

Бір-бірімен жатқан шулап жалғасып,

Бір-бірімен жатқан тулап арбасып,

О, толқындар, арпалысып, алға шық!

 

Өмір деген мәңгі гүлдеп жататын,

Құштарлықтың толғағы мен көктемі.

Ешкім оған қоя алмайды нүктені,

Өмір деген сөйлем емес өйткені.  

 

ІІ. Анкета «Өмірге көзқарасың қандай?»

Мақсаты: оқушылардың өмірге деген көзқарасын анықтау.

 

1. «Өмірді» сүйесің бе?

a)      Өмірді сүйемін, мен үшін әр минуты қымбат.

b)      Кейде

c)      Айта алмаймын

2. Жасаған қателіктерді түзетуге болады деп ойлайсың ба?

a)      әрине болады

b)      білмеймін

c)      болмайды

3. Адам өмірінен қымбат нәрсе бар ма?

a)      адам өмірі бәрінен қымбат

b)      білмеймін

c)      ақша, байлық т.б.

4. Басыңа қиындық туса не істейсің? 

a)      Мойымаймын. Барлық қиындықты да жеңуге болады.

b)      Мәселені шешуге тырысамын (сенетін адамыммен ақылдасамын, т.б.).

c)      Қиындықты көтере алмаймын.

5. Өмірден түңілу дұрыс па?

a)      дұрыс емес

b)      білмеймін

c)      дұрыс

6. Айналадағы адамдармен қарым-қатынасың қандай?

a)      жақсы

b)      орташа

c)      нашар

7. Алдағы болашағыңнан не күтесің?

a)      ұзақ та бақытты өмір

b)      білмеймін

c)      ешнәрсе күтпеймін

 

 

 

ІІІ. Оқушылар І.Есенберлиннің «Өмір жолы» туралы пікірімен танысып, өз ойларымен бөліседі.

«Өмір жолы-көшкен керуен соқпағы тәрізді. Оның бұлтарысы да, жазығы да көп. Асуы қиын асқарымен қатар, төмен қарай құлдырап өтер ылдиы да болады. Керуен жолы кейде ұзақ, кейде қысқа келеді. Бірақ, қауіп-қатерсіз, қиындықсыз болмайды. Оламаған жерден жел тұрып, сұрапыл дауыл соғады, қалың жауын нөсерлей құйып, бұрын суы толарсақтан келер тайыз жыра, кенет сарылдай аққан, өткел бермес, долы өзенге айналады, көшті бөгейді. Бұндай бөгеттен тек шаршамайтын, талмайтын керуен ғана өте алады. Тоқтамай көшіп, өзінің деген жеріне жетеді».

 

ІV. Ситуациялық жағдаяттар

1)      Үйде үнемі түсініспеушіліктер болады. Ата-анаң бір-бірімен көп ренжіседі.

 Не істеуге болады?

2)      Жаның жабырқап, өзіңді жалғыз қалғандай сезінесің, өзіңе көңілің толмайды. Бұдан қалай шығуға болады?

3)      Біреу сені қатты ренжітті. Намысыңа тиетін сөздер айтты. Не істейсің?

 

V. Дәйексөз.

«Мың күнгі жұмақтан, бір күнгі тірлік артық» халық мақалын оқып, оқушылар талдайды. Жадтарында жүрген «өмір» құндылығына байланысты тағы басқа нақыл сөздермен толықтырады. 

 

VІ. Психологиялық жаттығулар

 

1. «Мен кіммін?» жаттығуы

Мақсаты: өзіндік бағасын арттыру, өзіне сенімділікті қалыптастыру, қоғамға қажеттілігін түсіндіру.

Жүргізілуі: Әр қатысушы қағаз бен қалам алып, «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап жазады. Мен-адаммын, мен-оқушымын т.б. кейін өзі ортаға шығып оқыған соң, қатысушылар оның тағы басқа жақсы сапаларын атап, тізімді толықтырады. 

 

2. «Сенің жақсы сапаларың» жаттығуы

Мақсаты: адамдардың бір-біріне сыйластығын, сүйіспеншілігін арттыру, өзіне сенімділікті қалыптастыру.

Жүргізілуі: жайлы музыка ойнайды. Барлық  қатысушылар бөлмеде еркін жүріп, бір-біріне кездесіп, комплимент алмасады, яғни серіктестерінің жақсы, өзі жоғары бағалайтын сапасын айтады. Асықпау керек. Әр қатысушының барлық мүшелеріне де айтқаны дұрыс.

