Психологиялық ағартушылық сабақ: "ата-анаңды ардақта"

Предмет: Школьному психологу
Категория материала: Другие методич. материалы
Автор:

Дәріс: «Алдымен сүй, ардақта, АТА-АНАҢДЫ!»

Ата-ана қадірін білмеген –

халық қадірін білмес

(Ғ. Мустафин)

Адамдар арасындағы қарым-қатынаста адамгершілік, әдеп-инабат үрдістерінің қаншалық кең жайылып, терең таралуы – ең алдымен олардың жеке отбасында өркен жаюына, яғни баланың ата-анасын жан жүрек қалауымен, саналы түрде ардақтап, құрметтеуіне, инабат тағылымын үлкендерден үйрене отырып, өздерінің үлкендерге деген қарым-қатынастарында оны мүлтіксіз жүзеге асыруына байланысты.

Адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік парызын бір сәтке де есінен шығармауында. Бұл жас ұрпақтың мәдениеттілігінің, әдептілігінің ғана емес, ең алдымен – адамшылығының белгісі. Ол жас болсын, жасамыс болсын баланың өмір бойы өтеумен болатын қарызы. Ата-ана келмес сапарға аттанғаннан кейін де, олардың рухы, аруақ алдындағы міндетін ұмытпаған бала ғана өзінің перзенттік міндетіне адалдық көрсеткен болып табылады. Ата-анасыз өмір жоқ, яғни адам жоқ. Демек, бала – ата-ана өмірінің жалғасы.

Әлемге әйгілі ғұламалар мен ақындардың ата-ана махаббаты, перзент парызы жайында тебірене айтпағаны, жазбағаны аз деуге болады. Олардан қалған асыл сөздер қаншама! Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусар бұлағы – АНА есіміне қатыссыз дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Ал, нәрестенің өмірінің нәрі – Ана сүті. Халқымыздың байырғы ұғымында баланың анасы алдындағы парызын өтеуі «Ана сүтін ақтау» деп аталады. Атақты орыс жазушысы М.Горькийдің «Дүниедегі асыл атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың сүтінен жаралған» деуі де сол шындықты меңзейді. Сондықтан, дүние жүзінің барлық елдерінде Отанға опасыздық жасау мен Ана сүтін ақтамау – ең зор қылмыс саналады.

Ата-ананың үміт-арманы баласымен бірге жасайды. Сол себепті олардың бар тілегі балаға бағышталған. Оның амандығын, үрім-бұтақты, бай-бақуатты, абыройлы болуын тілейді, өздері әл-қуаты кетіп, ауру-сырқаулы болып, қартайғанда сол баланың қайырын көріп, мерейіміз өссе екен деп армандайды. Ақыры, ең қастерлі тілектері: бала-шағаның алдында дүние салып, солардан топырақ бұйырса дейді. Осындай ата-ананы сыйлау, сәби шағыңда өзіңді олар қалай бағып-қақса қартайғанда оларды да солай алақанға салып, аялау, күту қандай ғанибет.

Бүгінде кейбір жастар ата-анаға ақша жағынан қарасуды өзінің перзенттік борышын өтегендік біледі. Ата-анасының баладан күтері жалғыз материалдық жәрдем емес, баласымен бірге болмаған күнде де жиі-жиі көрісіп, әңгімелесіп, мейірін қандыруды, бала-келінін, немерелерін көріп, тәңіріге шүкіршілік етуді аңсайды. Ата-ананың сөзін сыйлап, құлақ асу, пікірлес болу отбасы тірлігінің бір ғанибеті. Сол арқылы-ақ, бала ата-ананың мерейін өсіріп, өз ортасында төрден орын алуына көмектеседі. Керісінше ата-ана сөзін құлаққа ілмейтін, өзі тағы жөн білмейтін жетесіз бала олардың сағын сындырып, төрдегі басын есікке сүйрейді.

Отбасындағы психологиялық оңды ахуал, татулық пен тыныштық, жайдары қабақ, бейіл-береке – оның барлық мүшелерінің ырысы, ойға алған істерінің өрге басып, мақсаттарының жүзеге асуының кепілі. Балаларының ұрысқақ,жанжалқой, дөрекі-дөкірлігі әке-шешенің жатса-тұрса жадынан шықпайтын қаупі, азабы болады. Ондай ата-аналар үнемі алаңдаумен күн кешіп, қабақтарынан кірбің кетпейді. Олардың жанына өте-мөте бататыны - әлпештеп өсірген ата-анасын адам деп елеп, олардың ауру-сырқауын, қам-қайғысын бір сәт те болса қаперлеріне алмайтыны.

Бұған қарама-қарсы еңбекқор, кішіпейіл, жарқын мінезді болып өскен ұл-қыз ата-ананың қас-қабағына қарап, хал-жағдайларын айтқызбай аңғарып, ішім-жем, киім-кешек, ұйқы демалысын қадағалап, сәл нәрсенің өзінен олардың көңілін тауып, мерейін өсіреді. Демек, ұл-қыз ата-анасын, үлкендерді қуанышқа бөлеп, бақытқа кенелтем десе, алдымен әдепті болулары керек, өз жұмыстарын адал да тыңғылықты атқарып, отбасына кіріс кіргізіп, әке-шешесінің қарттығын қажетті тыныштықпен және дәулетпен қамтамасыз етулері қажет.

Ата-ана да адам, сондықтан олардың қателесетін, жаңылысатын, ағаттық жіберетін кездері болады. Әдепті бала ондай кезде зіркілдеп, дауыс көтеріп шықпауы қажет. Үлкендердің әлдеқалай істеген ісі, сөзі жаныңа қатты батса да сабыр етіп, өзіңді-өзің басып, ата-анаңның қасиетті мәртебесін, өзіңді дүниеге әкеліп, зор мехнатпен әлпештеп өсіргенін еске түсіруің, кешірімді болуың міндет.

Қай жерде де ата-анаға қызмет көрсетуге тиістілігіңді ұмыту әсте жарамайды. Кәдуілгі үй тіршілігі жағдайында киім-кешегін, керек-жарағын лып еткізіп алып беру, астына көрпе-жастығын төсеу, алдына дастархан жайып, кесесін ұсыну, қамшысын қолына ұстатып, атына қолтықтап мінгізу немесе сырттан келгенде түсіріп алып, атын байлау, шешенің ине-жібін тауып беріп, ас-суын әзірлеп көмектесу, кір жуып, қора-қопсы, ауланы, үйдің айналасын сыпырып-сиырып тазарту, саған немесе басқаларға дауыстап бірдеңе деп айтып жатса, тез үн қатып, жай-мәнісін сұрау т.б. ұл мен қыздың қалт жібермей атқаратын қарапайым әдеп-инабат талаптары ғана. Әсіресе, ата-ана ауру-сырқауға ұшырағанда немесе қартайғанда бала-шағасы өте сезімтал жүрекпен, шын пейілмен, ауырсынбай, тыжырынбай қызмет көрсетудің мәні зор. Айналасының жаңалығын айтып, өзінің іс-шаруасының жайынан хабардар етіп, үйге әкелген жаңа нәрселері болса, алдымен көрсетіп, қандай талап-тілектері болсын, сұрап отыру ләзім. Әдепті, адал ұл-қызының міндеті ата-аналарының тірісінде көрсеткен қызметімен бітпейді. Ата-ананы олар дүниеден қайтқаннан кейін де жиі еске алу, өсиет-аманатын орындау, ол кісілердің достарына құрмет көрсету – тәрбиелі ұрпақтың ізгі парызы және ақырында өз алдына жақсылық болып оралатын тәрбиелік нәтижесі құнды адамгершілікті іс.

Ата-ананың мүмкіндігімен санаспай, ананы-мынаны әпер деу, орынсыз талап ету жарамайды. Қысқа жіп күрмеуге кемей, жоқшылық қолбайлау боп жатса, оны түсінбей «сараңдығы» үшін жазғыру немесе «басқалардай дүние таба алмағанын» бетіне басу - әдептілік тұрмақ, адамшылық та емес. Мықты болсаң, «жоққа жүйрік жетпейтінін» мойындап, сабыр қыл, ата-анаңа қолғабысыңды тигізіп, жатпай-тұрмай еңбек етіп, дүниені өзің тап. Ата-ана алдындағы әдептілік – баланың бармақтай кезінен бойына табиғи дарыған қасиет болуы тиіс. Мысалы, шәкірт баланың оқуын жақсы оқуы, жолдастарымен жақсы қарым-қатынаста болып, ұстаздарына, мектептегі басқа да үлкендерге ілтипат көрсетуі, мектептің ішкі-сыртқы тазалығын сақтау, ауласын, айналасын көгалдандыру, түрлі қоғкамдық шараларға араласуы – ата-анасын сыйлаудың, үмітін ақтаудың белгісі, болашақта оларға сүйеніш, қамқор болар азамат өсіп келе жатырған нышаны.