 

3. «Болашақ» жаттығуы

Мақсаты: оптимистік көзқарасқа тәрбиелеу, алдағы өмірге ынталандыру, өзіне сенімділікті қалыптастыру.

Нұсқау: «Алдағы өміріңізде қандай мақсаттарға қол жеткізгіңіз келетінін жобасын жасаңыз. Енді сол мақсаттарға қол жеткізу үшін қандай қадамдар жасайтыныңызды жазып, топқа таныстырыңыз». Қатысушылар әрқайсының жобасымен танысқан соң, сол мақсаттарына жетуіне тілектестік білдіреді.

 

 

VІІ. Бейнеклип: «Өмір сүре береміз...» («жить будем дальше» интернет көзінен)

Оқушыларға «Өмір сүре береміз» бейнеклипі көрсетіледі.

 

 

 

VІІІ. Өзіммен-өзім тәсілі

«Мен барлық тіршілікпен байланыстамын» (Л.Хей аффирмациясы)

Психолог жай музыка қосып, оқушылардың көзін жұмып, еркін оырып, аффирмацияны тыңдай отырып, іштей қайталауларын сұрайды: «Мен жарықпын, қуатпын, қозғалыспын, қанық бояумын және махаббатпын. Мен өзімді шын болмысымнан да жақсырақпын деп қабылдаймын. Мен осы әлемдегі және өз өмірімдегі әр адаммен байланыстамын. Мен өзімді барлығы бірін-бірі жақсы көретін және қауіпсіз қоғамда өмір сүріп отырған дені сау, толыққанды тұлға ретінде көремін. Мен барлық әлемді біртұтасв тірлік ретінде бағалаймын және мен осы тұтастықтың бір бөлшегімін. Мен барлық тіршілікпен біргемін. Бұл осылай бола береді....»

 

ІХ. Түйіндеме.

Тереза ананың «Өмір туралы» ойтүйінімен танысып, жадында сақтау тапсырылады.

ӨМІР- ол МҮМКІНДІК, пайдалан оны,

ӨМІР- ол СҰЛУЛЫҚ, сүйе біл оны,

ӨМІР- ол ШАТТЫҚ, дәмін тат оның,

ӨМІР- ол АРМАНЫҢ, іске асыр оны,

ӨМІР- ол ШАҚЫРУ, қабылда оны,

ӨМІР- ол МІНДЕТІҢ, орында оны,

ӨМІР- ОЙЫН қызықты, ойыншысы бол,

ӨМІР- ол БАЙЛЫҒЫҢ, бағала оны,

ӨМІР- ол ӨЗ МҮЛКІҢ, сақтай біл оны,

ӨМІР- ол МАХАББАТ, ләззаттан одан,

ӨМІР- ол ҚҰПИЯ, шеше біл оны,

ӨМІР- ол АМАНАТ, ақтай біл оны,

ӨМІР- ол ҚИЫНДЫҚ, жеңе біл оны,

ӨМІР- ол ӨЗ ӘНІҢ, соңына дейін шырқай біл!

ӨМІР- ол КҮРЕС, күрескері бол!

ӨМІР- ол БЕЛГІСІЗ, ТҮПСІЗ, ТҰҢҒИЫҚ аяқ бас, оған қорықпа!

ӨМІР- ол СӘТТІЛІК, қас-қағымды пайдалан!

ӨМІР- ҚАНДАЙ КЕРЕМЕТ, қорлама оны, БАҒАЛА!

ӨМІР- СЕНІҢ ӨМІРІҢ, күресе біл, ОЛ ҮШІН! 

 

Х. Жүректен-жүрекке

Барлығы  шеңбер құрып, қолдарын кеудесіне қойып, «Өміршеңдік ережесін» айтады.

Жігер деген-МЕН,

Күш деген-МЕН,

Махаббат деген-МЕН,

Кешірім деген-МЕН,

Жастық деген-МЕН,

Құдірет деген -МЕН

Ақылдылық деген-МЕН,

Жарқындық деген-МЕН,

Бар ғажап деген-МЕН,

Бәрі маған байланысты,

Бәрі МЕНІҢ ҚОЛЫМДА. 

 

ХІ. Рефлексия

«Тілек шамы» тренингі. Барлық қатысушылар дөңгеленіп тұрып, бір-біріне тілек шамын бере отырып, жақсы тілектер тілейді.

 

Соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, психолог: «Өмір шамдарың сөнбесін» деп тілек білдіріп, шараны аяқтайды. 

Тип материала: Документ Microsoft Word (docx)
Размер: 31.56 Kb
Количество скачиваний: 20
Просмотров: 104

Похожие материалы