Сайып келгенде, ұл-қыз әдептілігінің негізі – ата-ананы риза қылып, үнемі алғысын, батасын алуда. Сонда ғана үлкендердің мерейі көтеріліп, ұл-қыздың өркені өспек.

Ұлағатты сөздер

· Ата-ананы ұмытқан жас – опасыздың опасызы, рахымсыздың рахымсызы.

(Ғ. Мустафин)

· Баланың жақсысы – қызық, жаманы –күйік

(Абай)

· Ата-ананың қадірін білмеген – халық қадірін білмес

(Ғ. Мустафин)

· Ата-бабасын сыйламау – азғындықтың белгісі

(А.С.Пушкин)

· Баланың бас ұстазы – ата-анасы.

· Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер.

· Атаңа ауыр сөз айтпа,

Атыңа ауыр жүк артпа.

· Анадан артық дос бар ма,

Ашудан артық қас бар ма?

· Ата-анаңның қадірін – балалы болғанда білерсің,

Ағайынның қадірін – жалалы болғанда білерсің.

(халық мақалы)

Жаднама: «Ата-анам – ардақтым!»

· Ата-анаңды өмір бойы сыйла!;

· Ата-анаңа ауыр сөз айтпа;

· Ата-анаңның қателігін бетіне баспа;

· Өзгелердің ата-анасымен салыстырма;

· Оларды қалай жақсы көретініңді жиі айтып отыр;

· Күнде таңертең амандас;

· Үй шаруасына қолғабыс ет;

· Алыста жүрсең жиі хабарласып тұр;

· Ата-анаңа жаманат келтірме;

· Өзің есейгенде рухани, материалдық жағынан қарасып тұр!;

· Ата-анаңның достарын сыйла;

· Қартайған шақтарында көңілдерін аула!;

· Ауырып-сырқағанда қабақ шытпай бақ!;

· Олар қандай жағдай да сен үшін «ең асыл жандар» екенін ұмытпа!

Анкета : «Отбасы және ата-ана баланың көзімен»

1. Ата-анаң сенің сабағыңа қызығушылық таныта ма?

А. Әрқашан

Б. Кейде

В. Көбінесе анам

Г. Екеуі де

2. Ата-анаң сенің сыныптағы достарыңмен қарым-қатынасыңа қызығушылық таныта ма?

А. Әрқашан

Б. Кейде

В. Көбінесе анам

Г. Екеуі де

3. Ата-анаң мектеппен байланыс жасай ма?

А. Жиі

Б. Сирек

В. Көбінесе анам

Г. Тек мектепке шақырғанда

4. Қиын кезде кімге арқа сүйейсің?

А. Ата-анама

Б. Достарыма

В. Тумаларыма

Г. Мұғалімдерге

Д. Ешкімге

5. Сен мектепте не үшін оқисың?

А. Оқыған ұнайды

Б. Мұғалімдер ұнайды

В. Ата-анам мәжбүрлеген соң

Г. Сабақта қызықты болған соң

Д. Достарыммен араласу үшін

6. Бос уақытыңды кімдермен өткізесің?

А. Достарыммен

Б. Компьютер ойнаймын

В. Үйде отырамын (ата-анаммен)

Г. Кітап оқимын

Д. Қосымша сабақтарға барамын

Ж. Басқасы

«Олар да бір кезде бала болған»

Ата-аналар керемет адамдар.

Л.Хей

Маған қазір өздігімнен өмір сүретін, өзімді-өзім қамтамасыз етіп, өз мәселемді өзім шешіп және ата-анам бере алмаған нәрсені өзіме беретін уақыт жетті. Мен ата-анамның балалық шақтары жайлы көбірек білген сайын, соғұрлым олардың көзқарастарының шектеулілік себебін білемін. Оларды ешкім ата-ана болуға үйретпеген. Біз бен ата-анамыз арасында күнделікті мәселелер (келіспеушіліктер) туындап отырады, бірақ біздің қолымыздан келер нәрсе: олар қандай болса, сол қалпында сүюіміз қажет және олар да бізді осы қалпымызда жақсы көреді.

Мен өз қиындықтарым үшін ешқашан ата-анамды кінәламаймын және оларды құрметтеп, қалай өмір сүргісі келсе, солай өмір сүрулеріне еркіндік беремін.

Тип материала: Документ Microsoft Word (docx)
Размер: 162 B
Количество скачиваний: 9
Просмотров: 99

Похожие материалы